Биыл Қызылорда полицейлері жоғалған 22 жасөспірімді іздеп тапты

Биыл Қызылорда полицейлері жоғалған 22 жасөспірімді іздеп тапты, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Қызылорда қаласы полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторлары кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы, балалардың қадағалаусыз қалуының алдын алу, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған, қолайсыз және әлеуметтік осал отбасыларда тәрбиеленетін балалардың алдын алу іс-шараларын жүйелі түрде жүзеге асыруда.

Мәселен, жыл басынан бері басқарманың “102” арнасына үйінен шығып кетіп, қайта оралмады деген 22 хабарлама тіркелген. Аталған 22 хабарлама бойынша тәуліктің түнгі мезгілінде, яғни 23:00-ден кейін қоғамдық орындарда анықталған 9 кәмелетке толмаған жасөспірімдердің заңды өкілдеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігімен әкімшілік шара көрілді. 6 жасөспірімге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, қалған 16-на қатысты құжаттар жинақталып, номенклатуралық іске жолданды. Бірнеше мәрте белгісіз бағытқа кетіп қалу деректерін қайта қайталап жасағаны үшін 1 жасөспірім басқарманың БДБ есебіне алынып, қазіргі таңда Девиантты мінез-құлық балаларға арналған мектеп-интернатына жатқызылды, одан бөлек ата-анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы 3-бөлігімен (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау ) әкімшілік шара көрілді.

2024 жылдың төрт ай қорытындысымен қадағалаусыз және панасыз қалған 110 жасөспірім Қызылорда облысының Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.

– Үйден кетудің себептері әртүрлі. Кейбір балалар қаңғыбастыққа бейім немесе еркіндіктің дәмін татқысы келеді. Әсіресе ата-аналармен жанжалдан кейін. Құрметті ата-аналар, сіздерден балаларыңыздың уақытын бақылауды және оларды тәрбиелеу бойынша өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауды сұраймыз, – дейді басқарма бастығы Айдар Демегенұлы.