Биыл СҚО-да жедел уәкілдер іздеуде жүрген 11 қылмыскерді анықтады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қылмыс өткен жылдың қазан айында болған. Сағат 20:00 шамасында Петропавлдағы көлік жөндеу шеберханаларының бірінің қызметкері белгісіз адамның шабуылына ұшырады. Қаскүнем жәбірленушіні ұрып-соғып, одан 51 мың теңге алып, қашып кетті. Петропавл қалалық ПБ екінші полиция бөлімінің қызметкерлері Солтүстік Қазақстан облысынан тысқары шығып кеткен, осыған ұқсас қылмыстары үшін бұрын бірнеше рет сотталған Рудный қаласының 34 жастағы тумасын анықтады. Кейіннен белгілі болғандай, ол әртүрлі кішігірім жұмыстарда жұмыс істеп жүрген, еш жерде ресми тіркелмеген. Соған қарамастан, Петропавлдың жедел уәкілдері оның орналасқан жерін анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта күдікті қамауда отыр.
– Қылмыскерлерді іздестіру — криминалдық полиция бөлімшелерінің маңызды жұмыс желілерінің бірі. Әрбір факті бойынша полицияның өзге қызметтерімен және аумақтық бөлімшелерімен өзара іс-қимылда жедел-іздестіру іс-шараларының кешені өткізіледі. Мәселен, ақпан айында Орал қаласының түнгі клубында жасалған ұрлық үшін 27 жастағы іздеуде жүрген адам анықталды. Мәліметтерге сәйкес, жас жігіт би алаңында телефонды ұрлады деген күдікке ілінген. Ол өткен жылдың шілде айынан бері іздеуде болған. Сот төрелігінен жасырынып, бірнеше қаланы ауыстырып, ақыры Петропавл қаласында ұсталды, бұл туралы іздестірудің бастамашысына хабарлама жіберілді, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.