Ақмола облысында алимент төлемейтін 37 адамның орналасқан жері анықталды

Ақмола облысында алимент төлемейтін 37 адамның орналасқан жері анықталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Жыл басынан бастап Ақмола облысы ПД көші-қон қызметі басқармасында 98 іздестіру ісі болды. Жүйелі жұмыс нәтижесінде, туыстарымен байланысын үзген өңірдің 18 тұрғынының, алимент төлемейтін 37 адамның және басқа да 17 борышкердің орналасқан жерін анықтауға мүмкіндік туды. Мұндай азаматтарды іздеу үшін көші-қон қызметінің қызметкерлері учаскелік инспекторлармен бірлесіп кешенді жұмыс жүргізеді: іздеудегі адамдардың мекенжайларын, таныстарын және байланыстарын тексереді. Анықталған ақпарат одан әрі әрекет ету үшін сот орындаушыларына беріледі.

Содан кейін алимент төлемейтіндер табылғаннан кейін олар қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Берешек сот шешіміне сәйкес өндіріліп алынады.

Айрықша жағдайлардың бірі облыс тұрғынының өтініші болды. 19 желтоқсанда әйел полицияға хабарласып, оның бұрынғы жұбайы 2022 жылдан бастап ортақ балаларын асырауға алимент төлеу міндеттемесін орындамағанын хабарлады. Қазіргі уақытта берешек сомасы 2 миллион теңгеден асты. Іздестіру іс-шараларының нәтижелері бойынша борышкердің орналасқан жері анықталды.
Өз міндеттемелерін орындаудан жалтарған азаматтарды анықтау және жауапқа тарту жұмыстары жалғасуда.

Құқық қорғау органдары балалардың құқықтарын сақтау тек заңды ғана емес, сонымен бірге әр ата-ананың моральдық міндеті екендігіне назар аударады.