Алматы облысында бір кеште екі жаяу жүргінші жол-көлік апатынан қаза тапты

Алматы облысында бір кеште екі жаяу жүргінші жол-көлік апатынан қаза тапты, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Өткен тәулікте Алматы облысында екі жаяу жүргіншінің өмірін қиған қайғылы оқиғалар тіркелді. Екі жағдайда да құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, қажетті сараптамалар тағайындады.

Алғашқы апат Қаскелең қаласы маңындағы Алматы – Бішкек тас жолында тіркелді. Toyota Camry көлігінің жүргізушісі жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кетті. Өкінішке орай жәбірленуші ауыр жарақаттарынан оқиға орнында жан тапсырды.

Екінші қайғылы оқиға Іле ауданының Ынтымақ ауылында болды. Алматы – Өскемен тас жолында Lexus RX-350 көлігінің жүргізушісі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған тағы бір жаяу жүргіншіні қағып, салдарынан ол да сол жерде көз жұмды.

Құқық қорғау органдары көлік жүргізушілеріне жылдамдықты шектеу ережелерін сақтауды және жолда аса мұқият болуды ескертеді. Әсіресе кешкі уақыттарда және көріну шектелген жағдайларда ерекше сақ болу маңызды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге жолды тек арнайы белгіленген жерлерде өту қажеттігін, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау маңызды екенін тағы бір рет еске салады.