Абай облысында алимент төлемеген ана бас бостандығынан айырылды

Абай облысының Үржар ауданында алимент төлемеген ана бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Абай облысының Үржар ауданында тұратын әйел балаларына алимент төлеуден жалтарып келген. Әйел әкімшілік жауапқа тартылып, заңды жаза тағайындалды. Үржар ауданы бойынша сот орындаушылар мұндай жаза алимент төлемей жүрген басқа борышкерлерге сабақ болатындығы жөнінде айтты.

Бүгінге дейін әйел адамның балалары алдындағы қарызы 2,7 млн теңгеден асқан. Абай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сотының үкімі бойынша ҚР ҚК-нің 139-бабымен (Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару) бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, ҚР ҚК-нің 44-бабы 1 бөлігімен жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылған болатын. Бірақ әйел сот үкімін орындамаған.

– Абай облысы бойынша ҚАЖД Үржар аудандық №1 пробация қызметінің есебіне алынып, тәрбие жұмыстары өткізілгеніне қарамастан азаматша қорытынды шығармаған. Сот жүктеген міндеттерді орындамай, қасақана алимент төлемеген және жұмысқа орналасқысы келмеген. Үржар аудандық сот шешімімен борышкер әйел сот залынан бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігіне бас бостандығынан айыру жазасына сотталды, – деп хабарлайды пробация қызметінің аға инспекторы  Эльмира  Мукитанова.