Ұлты украин болғанымен, ол бүгінде қазақ тілінде еркін сөйлеп қана қоймай, қазақша ойлайтын деңгейге жеткен. Қазақ отбасына келін болып түскеннен кейін оның өмірінде үлкен өзгерістер басталып, жаңа мәдениетке деген қызығушылығы терең құрметке ұласқан. «Мен қазақтың украин қызымын» деп әзілдейді өзі.
Татьяна түскен әулет – көпұлтты болғанымен, болмысы толықтай қазақы отбасы. Жолдасы Максимнің әкесі Набидолла – қазақ, ал анасы Еленаның бойында неміс пен орыс ұлтының қаны бар. Соған қарамастан, бұл шаңырақта қазақтың салт-дәстүрі, жөн-жоралғылары қатаң сақталады. Татьяна үшін бұл орта жат емес, керісінше, өзін еркін сезінетін, қолдау табатын орынға айналған. Енесі оны келін ретінде емес, өз қызындай қабылдап, бар білгенін үйреткен. Ешқандай қысым көрсетпей, мейіріммен тәрбиелеу – Татьянаның жаңа өмірге тез бейімделуіне үлкен әсер еткен.
Оның айтуынша, қазақ халқының кеңпейілділігі тек отбасы деңгейінде емес, тарихи тұрғыдан да дәлелденген қасиет. ХХ ғасырда түрлі ұлт өкілі Қазақстанға күштеп қоныс аударылған кезде, қазақтар оларды жатсынбай, бауырына басқан. Осындай адамгершілік пен тектілік Татьяна түскен әулеттен де айқын байқалады. Сондықтан ол қазақ жерін «қасиетті мекен» деп ерекше құрметпен атайды.
Татьяна үшін қазақ асханасы – жаңа қырынан ашылған үлкен әлем. Бастапқыда тек қарапайым тағамдармен таныс болса, бүгінде ұлттық ас дайындаудың қыр-сырын толық меңгерген. Ет асу, тұздық дайындау, бауырсақ пісіру, қазы қайнату сияқты қазақтың ұлттық тағамдарын дайындауда тәжірибе жинаған. Оның айтуынша, қазақ тағамдарының басты ерекшелігі – қарапайымдылығында және ерекше дәмінде. Бұл асхананың табиғилығы мен шынайылығы оны қатты таңғалдырған.
Қазақ тілін меңгеру Татьяна үшін арнайы курс немесе міндет емес, табиғи процесс болған. Үлкен әулет ортасында жиі өтетін басқосулар, туыстар арасындағы ашық әңгімелер оның тіл үйренуіне үлкен ықпал еткен. Сонымен қатар ол қазақ халқының дәстүрлері мен салт-жоралғылары туралы өз бетінше көп ізденген. Беташар, тұсау кесер, сәлем салу сияқты рәсімдердің мән-мағынасын түсініп, оларды құрметтеуді үйренген. Бүгінде ол тек тілдік тұрғыда ғана емес, дүниетанымдық деңгейде де қазақы ойлауға жақындағанын айтады.
Татьяна қазақ отбасыларындағы ең басты құндылық ретінде бірлікті ерекше атап өтеді. «Қандай жағдай болмасын, ағайын-туыстың бір-біріне демеу болуы, қиын сәтте жанынан табылуы – мені тәнті еткен қасиет. Осындай үлкен әрі ұйымшыл әулеттің бір мүшесі ретінде өзімді әркез қорғанышы бар адам ретінде сезінемін», – дейді Татьяна.
Татьяна отбасы аясында ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенді. Ол мәдени жобалар арқылы қазақ тілін насихаттап, түрлі этнос өкілінің балаларына үйретіп жүр. Оның жетекшілігімен жұмыс істейтін «Вершина» мәдени орталығында «Театр көмегімен қазақ тілін үйрену» атты ерекше жоба қолға алынған. Бұл бастаманың басты мақсаты – балаларға тілді құрғақ ережелер арқылы емес, өнер арқылы, сахналық қойылымдар арқылы үйрету. Қазір әртүрлі ұлт өкілінен құралған топ қазақ тілінде шағын спектакльдер қойып жүр.
Сонымен қатар Татьяна есту қабілеті шектеулі жандарға арналған «Брависсимо» театрында да еңбек етіп, өнер арқылы адамдардың өміріне өзгеріс енгізуге үлес қосып келеді. Оның бұл қызметі тек тіл үйретумен шектелмей, әлеуметтік маңызы зор жұмыстардың бірі болып саналады.
Алдағы жоспарлары да ауқымды. Татьяна шәкірттерін республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі сахналарға шығаруды көздейді. Сонымен қатар ол қазақтың дәстүрлі ою-өрнек өнеріне ерекше қызығушылық танытып, болашақта оны театрмен байланыстырып, жаңа шығармашылық бағыт қалыптастыруды жоспарлап отыр.
Татьяна Капуованың өмір жолы – мәдениеттер тоғысының жарқын үлгісі. Ол өз таңдауы арқылы тек бір отбасының емес, тұтас қоғамның бірлігі мен татулығын насихаттап жүр. Оның «қазақша ойлап, қазақша сөйлейтін қазақтың Татьянасы болу» арманы – шынайы құрмет пен сүйіспеншіліктен туған мақсат.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы










