Таразда Дінмұхаммед Қонаевтың құрметіне қойылған ескерткіш ашылды

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 110 жыл толып отыр. Көрнекті тұлғаның құрметіне Тараз қаласында ескерткіш орнатылды.

Көзі тірісінде-ақ өз халқының зор ықыласына, құрметіне бөленген ұлы тұлға, кемеңгер Дінұхаммед Қонаевтың мерейтойында осынау елдік іс-өскелең ұрпақ алдындағы абыройлы міндет. Тараз төрінен ескерткіштің бой көтеруі ел деп туған тұлға алдындағы осы міндет пен борыштың орындалғанының көрінісі. Бұл келешегімізді бекемдеген елдік, игілікті де, өнегелі іске Әулиеата өңірінің қаншама тұрғындары өз үлестерін қосты. Қоладан құйылған ескерткіш құрылысына жүздеген Жамбылдықтар атсалысты.Өрелі сөзге ден қойып, өнегелі іске жұмылдырған бастаманың бастауында елдің ертеңін ойлаған ел ағалары, атпал азамматтар тұрды.   

Жамбылдықтардың осы қуанышына ортақтасуға Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларынан, Алматы және Түркістан облыстарынан келген қонақтар ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты.

Айтулы шараға арнайы келген Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, Д. Қонаев атындағы халықаралық қордың президенті Эльдар Қонаев сөз алып, Тараз қаласында тұлғаға ескерткіш қойылуы жамбылдықтардың жарқын ісі екендігін жеткізді. Шарада сондай-ақ, Д.Қонаевтың ұзақ жылдар сенімді көмекшісі болған мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенат А.Шабдарбаев, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі президиумының төрағасы, генерал-майор М. Телегусов және шараның құрметті қонақтары, Қазақстанға белгілі әскери қайраткерлер, генералдар да сөз алып, жамбыл жұртшылығын осынау тарихи күнмен құттықтады.

Аты аталған шара қонақтары мен облыс әкімі Нұржан Нұржігітов еңселі ескерткішті салтанатты жағдайда ашып, жиылған көпшілік Д.Қонаев ескерткішіне кезекпен гүл шоқтарын қойды.

Шара соңы Асқар Тоқпановв атындағы облыстық Қазақ драма театрының залында өткен салтанатты жиынға ұласты.

Осы орайда, Д.А.Қонаевтың 110 жылдық мерейтойына орай осыған дейін Д.Қонаев атындағы Халықаралық қордың Жамбыл облыстық бөлімшесі орналасқан ғимараттан облыс әкімдігі мәдениет, құжаттама және архивтер басқарамасына қарасты «Қонаев орталығы» қайта жаңғыртылып, ел игілігіне берілгендігін айта кету керек.