Күлтелі күрең, қоңыр үн

Ақын Талапбек Тынысбекұлымен та­ныстығым екімыңжылдықтың бас ке­зінде Алматыдағы Әдебиет институтында басталды. Ол кезде әдебиетті тану ғылы­мындағы ұстаздарымыз Зәки Ахметов, Тұрсынбек Кәкішев, Серік Қирабаев, Әбілхамид Нарымбетов, Шериаздан Елеу­кенов, Мұхаммедкәрім Жармұхам­медов, Асқар Егеубаев, Сейіт Қасқабасов ағайларымыздың көзі тірі еді. Жаратқан алдарынан жарылқағай! Құрманғазы көшесінің бойындағы сарғыш ғимарат­тың екінші қабатында жоғарыда аты атал­ған ғалым-ұстаздардың тәлімін бірге көр­дік. Ұстазымыз профессор Айгүл Се­рікқызы басқаратын Әдебиет теориясы бөлімінде тай құлындай бірге қызмет атқардық. Кейіннен мен аспирантураға түсіп Жаңасібірге кеттім, Талапбек ғы­лым мен ақындықты жанына серік етіп, қоғамдық істерін қатар атқарып Алма­тыда қалды. 

Содан бері, міне, ширек ғасырға жа­қын уақыт өтіпті. Уақыт өз заңдылығымен сынаптай сырғи береді. Бірақ ештеңеге бой алдырмайтын, уақыт патшаның екпініне ілікпейтін қасиет деген ұғым бар. Ол енді керісінше, уақытқа өз билігін жүргізбесе, оның ыңғайына қарай өзге­ріске ұшырамайды. Ал ақындарға да­ры­ған қасиет енді ол алабөтен бөлек әңгіме. Оның сыры сырт көз бізге де, тіпті ақын­ның өзіне де беймәлім болар. Десе де, біз білетін үлкен ақындарда үш қасиет болады. Ол адамдық атаулыға – адалдық, құбылыс атаулыға – сезімталдық, әділет­сіздік атаулыға – жаны қастық, дұрысы – күрескерлік. Адалдық! Сезімталдық! Кү­рескерлік! Осы үш қасиет Талапбектің тұла бойынан андағайлап көрініп тұрады. Тұла бойынан көрінген соң, өлеңінің қандай болмағы өзінен-өзі түсінікті. Өлеңі – өмірі, өмірі – өлеңі ғой. Бірінсіз-бірі жоқ. Тіпті кейде ойлайсың, мына өлеңін автор поэзия өрнегіне салып беріп отыр ма, әлде ойын суретке шырт еткізіп түсіріп, соның эскизін қайта салып беріп отыр ма деп. Ақынның мына төменде берілген «Қарашоқы» өлеңі оқырманын еріксіз әлгіндей ойға жетелейді. Бейне бір ауыл іргесінде қыраттау жердегі қара шоқыда отырып, төмендегі суретті автор­мен бірге салып отырғандай боласың. Зер салып оқып көріңізші:

ҚАРАШОҚЫ

Тамыздың желі бетіме өбетін,

Таң ата анам мосы керетін.

Бишігін әкем беліне алғанда,

Сарымойын саулық мекіренетін.

Қоралы отар сосын өретін.

 

Шатқалда өскен шұғұнығыңнан,

Шаттықтың шексіз сырын ұғынғам.

Суырлы сайдың самалы желпіп,

Сезбедім қырдың суығын ұрған.

 

Жылқылы жұртқа ұнағасын ба,

Арсылдайды арлан түн арасында.

Тұсамысымен тықыршып тұрар,

Тұмарлы торым тұма басында.

 

Тылсымы сан мың таудың ұқтыратын,

Ұларлар салған ән құнықтыратын.

Сары қымыз бөккен сабаның даусын,

Сабаудың үні жаңғырықтыратын.

 

Төрт түлік түгіл ғашық аңдар да,

Күреңше күлген жасыл аңғарға.

Қоснауа басын қорыс қылатын,

Бұғы бейбақтар ашылағанда.

 

Әр кезең сайын арлы ауыл қонған,

Асырған шыңы арманыңды айдан.

Жеңгелер алған бармағы балдан,

Сарыатан шөккен сарықарын майдан.

Айраның қайран, қаймағың қайран.

 

Тауын жыр етіп, тасын жыр етіп,

Әз жанын өтер ақын жүдетіп.

Шекілдеуікшіл шауқарғалардан,

Балқарағайдың басын күзетіп.

Мұның аты – шынайылық. Әсіресе, көркемөнерде, әсілі барлық өнер атау­лыда шығарманың өміршеңдігі осы шы­найылықпен өлшенбек. Оған барар жол­дағы автордың сенімді серігі әлгі айтқан сезімталдық. Онымен қоса ақын жады­ның күші, туған жерге деген сағыныш күші. Қазір қайсыбіріміз туған өлкеміздің алуан-алуан ерекшелігін тоқтаусыз баяндап бере аламыз. Оған қоса өлең сөзбен бір биігінен екіншісін аласартпай, арындатып төгілте аламыз. Бүгінгінің жады тіптен жадағайланып кетті емес пе! Классик қаламгер Әбіш Кекілбаевтың бір кейіпкері былай деуші еді ғой. «Әй, аруа­ғыңнан айналайын ата-баба, мал бағып, мақал шығарудан басқаны білмеген сендердің айтқандарыңды түгел орындап жүрсек те, басымыз бүйтіп айналмас еді-ау! Ести тұра ұқпай, ойымызда сайрап тұрса да ұмытып кетіп, Құдай атады ғой бізді». Иә, рас. Қазіргідей техногендік сана үстемдік құрған уақытта Талапбек өлеңдеріндегі ұлттың төл суреті, төл өмірі екібастан құнды. Талапбек өлеңдерінде бүгінгі күннің әттеген-айы мен балалық балдәуренге деген сағыныш қатар өріледі. Мұндағы өлең табиғатына сай үндестік пен үйлесім де шынайы, һәм көркемдік тұрғыдан эстетикалық мәнге ие. Төмен­дегі өлең орамдары соның айғағы:

КҮЛТЕЛІ КҮРЕҢ КІСІНЕМЕЙДІ

Күлтелі күрең кісінемейді,

Үкілемейді жұрт оны.

Шағыр ақжалым тісін егейді,

Түсіме енеді жылқы елі.

 

Бесімде міндім бекініп ерге,

Асаудың жалы – жастығым.

Есімде бәрі осы күндері,

Ат жалын тарту жақсы ырым.

 

Қыз қуар, көкпар, бәйгеден,

Әй, менен ешкім озбады.

Төрімдегі әбзел сәндеген,

Көңілдің шерін қозғады.

 

Жалғаннан бүгін жылқы ығысады,

Қамыс құлағын қайшылап.

Балақтың шаңы басыма ұшады,

Сауырдан терім тамшылап.

Әрине, біз өмірге келген Түркістанның Созақ өңірі де – қазақтың тығыз қоныс тепкен жері. Біз де бала күнімізде сақ­пан­ға шығып, жабағы сайыстан бір сәт қалыс қалған жоқпыз. Дей тұрғанмен, Талап­бектің жырындағыдай қаймағы бұзыл­маған қазақы өмірді көрмедік. Мұндайды тек кітаптан, ақын-жыраулардың бейнелі сөздерінен білдік. Мүмкін Талапбектің сөзінде де сондай әсерлі бояу қалың шығар… Кім білген. Дегенмен өлең сөзде түпнұсқа мен жапсырма бояу сөзді айыру әсте қиын емес. Ол қалай дегенде жұп-жұмыр тегіс келе бермейді. Бірден байқа­лады. Ал біз оқып отырған өлең жолда­рында жасандылық жоқ. Жақпа әсерлі бояу деген тіпті ойға келмейді. 

Жалғаннан бүгін жылқы ығысады,

Қамыс құлағын қайшылап.

Балақтың шаңы басыма ұшады,

Сауырдан терім тамшылап, – дейді. 

Мынадай тығыршық сөзден әсте ар­тық қырым ет таппайсыз. Әбден жарауы ке­ліс­кен дүние. Ақын өлеңдері соны­сымен құн­ды. Сонысымен жанға – қуат, рухқа – дауа.

ШЕКАРА

Туған жерім болғанмен тұрағым жоқ,

Оны ойлауға жетпейді шыдамым көп.

Көз алдымнан көлбеңдеп қайран дала,

Құлазиды көңілім, жылағым кеп.

 

Қалдырмадым бабамның шетте көшін,

Айтам өкпе ол үшін көпке несін?!

Үш аймақтан арыға апарса ғой,

Шіркін-ай,  шекараның шектемесін.

Сөз басында күрескерлік мінез туралы айттық. Талапбек өлеңдерінің жүз де тоқ­саны күрескерлік сарын. Тіпті, туған жерге деген іңкәрлігін де сол сарынға са­лып жырлайды. Ақынның мына «Шекара» өлеңі соның  бірден-бір айғағы. «Туған жерім болғанмен тұрағым жоқ» деген жалғыз тармақтың көтерген жүгі нендей зіл батпан деңізші!? Кіндік қаның тамған Ағажай Алтай да өз жерің, сөйте тұра жаттың табанының астында. Бүгінгі тіршілік еткен қазақ елің де өз жерің, сөйте тұра мұнда да басыбайлы баспаналы болу деген бір қиямет. Мұны атажұртқа алып-ұшып жеткен әрбір ақжүрек бүтін болмысымен сезінді, қала берді осындағы қара қазақтың басты зары да баспана, оны да біз құйқа терімізбен сезініп ке­леміз. Соны Талапбек ақын баршамыздың атымыздан «Туған жерім болғанмен тұра­ғым жоқ» деп бір ауыз сөзге сыйдыра біл­ген. Ақын шеберлігі деген дүние де осы.

Күрескерлік тақырыбын әрмен қарай жалғайық. «Қара құбыр» деген өлеңінде ақын мәселені төтесінен қояды. «Қара құбыр жаздырды қаралы жыр» дейді.

ҚАРА ҚҰБЫР…

Шекара асып барады қара құбыр,

Қара құбыр жаздырды қаралы жыр.

Жалқын мұңын жалғанның жасырады,

Салқын жонға жамбастап жаралы іңір.

 

Атар таңның қайырын хақтан бағып,

Аждаһаға әлі біз аттанбадық.

Ертелі-кеш оянып есіңді алар,

Құбыр жалап қыбырлап жатқан халық.

 

Құдай көрік сыйлаған гүл мекенім,

Көз жасы елдің көмкерген күнде етегін.

Жылай беріп қайтемін жазмышқа,

Мұнай беріп мұңайған жынды екенмін. 

Иә, ақын мұнда елге ашық сауал тас­тайды.  Қазақтың қазба байлығын Ажда­һаның аузына салып беріп, содан енді қайыр күту… Бұл енді қай қисынға сай келмек?… Тағдырға қарсы әрекет жасап, тағдырдан мейір күтуден өткен қайшылық бар ма екен? «Жылай беріп қайтемін жаз­мышқа, Мұнай беріп мұңайған жынды екенмін». Иттің иесі болса, бөрінің Тәңі­рісі бар демей ме! Ақын да өз елінің төл баласы, өз елінің киесі әрі иесі. Сол үшін де ол әрбір шекара асқан төл байлыққа сұрау салады. Оған толық қақылы да. Ал ұлт ісіне бейғам замандастың да санасын сілкіп, өлеңнің жалынан шарпып алады. Тіпті, кей тұстарына үмітсіздіктің ауылы­на да таяп барады.

Қайран Мағжан!  Сенген жасың біз болдық,

Шыны арман «Нұры» жалған ізге ердік.

Айран болған ақылыма ақыным,

Ойран болған дарымады сізден құт!

 

Қайран Мағжан! Қайдан маған ой салдың,

Қайғы, арманын түсінемін қай шалдың?!

Ұлтым десе сілкінбесе байсалдым,

Мен жастардан тайсалдым.

*   *   *

Ақылмен жеңген ұлықты,

Қыздары болған қылықты,

Ұлдары көкжал тұлғалы.

Тәңірі текті жаратқан,

Алласы сүйіп таңы атқан,

Алаштың сағы сынбады.

Тарихын дала күй етіп,

Тұғырдан сұңқар түлетіп,

Оқылған тастан жырлары.

Босаған бағы жендеттен,

Арқалы елін тербеткен,

Торқалы отан құндағы.

Жөргегім жылы жерұйық,

Төліңді қайта телиік,

Алатау, Алтай шыңдары.

Тулатқан дала тұлпарын,

Хауана қайран ұрпағын,

Қор болу үшін тумады.

 

ЖҮДЕУСІҢ ҒОЙ ДЕЙТІН КӨП

Жүдеусің ғой дейтін көп,

Жүрек сырын кім білсін?! 

Көрінгенге елпілдеп,

Көлгірсіген күн құрсын.

 

Аға бардым ақталдым,

Жеңгелерді жақтадым.

Іні бардым боқталдым,

Келіндерді мақтадым.

 

Туыс дедім ту алдым,

Уыс дәнін суардым. 

Жабығыстан жынданып,

Сағыныштан қуардым.

 

Ұлықтарға ұтылдым,

Құрықтарға тұтылдым.

Құдай қолдап құтылдым,

Шүкір, шүкір, шүкір мың.

Иә, Талапбек өлеңдерінің тағы бір қыры жоғарыда айтқан – адам­дық атқа деген адалдық. Өмірдің бұралаңына бейімделіп адалдығын бүркемелей тұру деген Талапбекте атымен жоқ. Соны­сымен Талапбектің сөзі баянды. Өлең сөзін айтамыз. Бүгінгі жас қаламгерлердің көбі баянсыз бақыт­ты өмірлеріне мақсат етіп алған. Атақ, даңқ, тізім, грант, жүлде, пәтер, т.б. Бұ­лар, әлбетте, күнкөріс қамы, шығар­машылыққа демесін шығар. Бірақ бұлар шығарма­шылық адамының ең үлкен байлығы жастық ғұмырын, одан да қым­бат байлығы адамдық болмыс ұрлап алады. Қайтарып ала алмайсың. Себебі уақыт өтіп кеткен. Содан әлгі пақырлар қайтеді, енді басқа амал жоқ, сол әлгі адалдық келбетің мен жастық ғұмырыңды айырбастап алған дүние­лер­ге, солардың жолында, солардың абы­ройын сақтап қалу жолында қызмет етеді. «Шығар­ма­шылық» жасайды. Талапбекті сыйлай­тыным – бұл баянсыз жетіс­тік­терден құлантаза. Бұл шығармашылық адамы үшін үлкен құндылық, баға жетпес баян­ды жетістік! Өзі де осындай пікірде екенін мына Аксиома деген өлеңінен көреміз:

АКСИОМА

Мансап жайлы айтады жұрт әрқилы,

Жайлы орында жалмауыз да айбынды.

Ені ісінген есектер де есірсе,

Арғымақтың арқанынан қарғиды.

 

Қарны тойса құзғын құзда қалғиды,

Ал ашықса ажалыңды аңдиды.

Тұғырдағы торғайлар да тойынса,

Саядағы сыбағаңа саңғиды.

*   *   *

Арыстан жүрек түмен ем,

Тірлігім аңыз түнерем.

Алыстан келер жауым жоқ,

Намыстан күнде мың өлем.

 

Ал бүгінде елордада бір қарағанда саяқ жүрген күрең тайдай көрінетін Та­­лапбек ақынның арлы жырларын оқы­ған­да осын­дай бір толқын көңіл сөзі ерік­сіз ойға ора­лады екен. Иә, әманда әдебиет – ар­дың ісі! Сөз өнеріндегі бәсің биік, рухың асқақ болсын Талапбек бауыр!

Ұлан ЕРКІНБАЙ,

әдебиеттанушы ғалым,  

А.Байтұрсынұлы атындағы

Білім академиясының директоры