Дархан Төлегенов, режиссер: Әрқашан сапаға жұмыс істеу керек

Айтулы іс-шара 20-25 қыркүйек арасында өтеді. Биыл фестиваль он бірінші мәрте ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар географиялық ауқымы да кеңейіп, байқау бағдарламасына Еуропа елдерінің кинематографистері де қосылды. Бұл байқау талай жастың шығармашылық жолын дамытуға, кәсіби әлеуетін арттыруға бастама болды. Осы орайда Baiqonyr Film Festival-дың алғашқы лауреатының бірі, кинорежиссер, сценарист Дархан Төлегеновпен шағын сұхбат құрып едік.

– Биыл ұлттық қысқаметражды фильмдер байқауына 180-нен аса туынды ұсынылған екен. Сіздің ойыңызша, қатысушылардың деңгейі қаншалықты өскен? Биылғы фестивальдан қандай ерекшелік байқадыңыз?

– Деңгей жыл сайын өсіп жа­тыр, ол анық байқалады, бірақ біздің кино саласында білім алып жатқан студенттердің арасынан жаңа есімдер сирек шығады. Биыл жаңа есімдер көбірек бо­лады деп үміттенемін. Конкурс­тық фильм­дерді әлі көріп үлгер­медім, бірақ жақында Unico play қолдауымен өткен Shabyt lab-та ментор бол­дым. Сол жерде өтінім берген жас­тардың арасында кино тілімен эксперимент жасайтын мықты балалар өте көп кездесті. Осыған қарап, бізде өте жақсы жаңа буын өсіп келе жатыр деп айта аламын.

– Өзіңіз де осы фестивальдың алғашқы қатысушысы болдыңыз, «Маршрут» атты фильміңіз көптің көңілінде әлі де орны бар. Жалпы, бұл байқау шығармашылық жо­лыңызға қаншалықты әсер етті және қазіргі жас буында қандай жаңашылдықтар бар деп ойлайсыз?

– «Маршрут» фильмін әлі де еске алып жүргендеріңізге көп рақ­мет, мен үшін де бұл ерекше ыс­тық. Әрине, бұл байқау әр жас­тың өсуіне, батыл шығармашылық экспериментпен айналысуға үлкен мүмкіндік беріп келеді. Қазір байқағаным, жас режиссерларға өзіне немесе жақындарына тиісті жеке тақырыптарды қозғаған маңызды. Дегенмен оқиғаны жай көрсете салмай, өз бойынан өткі­зіп, мәселенің шешімін емес, оның түп-тамырын іздеу керек. Адам бірден өзгере алмайды, өйт­кені әдеттің бәрі отбасыдан, айна­ласынан қалады. Сондықтан мұн­дай мәселелер оңай шешіл­мейді, тіпті махаббат та оны бір сәтте өз­герте алмайды. Бұл – өмір сияқ­ты шексіз нәрсе. Кинода дайын шешім бере бермей, осыны ашып көрсеткен дұрыс.

– Жақында KINDIK атты драмаңыз Оңтүстік Кореяда өтетін 31-ші Busan International Film Festival (BIFF) кинофестивалінің Vision-Asia бағдарламасына енді. Отандық фильмнің тұсаукесері алғаш рет Пусан халықаралық кинофестивалінде өтпек әрі бұл фестивальға енген алғашқы отан­дық толықметражды фильм екен. Осы жобаңыз жайында айтып бер­сеңіз.

– «Кіндік» – мен үшін туғаннан кейін де үзілмейтін байланыстың символы болды, тіпті арадағы физикалық жіп кесілсе де, ана мен баланың арасындағы көрінбейтін байланыс сақталып қала береді. Бұл байланыс ес, инстинкт және тағдыр сияқты үзілмейді. «Кіндік» – бұл соңына дейін ажырату мүм­кін емес байланыс туралы фи­льм. Өзіміз оны кесіп тастағымыз келсе де, ішімізде өмір сүре беретін жіп туралы. Әзірге фильм жайлы қыс­­қа қайырғаным жөн болар, кө­рер­­мен алда бағасын бере жа­тар…

– Аға буын мен жас толқын арасында үнсіз текетірес бар сияқты көрінеді. Тәжірибесі мол режис­серлар жастардың жұмысын тым пес­симистік немесе батысқа елік­теген деп айыптағанда, іштей қалай жауап бересіз?

– Сұрағыңызға рақмет. Жас­тарды пессимист деп айыптаудың керегі жоқ. Ең қараңғы үңгірдің өзінде де түбі бір жарық болады ғой. Пессимизм – жақсы нәтижеге үміт сыйлайды, ал құр оптимизм, драматургия заңы бойынша бә­рібір кері нәрсеге әкеп соғады.

Ал аға буынның кеңесіне кел­сек, өмірлік тәжірибесі бар адам­дарды тыңдау керек, әрине. Алайда бәрін өз бойыңнан өткізіп, керегін алып, артығын алып тастаған дұ­рыс деймін.

– Қазір көрерменнің сұранысы, қызығушылығы қандай деңгейде деп ойлайсыз? Байқауымызша, халықтың комедиялық жанрға қарағанда, терең драмалар мен ав­торлық киноларға деген сұранысы арт­қандай. Ал жас көрермен қысқа сериялық немесе микроформат­тарға өтіп жатыр, режиссерларға бұл орайда қандай ізденіс керек?

– Қысқаша айтсам, автор өзі қай жерде рақат алса, сонда ізден­гені дұрыс.

– Ұлттық киноны қолдау орта­лығының қолдауымен де жақсы туындылар жарық көріп жатыр, дегенмен жас режиссерларға қай жол тиімдірек? Заманға сай, тың дүние­лер жасау үшін мемлекеттік жоба­ларға арқа сүйеу керек пе, әлде тәуел­сіз кино түсіруге тәуекел еткен дұрыс па?

– Мемлекет беретін барлық мүмкіндікті пайдалану керек, әрине. Ұлттық кино орталығының жастарды қолдап жатқаны өте дұрыс, бұл еліміздегі креативті ортаны дамытуға үлкен септігін тигізеді. Бірақ грант ұта алмасаң, тоқтамай, өз күшіңмен, тәуелсіз жобалар түсіре беру керек. Идеяны іске асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет. Идеяның өзі мәңгілік болғанымен, оның оқи­ғасы мен ортасының «жарамдылық мерзімі» бар. Мысалы, мен 4-5 жыл бұрын түсіргім келген дүние­лерге қарасам, идеясы әлі өзекті, ал ондағы оқиғалар, өкінішке қарай, өз уақытын өткізіп алған.

– Алда жасанды интеллект пен жаңа цифрлық технологиялар қазақ кино өндірісін қалай өзгертеді? Шағын бюджетпен сапалы блок­бастерлер түсіру кезеңі жақын деп ойлайсыз ба?

– Иә, бұл киноға жақсы құрал болады деп ойлаймын. Басқа айтарым жоқ, уақыт көрсетеді.

– Кастинг кезінде танымал блогерлер мен жұлдыздарды алуға көзқарасыңыз қалай? Сапа үшін кассадан бас тартуға дайынсыз ба?

– Ең бастысы, әрқашан сапаға жұмыс істеу керек. Рөлде кімнің ойнайтыны маңызды емес: блогер ме, актер ма әлде құрылысшы ма? Адам өзінің типажымен, актерлық ойынымен оқиғаға сай келіп тұрса болғаны. Бастысы – осы. Менің­ше, шығармашылық адам өз туын­дысы туралы әбден ойлануы керек. Ал оны қалай сатуды ойлайтын адаммен тандемде жұмыс істеген дұрыс.

Сұхбаттасқан

Айсұлу СЪЕЗХАН