Хәкім Абай алтыншы қара сөзінде: «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін Құдайдан тілейді, әйтпесе Құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?» – депті.
Бірден басын ашып алайық, көбіміз жаңағы мақалда айтылған «өнер» ұғымын тар шеңбердегі «искусство» мағынасында жаңсақ түсінеміз. Негізі, мұндағы «өнердің» түп-төркіні «өну» етістігінде жатыр. Өну дегеніміз – өсу мен өркендеу. Бүгінгі біз қолданып жүрген «өнім», «өндіріс» сөздері осы түбірден тарайды. Яғни, бабаларымыз бір ауыз нақыл арқылы «Дамудың бірден-бір алғышарты – бірлік» деп ауқымы кең әлеуметтік-экономикалық тұжырым түйген.
Абай пәлсапасы да осы «өнуге» табан тірейді. «Малға бірлік» дегені – тұтынушылық деңгей. Ондай бірлікте тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, бір-бірін пайдалану ғана бар. Тек қарынның қамын ойлаған амал достықтың арты қуыс, асты бос болады. Мал таусылғанда малға сүйенген ынтымақ та ыдырайды. Материалдық мүддені мақсат тұтатын бірлік іргетасы құйылмаған ғимарат секілді. Болмашы бір дүмпуден қирап қалатын сырты жылтырақ, іші қалтырақ зәулім сарайдан тұғыры берік жұпыны лашықтың өзі артық емес пе? Тағы бір өлеңінде Абай: «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа», – деп бұл пікірін үстемелей түседі.
Ақынның «ақылға бірлік» дегені – табақ үстіндегі татулық емес, мақсат жолындағы мәміле. Сана биігінде біріккен жұрт заңға бағыну, ғылым-білімге талпыну, Отанды сүю сынды ортақ құндылықтардың төңірегіне топтасады. Сондықтан қоғам материалдық бірлікке емес, идеологиялық бірлікке иек артуы керек.
Нобель сыйлығының лауреаты Элинор Остромның «ортақ ресурстарды басқару» теориясы Абайдың «ақылға бірлігімен» керемет үндеседі. Остром да қауымның іштен іруіне «ас ортақ, ат ортақ» деп ішіп-жеуді ғана көздейтін, бірақ жауапкершілікті бөліспейтін селқостық себеп болатынын ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Ғалымның тұжырымы бойынша кез келген мемлекеттің немесе шаруашылықтың тұрақтылығы үшін сыртқы бақылаудан бұрын сол қауым мүшелері арасындағы өзара сенім, өзара құрмет бірінші орында тұруға тиіс. Егер бірлік тек материалдық мүддеге негізделсе, әркім көрпені өзіне қарай тартып, көбірек қамтып қалуға жанталасады екен.
Жауырды жаба тоқып қайтейік, біз әлі Абай армандаған дәрежеге жеткен жоқпыз. Әсіресе, әлеуметтік желі бойымыздағы «аққу, шортан һәм шаяндықты» өршітіп жіберген сияқты. Ел тағдыры таразыға тартылған сын сағаттарда бір-бірімізді түсінудің орнына түзеуге тырысамыз. Дау қуалап, жау шақырып, топтық психологияның торына шырмалған бейнеміз Абай сынаған «антұрғандықтың» заманауи кейпін елестетеді.
Әрине, пікір алуандығын мансұқтап, теріске шығарудан аулақпыз. Бәріміз бірдей ойлауға міндетті де емеспіз. Азаматтық қоғам мүшелері сан түрлі бағытты, сан түрлі көзқарасты ұстана отырып, бір мақсатқа ұмтылғаны абзал. Жалпы, плюрализм дегенді ондаған аспаптың дыбысы үйлесім табатын оркестрге ұқсатуға болады. Біреу – скрипка, біреу – домбыра, біреу – саксофон, енді біреуі сыбызғы шығар. Ақылға бірлік дегеніміз – осы бүкіл аспаптың бірігіп бір нотаны ойнауы. Содан барып симфония туады. Мысалы, «салық саясаты қандай болуы керек?» деген сұраққа әркім әрқалай жауап беруі мүмкін. Ал «мемлекетіміз тәуелсіз, халқымыз бақуатты, заңымыз әділ болуы керек» деген мәселеде ешқандай қарама-қайшылыққа жол ашылмағаны жөн. Қысқасы, бұл жерде өзімшіл амбиция емес, ақиқат жеңуі керек. Міне, Абай өсиет еткен «ақылға бірлік» – осы. Пікір алуандығы бізге ең тиімді нұсқаны таңдауға көмектессе, ақылға бірлік сол таңдаған жолдан таймауға септігін тигізеді.
Абайдың «бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы» деген сөзін еліміздегі кейбір құбылыстарға дөп қойылған диагноз дер едік. Жасыратыны жоқ, қоғамдағы кейбір топтар үшін Қазақстан «тарихи тағдыр бiрiктiрген» Отан емес, жай ғана ақша табатын, бизнес жүргізетін ыңғайлы территория, коммерциялық жоба іспетті. Экономика тұрақты кезеңде «ас ортақ, ат ортақ» деп татулықты ту ететіндер дағдарыс қаупі төнгенде шабаданын жинауға дайын тұрады. Өйткені оларды бұл мемлекетпен біте қайнастыратын «ақылға бірлік» жоқ, «малға бірлік» қана бар. Кезінде биліктің әділдік пен заң үстемдігін уақытша тыныштыққа айырбастап, айғай-шудан қашып, қаншама көзжұмбайлық танытқаны да рас. Саудаласуға құрылған мұндай бірліктің ғұмыры ұзаққа созылмайтыны әмбеге аян. Мәселен, көп жыл бойы Ассамблеяға Парламенттен арнаулы квотаға сай тоғыз мандат беріліп келді. Сырттай қарағанда ұлттар достығының кепілі тәрізді көрінгенімен, бұл Абай қыжыртқан «малға бірліктің» (немесе мандатқа сатылған бірліктің) саяси нұсқасы болатын. Осы ретте 2022 жылы жасалған Конституциялық реформа нәтижесі көңілге қонады. Президенттің бастамасымен Мәжілістегі этникалық квоталар жойылды. Бұл белгілі бір ұлттарды шеттету емес, керісінше тыныштықты сатып алу саясатынан бас тартып, диаспораларды шынайы Қазақстан азаматына айналдырудың амалы еді. Бұдан былай Парламентке орыс болсын, кәріс болсын, ұйғыр болсын, өзінің қарым-қабілетіне, саяси бағдарламасына, сайлаушылардың сеніміне байланысты өтеді. Сау бәсекеге негізделген саяси жүйе осындай болса керек. Демек, «малға бірлік» қоғамды қазақтар және өзге ұлттар деп жіктеп, екі ортадағы қарым-қатынасты квоталармен реттесе, «ақылға бірлік» баршамызды «Қазақстан Республикасының азаматы» деген бір ұғымның аясына ұйыстырады.
XIX ғасырда жайлаудағы киіз үйдің есігінен қарап отырып жаһандық деңгейде ой толғаған Абай идеясының жаңғырығы Юрген Хабермастың «Конституциялық патриотизм» концепциясынан да байқалады. Батыс әлемінің санасына сіңген бұл тұжырымда «этникалық әртекті халықты Ортақ Заң мен Ортақ Құндылықтар ғана біріктіреді» делінген. Қазақстандағы 130 ұлыстың «атасы басқа, діні басқа» болуы мүмкін, алайда үрім-бұтағымыз өмір сүретін Қазақстан – бәріне ортақ. Абайдың «ақылға бірлігі» де сол болашаққа бағыт сілтейді.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ










