Қағанаттың негізін қалаған Бату ханды қазақтар «садағын сағымға ілдірген Сайын хан» деп әспеттеген. Алаш ардақтысы Ғұмар Қараш ХХ ғасырдың басында:
«Шыңғыс, Бату хандық құрып тұрған ел,
Қарақыпшақ Қобыландылар туған ел.
Ерегескен дұшпан-жауын қуған ел
емес пе едің – жұртым саған не болды?» – деп күңіренген.
Яғни, қазіргі Қазақстан Жошы ұлысының нағыз мұрагері деген атқа әбден лайық. Астанада өткен халықаралық симпозиум осы ойымызды бекіте түсті. Симпозиумның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлық ұлыстың тарихи-мәдени рөліне әділ бағасын берді.
– Қазақстанда саясаттың пайдасы үшін көшпелі халықтарды жабайы, бейберекет, тарих шеңберінен тыс күш ретінде көрсетіп, қуатты дала империяларын «мемлекет деңгейіне жете алмаған» деп төмендететін ескі догмалар мен қасаң көзқарастарды қайта қарау үдерісі басталып кетті, – деді Президент.
Алтын Орданың өркениет өріне құлаш ұрғанын симпозиум аясында ұйымдастырылған көрмеден де байқаймыз. Қазақстан жерінен табылған археологиялық жәдігерлер, қолжазба кітаптар, архив материалдары экспозиция мазмұнын байытып тұр. Көрмеде әлемнің әр қиырындағы мұрағаттардан жиналған дипломатиялық құжаттар тұңғыш рет ұсынылды. Мысалы, Күйік ханның IV Папа Иннокентийге жолдаған хаты Алтын Орданың ең көне мемлекеттік құжаты саналады. Ұлық Мұхаммед пен Ахмед хандардың Осман империясы сұлтандарына жазған хаттары да ғасырлар қойнауынан сыр шертеді. Тоқтамыс, Ахмет хандардың тархандық жарлықтары ордадағы құқықтық әрі каллиграфиялық мәдениетті паш етеді. Ал «Хандар шежіресі» деп аталатын қолжазбада Жошы әулетінен шыққан 104 ханның генеалогиясы баяндалады.
Әдетте Алтын Орда десе, аттың жалында, түйенің қомында ғұмыр кешкен көшпелі тұрмыс елестейді. Дегенмен Жошы ұлысында далалық салт-санамен қатар қалалық өркениет те берік орныққаны белгілі. Қағанат аумағында үлкенді-кішілі жүздеген шаһар болған. Отырықшы мәдениет орталықтарында су құбырлары, кәріз жүйесі, қоғамдық моншалар жұмыс істеген, сандаған мешіт-медресе, сәулетті сарайлар салынған.
Зерттеушілердің байыбынша, Еуропа қараңғылық түнегінде жатқанда, корольдерінің өзі хат танымайтын дәуірде Ұлық ұлыста ілім-білім шырқау шегіне жеткен. Әсіресе, Өзбек хан тұсында ислам діні мемлекеттік дін деп жарияланған соң Алтын Орданың тынысы ашылып, өрісі кеңейген. Халық жаппай сауаттанып, ғылымның қауырт қарыштауына алғышарт жасалған.
Нақты ғылымдар ішінде астрономия айрықша дамыған екен. Археологтар ХІХ ғасырдың орта шенінде Гүлстан шаһарының орнында қазба жұмыстарын жүргізгенде аспан әлемін бақылайтын астролябия, квадрант сынды құрал-жабдық сынықтары табылыпты. Кейінгі бір дерек: 1996 жылы Жаңа Сарайда астролябия фрагменттері ұшырасқан. Мәшһүр астролог Масғұд әл-Бұлғари астролябия мен квадрант арқылы аспан шырағдандарын зерттеп, Күннің, Айдың тұтылуын алдын ала анықтап отырған. Жәнібек ханның кезінде әйгілі астроном Кәмаләддин әт-Түркмани «Шарх әл-Мулаххас фил-һәйә» деген трактат жазған. Осы орайда Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Өмірбек Қанай бұл еңбектің төрт қолжазбасын шетел архивтерінен аршып алып, біреуін Астанадағы көрмеге арнайы әкелген.
– «Шарх әл-Мулаххас фил-һәйә» трактатын Кәмаләддин әт-Түркмани 1354 жылы Гүлістан қаласында әз Жәнібек ханға арнап жазған. Ортағасырлық қолжазбада ислами астрономияның негізгі тұжырымдары бойынша ғаламның құрылысы, аспан сфералары, аспан денелерінің қозғалысы, уақыт пен күнтізбе есептеулері тәрізді мәселелер қарастырылған. Осылайша, ғалым күрделі астрономиялық ұғымдарды қарапайым әрі жүйелі түрде түсіндіреді. Еңбек XIV–XVII ғасырлар аралығында Орталық Азия, Иран, Осман аймағындағы медреселерде оқулық ретінде кеңінен қолданылып, астрономияны оқытудағы негізгі базалық мәтіндердің бірі болды. Кәмаләддин әт-Түркманидің бұл еңбегі өзінен бұрынғы ғылыми дәстүрді жалғастырып, астрономияны кең таратуға септігін тигізген, – дейді ғалым.
Ең қызығы, Алтын Орда оқымыстылары Күннің Жерді емес, Жердің Күнді айналатынын Коперниктен бұрын білген. Мұның нақты бір айғағы Сейф Сарайидің «Сүухайл мен Гүлдүрсүн» дастанында көрініс табады. Сондай-ақ Құтыптың «Хұсрау мен Шырын» дастанында ғаламның шексіздігі, аспандағы әр жұлдыз өзінше бір әлем, әрқайсының арасы тым алыс екені айтылады.
Жошы ұлысында медицина да өз заманының жоғарғы деңгейінде болған. Сырқатқа шалдыққан кісілер көбіне-көп дәрігерге қаралған. Мамандар науқасқа тамыр басу әдісімен диагноз қойып, тиісінше әртүрлі дәрі-дәрмек тағайындаған. Ірі қалаларда қоғамдық емханалар іске қосылған. Мұнда жергілікті тәуіптермен бірге шет жұрттардан шақырылған дәрігерлер де қызмет атқарған. Білімдар, тәжірибелі емшілер қатерлі дерттерге дауа іздеген. Сан алуан өсімдік тамырларынан шипалы дәрілер дайындалған. Сонымен қатар денсаулықты жақсартатын арасан суының қасиеті анықталып, жүйелі түрде шомылу әдетке айналған.
– Астанадағы көрмеге Ахмад ибн Мұхаммад Киланидің «Шарһ Фусул Әбуқрат» атты еңбегінің қолжазбасын қойдық. Медициналық трактатты автор әз Жәнібек ханға тарту еткен. Аталмыш қолжазбаның екі нұсқасы Англия мен Иранда сақталған. Англиядағы нұсқа шамамен 1345 жылы жазылған, жалпы 464 беттен тұрады. Қолжазбаның бірінші бетінде «Хақан бин әл-хақан, Сұлтан Махмұд Жәләл-әд-дүния уә-әддин Жәнібек ханға» деген кіріспесі бар, әз Жәнібек хан «жомарттық пен ізгіліктің жаршысы, білім мен ғалымдардың қамқоршысы, Құдайдың жердегі көлеңкесі», – деп дәріптелген. Медициналық қолжазбаны ежелгі грек дәрігері, классикалық медицинаның атасы Гиппократтың еңбегіне жасалған түсіндірме десек, жарасады. Осындай классикалық медициналық еңбектің аударылып, әз Жәнібек ханға арналуы сол кезде Жошы ұлысында ғылым мен білімнің қалай өркен жайғанын аңғартады. Түсіндірме еңбектің хатқа түскен мерзімі Орталық Азиядан басталып, Еуропаға дейін жайылған оба індетімен тұспа-тұс келеді. Бұл да – өзінше жеке зерттеуді қажет ететін бір тақырып, – дейді тарихшы Өмірбек Қанай.
Ұлық ұлыста мейлінше өркендеген тағы бір сала – математика. Осы ретте тарихшы, жазушы Мұхтар Мағауиннің «Алтын Орда» деректі романынан үзінді ұсынамыз:
«Қарапайым есеп-қисап жөні әуелден-ақ айқын. Кең даладағы мыңғырған мал есебі. Бұдан соң – ондықтан бастап, түменге дейінгі және жалпылама әскер саны. Енді – ішкі, сыртқы сауда дамыған заманда қисапсыз ақша сомасы. Ең төменгі қажеттілік. Есеп-қисап жөні уақыт озған сайын күрделене түседі. Әр аймақта жекелей, ақыры баршаға жинақты халық санағы жүргізілді. Осы танымал халықтан тарам-тарам салық алынды. Нақты есебі керек. Өмірдің барлық саласына ақша араласты – мың, он мың, жүз мың… – тағы да қисапсыз, сан жүйесі. Ауызша емес, жазбаша таңбамен. Жүз қала, нешеме жүз кент-ауылда мыңдаған үй салынбақ. Оның ішінде асқақ мешіт, сәулетті ғимараттар. Қабырғасын тұрғызу, күмбезін жобалау – бәрі де күрделі есепке тірелмек. Жай ғана есеп емес, математикалық тұрғыдағы стереометрия, геометрикалық тұрғыдағы ғылыми және сәндік, көркем шешімдер. Сарай мен Хажы-Тархан, Бұлғар мен Гүлстандағы қираса да, іргетасы қалған сәулетті ғимараттар – ең алдымен осы күрделі математикалық шешімдер көрсеткіші», – деп жазыпты қаламгер.
Амал қанша, Алтын Ордада туған ғылыми еңбектердің дені бүгінгі заманға жетпеген. Жиырма жылда жиырмадан астам хан ауысқан, қалалар қирап-өртенген, адамдар қырғынға ұшыраған бұлғақ кезеңде қолжазбалардың жойылып кетуі – қалыпты құбылыс. Бізге мәлім ескі мұралардың бәрі кездейсоқ, сәтті жағдайда сақталып қалған. Сондай сирек қолжазбаның бірі деп белгісіз автордың «Тухфә фи илими әл-хисаб» атты еңбегін айтуға болады. Көрмеде қолжазбаның электрондық нұсқасы көрсетілді. Тарихшы Өмірбек Қанайдың пікірінше, бұл да – Жошы ұлысындағы математикалық білімнің дамуын көрсететін маңызды дереккөз.
– Белгісіз автор тарапынан жазылған «Тухфә фи илими әл-хисаб» оқулығы Өзбек хан дәуірінде Алтын Орда мемлекетінің Қырымдағы оң қол бегі болған Әбу әл-Музаффар Ғияс әд-Дин Тулыктемір бекке арналыпты. Ғылыми еңбек арифметика, есеп жүргізу әдістері және сандық амалдарды түсіндіруге бағытталған. Еңбекте негізгі математикалық тәсілдер, бөлшектер, пропорциялар, практикалық есептер талданады. Мұндай трактаттар ортағасырлық медреселерде оқу құралы ретінде кең қолданылған. Қолжазба араб тілінде жазылып, ғылымның теориялық және қолданбалы қырларын ұштастырады, – дейді ғалым.
Бүкіл Еуразияны қамтып жатқан әлемдік империя үшін сегіз қиыр шартараптың сын-сипатын ұғыну өмірлік қажеттілік еді. Жер тану жағрапия ғылымына ұласты. Алтын Орда ғалымдары жаһан жайында толымды мағлұмат жинады. Ортағасырлық географтардың қолында Оңтүстік-шығыс Азия, Үндістан мен Қытай, терістіктегі қарлы-мұзды Итжеккен, Еуропаның арғы шетіндегі Испания мен Португалия, түстіктегі Қара құрлық туралы нақты мәліметтер болды. Ұлық ұлыс аумағында геодезия, дінтану, тарих, заңнама, логика, шешендік өнер секілді ғылым салалары да алға басыпты. Түгел тізбелей берсек, жуық арада санап тауыса алмаймыз. Астанадағы көрмеге қойылған жәдігерлер – осынау телегей-теңіз мол мұраның бір тамшысы ғана. Тарихтың қат-қабат құпиясын терең қаузап қопару алдағы күндердің еншісінде.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ









