Алматыдағы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында «М.О.Әуезов және көркем аударма» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Дәстүрлі ХХІІ «Әуезов оқулары» аясында ұйымдастырылған жиын көрнекті әдебиеттанушы Евгения Лизунованың туғанына 100 жыл толуына арналды. Конференцияны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жиында Мұхтар Әуезовтің көркем аударма саласындағы қызметі, шығармаларының өзге тілдерге аударылуы және әлемдік әдеби кеңістікте қабылдануы қарастырылды. Сонымен қатар Е.В.Лизунованың әуезовтануға қосқан үлесі мен қазақ әдебиетін зерттеудегі ғылыми мұрасына ерекше назар аударылды.
Конференция жұмысы Мұхтар Әуезов және аударма теориясы, М.О.Әуезовтің көркем аударма саласындағы қызметі, көрнекті әдебиеттанушы Е.В.Лизунованың әуезовтанудағы еңбектері, Е.В.Лизунова және қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері сияқты төрт бағытты қамтыды.
Конференцияда Армения мен Өзбекстан ғалымдарының баяндамалары оқылды. Шетелдік зерттеушілердің ғылыми тұжырымдары жиынның халықаралық мазмұнын кеңейтіп, Әуезов мұрасын зерттеудегі тәжірибе алмасудың маңызын айқындады. Бұл баяндамалар ұлттық әдеби мұраны өзге мәдениеттермен сабақтастықта қарастыруға және әдебиеттану саласындағы ғылыми байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.
Конференция тақырыбының өзектілігі қазақ әдебиетін әлем оқырманына сапалы аударма арқылы жеткізу міндетімен байланысты. Әуезов шығармаларындағы тарихи шындықты, ұлттық дүниетанымды, тілдік өрнек пен кейіпкерлердің психологиялық тереңдігін басқа тілде беру аудармашыдан көркемдік шеберлік пен терең мәдени танымды талап етеді.
Осы тұрғыдан жазушының аудармашылық тәжірибесін және туындыларының өзге тілдегі нұсқаларын зерделеу ұлттық әдебиеттің көркемдік болмысын сақтаудың жолдарын айқындауға көмектеседі. Көркем аударманы ғылыми тұрғыдан бағамдау қазақ сөз өнерінің халықаралық деңгейде танылуы үшін де маңызды.
Жиынның маңызды бөлігі Е.В.Лизунованың әуезовтану саласындағы еңбектері мен қазақ әдебиетінің өзекті мәселелеріне арналған зерттеулерін саралауға арналды. Ғалымның мұрасын зерделеу Әуезов шығармашылығын зерттеу тарихын тереңірек түсінуге, қалыптасқан ғылыми дәстүрлерді қазіргі ізденістермен сабақтастыруға жол ашады.
Шараның мәдени-танымдық бағдарламасына М.О.Әуезов мұражай-үйінің экспозицияларымен танысу, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының қорынан әзірленген кітап көрмесі және М.О.Әуезов атындағы №128 жалпы білім беретін мектеп оқушыларының «Еңлік-Кебек» пьесасынан сахналық үзіндісі енгізілді. Бағдарламаның бұл бөлігі ғылыми ізденісті әдеби мұраны насихаттаумен ұштастырып, жас ұрпақтың классикалық шығармаларға қызығушылығын арттыруға бағытталды.
ХХІІ «Әуезов оқулары» әдеби мұраны зерттеу, аудару және әлемге таныту мәселелерін ортақ ғылыми талқылауға ұсынды. Жиынның басты құндылығы – Әуезов мұрасының халықаралық маңызын ашып, көркем аударманың мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікті тереңдетудегі орнын айқындауында.









