«Ұлы Абай – рухани темірқазық»: елорданың Достық үйінде дөңгелек үстел өтті

Астанадағы Достық үйінде Абайдың 180 жылдығына арналған «Ұлы Абай – рухани темірқазық» атты дөңгелек үстел өтті. Абай шығармалары мен рухани болмысы дәріптелген жиынға Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, мәслихат депутаттары, Ардагерлер кеңесінің өкілдері, қала тұрғындары, «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараға модератор болған Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары, «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Халил Маслов дөңгелек үстел бағдарламасына сәйкес қатысушыларға сөз берді. Жиында сөз алғандар Абайдың тек ұлы ақын ғана емес, барлық этнос үшін рухани туыстық символы екенін атап айтты.

Келесі спикер Астана қаласының мемлекеттік мұрағатының директоры Жангелді Бимолдин елордадағы Абай аты берілген көшелер мен нысандардың тарихына тоқталды.

Жиын соңында Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының Абай шығармаларын өзге тілде сөйлету бойынша өткен челленджіне белсенді қатысқан 13 адамға Алғыс хаттар табысталды. Бір топ түрлі ұлт өкілдерінің жастары ақынның өлеңдері мен қара сөздерінің өз ана тіліндегі аударма нұсқасын оқыды. Сондай-ақ «Қорқыт» фольклорлық ансамблінің орындауында Абайдың әндері мен күйлері орындалды.