«Қара алтындағы» жаңа кейіпкер, 90-жылдар және ұлттық код – кинотанушылар фильмді талқылады

Нақты адамның өмір жолынан шабыт алған «Қара алтын» фильмі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы кәсіпкерлік, мұнай өндірісі мен елдегі экономикалық өзгерістерді көркем туындыға арқау етеді.

Фильмдегі басты кейіпкер Қасым бейнесі қаншалықты толық ашылған? 90-жылдардың атмосферасы қалай берілген? Кәсіпкерді басты кейіпкер ету қазақ киносына жаңа образ әкеле алды ма? Ал «қара алтын» ұғымының астарында тек мұнай жатыр ма? Aikyn.kz сайтының тілшісі аталмыш фильмге қатысты осы және өзге де сауалдарды кинотанушылар Баубек Нөгербек пен Алма Айдарға қойып көрді.

«Қара алтын» дербес көркем туынды ретінде қаншалықты сәтті шыққан?

– Авторлардың сөзінше, «Қара алтын» нақты адамның өмір жолына негізделген. Фильм дербес көркем туынды ретінде қаншалықты сәтті шыққан?

Баубек Нөгербек, кинотанушы, PhD докторы, «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының доценті:

– Меніңше, фильмді классикалық өмірбаяндық кино емес, нақты адамның өмір жолына сүйенген көркем драма ретінде қабылдаған дұрыс. Авторлар өмірбаяндық фактілерді сол күйінде қайталамай, оларды кейіпкердің драматургиялық аркасын құруға пайдаланады. Сондықтан мұнда деректен гөрі сол деректің кейіпкер тағдырындағы көркемдік қызметі маңызды.

Фильмнің негізгі нарративі Қасымның кәсіпкерлік жолы арқылы өрбиді: алдына мақсат қояды, кедергілерге кездеседі, шешім қабылдайды және нәтижеге жетеді. Осы тұрғыдан фильмнің драматургиялық құрылымы түсінікті әрі жинақы. Кейіпкердің жеке тағдыры арқылы белгілі бір тарихи кезеңнің тынысын беру – фильмнің көркемдік ерекшеліктерінің бірі.

Алма Айдар, кинотанушы, PhD докторы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының доценті:

– «Қара алтынды» нақты адамның өмірбаянын экранға көшірген биографиялық фильм ретінде емес, сол өмір жолынан шабыт алып жасалған дербес көркем фильм ретінде қарастырған дұрыс. Қасым Исағалиевтің прототипі – кәсіпкер әрі мұнайшы Медғат Құлжанов екені айтылып отыр, бірақ фильмдегі Қасым нақты адамның экрандағы дәл көшірмесі емес.

Фильмнің сәтті тұсы да осында: авторлар жеке адамның тағдырын 1990 жылдардың басындағы Қазақстанның өтпелі кезеңімен байланыстыруға тырысқан. Яғни, бұл – бір кәсіпкердің «қалай байығаны» туралы ғана фильм емес, жаңа экономикалық жүйе қалыптасып жатқан кезде адамның өз орнын іздеуі туралы драма.

Дегенмен мұндай фильмде әрқашан бір қауіп бар: нақты адамның өмір жолын көрсету мен оны қаһармандық мифке айналдырудың арасындағы шекара өте нәзік. «Қара алтын» сол шекараны толығымен жоғалтып алған жоқ, бірақ кей тұстарда Қасымның тұлғасын тым айқын идеал модель ретінде ұсынуға жақындайды. Сондықтан фильмді өмірбаяндық дәлдікпен емес, көркем интерпретация ретінде қабылдаған жөн.

90-жылдар: тарихи панорама ма, кәсіпкер көзімен берілген кезең бе?

– Фильмдегі 90-жылдардың бейнесі сізге қаншалықты шынайы көрінді?

Баубек Нөгербек:

– Фильмде 90-жылдар жеке тарихи хроника ретінде емес, кейіпкер тағдырын қалыптастыратын әлеуметтік-экономикалық орта ретінде көрінеді. Экономикалық тұрақсыздық, нарықтық қатынастардың орнығуы, капитал мен инвестиция мәселелері сюжеттің өзегіне тікелей әсер етеді.

Сондықтан дәуірді бағалағанда фильмнің авторлық фокусын ескеру керек: мұнда 90-жылдардың толық әлеуметтік панорамасынан гөрі сол кезеңдегі нақты адамның өмір жолы көрсетіледі. Осы тәсіл фильмге тарихи масштабтан гөрі жеке тағдырдың перспективасын береді.

Алма Айдар :

– Фильмнің 1990 жылдарды көрсетуі маған, ең алдымен, сол кезеңнің әлеуметтік-психологиялық атмосферасын беруге ұмтылуымен қызық көрінді. 1992 жыл – кеңестік жүйе ыдырап, бұрынғы экономикалық механизмдер жұмыс істемей, жаңа нарықтық қатынастар әлі орнықпаған уақыт. Фильмнің оқиғасы дәл осы кезеңде өтеді.

Авторлар 90-жылдарды тек киім, интерьер немесе көлік арқылы реконструкциялауға тырыспаған. Негізгі акцент – белгісіздік, ақша мен ресурстың тапшылығы, бюрократия, жаңа бизнес мәдениетінің қалыптасуы, бәсекелестік сияқты әлеуметтік құбылыстарға қойылған.

Бірақ 90-жылдарды көрсету тұрғысынан фильмде әлі де кеңірек әлеуметтік панорама жасауға мүмкіндік болған сияқты. Біз негізінен кәсіпкерлік ортаның 90-жылдарын көреміз. Ал қарапайым адамдардың күнделікті өмірі, сол кезеңнің әлеуметтік жарақаты, тұрмыстық қиындықтары көбірек фон деңгейінде қалып қояды. Сондықтан бұл – 90-жылдардың толық әлеуметтік портреті емес, кәсіпкер көзімен берілген 90-жылдар.

Қасымның бейнесі идеалдандырылған ба?

– Басты кейіпкер Қасымның бейнесі толық ашылған ба, әлде оны идеалдандыру байқала ма?

Баубек Нөгербек:

– Қасымның мінезі ең алдымен іс-әрекеті арқылы ашылады: ол мақсат қояды, тәуекел етеді, шешім қабылдайды және қиындықтарды еңсеруге ұмтылады. Бұл оның кейіпкерлік аркасын айқын етеді.

Сонымен бірге кейіпкердің ішкі психологиялық әлеміне –  күмәніне, қорқынышына, моральдық таңдауына көбірек орын берілсе, бейнесі күрделірек ашылар еді. Дегенмен фильмнің жанры мен баяндау тәсілін ескерсек, Қасымның табанды, мақсатшыл кәсіпкер ретінде жинақталған бейнесі авторлық концепцияға сәйкес келеді.

Алма Айдар :

– Бүгінгі қазақ қоғамына Қасым сияқты қаһарман кейіпкерлер қажет. Өйткені қазіргі киноға тек өткенді жоқтаушы немесе тарихи жараны қайталаушы кейіпкерлер ғана емес, өз арманы мен ел мүддесін қатар қоя алатын тұлғалар керек. Қасымның ерекшелігі –  осында. Ол өз арманының соңынан жүре отырып, оны жеке басының баюымен ғана шектемейді. Оның әрекетінде елдің болашағы, ұлттық құндылық, рухани мұра деген ұғымдар қатар жүреді.

Фильмдегі «қара алтын» ұғымын да бір ғана мағынада қабылдамаймын. Бірінші қабатында, әрине, жерастындағы мұнай – елдің табиғи байлығы тұр. Екінші қабатында – халқымыздың баға жетпес мәдени-рухани мұрасы. Ал үшінші қабатында – адами капитал бар. Меніңше, фильмнің негізгі идеялық өзегін осы үш тұғыр құрайды: жердің байлығы, ұлттың рухани байлығы және адамның капиталы. Қасым осы үш құндылықты байланыстыратын кейіпкер ретінде көрінеді.

Сондықтан Қасымды идеалдандыру бар деп біржақты айтуға болмайды. Керісінше, оның белгілі бір дәрежеде идеал кейіпкер болуы – фильмнің авторлық мақсаты деп қабылдауға болады. Мәселе идеал кейіпкер жасауда емес, оның қаншалықты тірі, күрделі тұлға ретінде ашылғанында.

Ал осы тұрғыдан келгенде фильмнің әлсіз тұсы бар. Қасымның отбасы толыққанды ашылмаған. Әсіресе, оның жарының бейнесіне жеткілікті драматургиялық салмақ берілмеген. Ал шын мәнінде, Қасымның тұлғасын әйелінің, отбасының, жақындарының призмасы арқылы тереңірек ашуға болатын еді. Себебі адамның шынайы болмысы көбіне қоғам алдындағы үлкен сөздерінен емес, ең жақын адамдарымен қарым-қатынасынан көрінеді.

Сондықтан мен Қасымды «тым идеалдандырылған» кейіпкер деп қабылдамаймын. Керісінше, оның бойындағы елдік мұрат, кәсіпкерлік жігер, рухани құндылықтарды ұштастыруы – бүгінгі ұлттық кино үшін маңызды тенденция. Бірақ осы идеал кейіпкерді адамдық тұрғыдан күрделендіру, оның жеке өмірін, отбасы алдындағы жауапкершілігін, ішкі күмәні мен эмоциялық әлемін көрсету – фильмнің көркемдік деңгейін одан әрі көтерер еді.

Қуандық Қыстықбаев Қасымның ішкі өзгерісін жеткізе алды ма?

– Қуандық Қыстықбаевтың актерлік ойынына қандай баға берер едіңіз? Кейіпкердің ішкі өзгерісін жеткізе алды ма?

Баубек Нөгербек:

– Қуандық Қыстықбаев Қасымның бейнесін сыртқы экспрессиядан гөрі ішкі психологиялық күй арқылы жеткізуге ұмтылады. Оның ойынында ым-ишара, көзқарас, дауыс интонациясы мен пауза маңызды рөл атқарады.

Актердің ойыны режиссерлік мизансценамен де үйлеседі. Кейіпкердің адамдармен қарым-қатынасы, шешім қабылдайтын сәттері және әртүрлі әлеуметтік ортадағы мінез-құлқы оның біртіндеп өзгеріп келе жатқанын аңғартады. Сценарий кейіпкердің ішкі трансформациясын одан әрі тереңдетуге мүмкіндік берген жағдайда, бұл актерлік жұмыс та психологиялық тұрғыдан кеңірек ашылар еді.

Алма Айдар :

– Қуандық Қыстықбаевтың ойыны өте әсерлі, жоғары деңгейде сомдаған. Қасымды сыртқы болмысы арқылы емес, ішкі жинақылық діңгегі арқылы берді. Ол кейіпкерді эмоциясын сыртқа шығара беретін кәсіпкер ретінде емес, көп жағдайда ішінен есептеп, шешім қабылдайтын нар тұлға ретінде көрсетеді. Бұл фильмнің жалпы интонациясына сәйкес келеді.

Қасымның негізгі өзгерісі – оның жаңа салаға кіріп, біртіндеп тәуекелдің, жауапкершіліктің және жоғалтудың бағасын түсінуі. Актер осы процесті жоғары деңгейде жеткізе алды.

Кейіпкердің ішкі драмасы сценарийде кей тұста жеткілікті терең жазылмағандықтан, актердің мүмкіндігі де белгілі бір деңгейде шектеледі. Яғни, кейіпкердің өзгерісін тек актерлік ойыннан емес, драматургиялық материалдан да іздеу керек.

Фильм драматургиясының әлсіз және сәтті тұстары қандай?

– Фильмнің драматургиясында әлсіз немесе ерекше сәтті шыққан тұстар бар ма?

Баубек Нөгербек:

– Фильмнің сәтті тұстарының бірі –  мақсат, кедергі, әрекет және нәтиже арасындағы себеп-салдарлық байланыстың анық болуы. Көрермен Қасымның мақсатын және оған жету жолындағы негізгі кедергілерді жақсы түсінеді.

Кейбір конфликтілердің шешімі жылдам берілетін тұстар кездеседі. Сондай-ақ кейбір қосалқы кейіпкерлердің, (мысалы, ағылшын инвесторлар) драматургиялық функциясы толық пайдаланылмаған. Олар басты кейіпкердің мінезін ашатын контраст немесе антагонистік күш ретінде тереңірек жұмыс істесе, фильмнің конфликтілік құрылымы күшейер еді.

Дегенмен жалпы драматургиялық құрылым фильмнің негізгі идеясын жеткізуге қызмет етеді. Қосалқы кейіпкерлер де Қасымның әлеуметтік ортасын қалыптастырып, негізгі сюжеттік желіні толықтыра түседі.

Алма Айдар :

– Фильмнің драматургиялық тұрғыдан ұтымды шешімі – кәсіпкерлік жолды нақты мақсат пен кедергілер жүйесі арқылы құруы. Лицензия алу, инвестор іздеу, мұнай қорының белгісіздігі, бәсекелестермен күрес сияқты нақты мәселелер оқиғаның қозғалысын қамтамасыз етеді.

Сонымен бірге фильмнің сюжеттік желісінде Қасымның жеке өмірі мен отбасы тереңірек дамытылса, оның кәсіпкерлік таңдауларының адамдық бағасы да күштірек сезілер еді.

Мен үшін фильмнің басты драматургиялық мәселесі – Қасымның сыртқы кедергілері ішкі конфликтілерінен басым түсіп кететін тұстары. Классикалық драматургияда кейіпкерді сыртқы жау ғана емес, өзінің ішкі қайшылығы да өзгертуі керек. «Қара алтынға» осы ішкі драманы тағы да тереңдетуге болар еді.

Мұнай тақырыбы фильмде жай оқиға өтетін орта ретінде қалды ма?

– Мұнай тақырыбы фильмде жай оқиға өтетін орта ретінде қалды ма, әлде оған тереңірек мағына берілген бе?

Баубек Нөгербек:

– Мұнай фильмде жай өндірістік орта ғана емес, белгілі бір дәрежеде символдық мәнге ие. «Қара алтын» атауының өзі осыны аңғартады. Мұнай –  материалдық ресурс болумен қатар, тәуелсіз Қазақстанның жаңа экономикалық кеңістігінің белгісі.

Қасымның мұнай саласындағы жолы арқылы жеке кәсіпкердің тағдыры елдегі экономикалық өзгерістермен сабақтасады. Осы тұрғыдан мұнай тақырыбы фильмнің әлеуметтік және экономикалық мазмұнын біріктіретін негізгі семантикалық желілердің біріне айналған.

Алма Айдар :

– Мұнай бұл фильмде жай ғана оқиға өтетін өндірістік орта емес. Оның символдық мағынасы әлдеқайда кең.

«Қара алтын» ұғымын фильмнің негізгі идеялық кілті деп қабылдаймын. Яғни, фильмде байлықтың үш түрі қатар қойылады: табиғи байлық, рухани байлық және адам байлығы. Бұл –  өте маңызды концепция. Өйткені мұнайдың өзі ештеңе шешпейді. Жердің астындағы ресурсты игеретін – адам. Ал адамды адам ететін – оның білімі, қабілеті, еңбегі, мәдениеті, рухани құндылықтары. Сондықтан табиғи ресурс пен адами капиталдың арасындағы байланыс фильмнің терең философиялық қабатын құрайды.

Осы жерде Қасымның кейіпкері де қайтадан ашылады. Ол мұнайды тек байлық көзі ретінде қабылдайтын кәсіпкер емес, оны елдің болашағымен байланыстыруға ұмтылатын тұлға ретінде көрінеді. Оның жеке арманы мен ұлттық мүдденің қатар жүруі де осы жерден басталады.

Сондықтан «Қара алтын» атауын мен тек мұнайдың метафорасы деп қарамаймын. Бұл – «нағыз байлық деген не?» деген сұраққа жауап іздейтін ұғым.

«Мақта қыз», музыка және ұлттық мәдени кодтар

– Фильмдегі «Мақта қыз» желісі, музыка және ұлттық мәдени кодтар негізгі оқиғамен қаншалықты үйлескен?

Баубек Нөгербек:

– Фильмдегі «Мақта қыз» желісі мен музыкалық шешімдер Қасымның кәсіпкерлік бейнесін оның отбасылық, ұлттық-мәдени ортасымен байланыстырады. «Мақта қыз» мотиві халықтық жады, балалық шақ және ұлттық таным кодтарын қазіргі әлеуметтік-экономикалық кеңістікпен сабақтастыратын интертекстуалдық элемент ретінде қабылданады.

Музыкалық драматургия да осы мәдени қабатты күшейтеді. Әсіресе, Шәкәрімнің әні кинотуындының идеялық кеңістігін ұлттық рухани мұрамен байланыстырады. Ал «Шәкәрім» симфониясының музыкалық табиғаты фильмдегі тарихи жады, тұлғалық ізденіс және ұлттық дүниетаным мәселелерімен үндесіп, визуалды қатарға қосымша эмоциялық-семантикалық қабат береді.

Осы тұрғыдан музыка фильм үшін тек фондық сүйемелдеу емес, кейіпкердің жеке әлемін кеңірек ұлттық-мәдени контексте танытатын көркемдік құрал қызметін атқарады. «Мақта қыз», Шәкәрім әні мен симфониясы дәстүрлі мәдени код пен қазіргі өмір шындығын байланыстыратын ортақ желі қалыптастырады.

Алма Айдар :

– Мұндағы ұлттық кодтарды фильмнің сыртқы безендіру элементтері ретінде ғана емес, Қасымның дүниетанымын қалыптастыратын мәдени орта ретінде қабылдадым. Мақта қыз желісі, музыка, Шәкәрімге және ұлттық рухани мұраға жасалған сілтемелер фильмнің кәсіпкерлік тақырыбын таза экономикалық  деңгейден шығарып, «байлық деген не?» деген философиялық сұраққа алып келеді. Фильмнің ресми материалдарында Шәкәрімнің мұрасы мен адамдық борыш идеясы негізгі лейтмотивтердің бірі ретінде көрсетіледі.

Бұл жерде Қасымның өткен шағы мен бүгіні қатар жүруі де өте маңызды. Өткен мен бүгіннің параллель берілуі арқылы фильм тек бір адамның өмір жолын көрсетіп қоймайды, тарихи жады мен бүгінгі таңдаудың арасындағы байланысты көрсетеді. Қасымның бүгінгі болмысын оның өткенінен бөліп қарау мүмкін емес.

Өткен тарихымызды білмей, оны түсінбей, саналы түрде болашаққа қадам жасауымыз қиын. Өткен – тек еске алатын кезең емес, бүгінгі шешімдерімізді түсінуге мүмкіндік беретін тәжірибе. Сондықтан Қасымның өткені мен бүгіні қатар жүруі фильмнің уақыттық құрылымын ғана емес, оның идеялық құрылымын да қалыптастырады.

«Қара алтын» жаңа кейіпкер типін қалыптастыра алды ма?

– Қазақстан киносында кәсіпкерді басты кейіпкер ету сирек кездеседі. «Қара алтын» жаңа кейіпкер типін қалыптастыра алды ма?

Баубек Нөгербек:

– Бұл – фильмнің қазіргі қазақ киносы үшін қызықты қырларының бірі. Қасым арқылы қазақ киносындағы дәстүрлі кейіпкер моделіне нарықтық экономика жағдайында қалыптасқан кәсіпкер бейнесі қосылады.

Ол тек экономикалық жетістікке жеткен адам ретінде емес, жаңа әлеуметтік ортада өз орнын қалыптастырып жатқан тұлға ретінде көрінеді. Осы арқылы фильм тәуелсіздік кезеңіндегі қоғамның өзгеруі мен жаңа әлеуметтік типтердің пайда болуын жеке адамның тағдыры арқылы көрсетеді.

Алма Айдар:

– Бұл – фильмнің маңызды жаңалығының бірі деп ойлаймын. Қазақ киносында біз көбіне тарихи тұлғаны, ауыл адамын, зиялыны, әлеуметтік ортадағы қарапайым кейіпкерді көбірек көрдік. Ал кәсіпкерді ұлттық драманың орталық кейіпкеріне айналдыру – салыстырмалы түрде сирек құбылыс.

«Қара алтын» кәсіпкерді тек ақша табатын адам ретінде емес, тарихи кезеңнің өзгерісін бірінші болып сезінген субъект ретінде көрсетеді. Қасым ескі жүйеден жаңа экономикалық модельге өтудің аралығында тұр.

Сондықтан бұл жерде жаңа кейіпкер бейнесінің негізі бар. Бірақ мен «жаңа кәсіпкер бейнесі толық қалыптасты» деп асығыс қорытынды жасамас едім. Бұл бір фильммен қалыптасатын нәрсе емес. Енді қазақ киносында әртүрлі кәсіпкер бейнесі – адал кәсіпкер, прагматик кәсіпкер, әлеуметтік жауапкершілігі бар кәсіпкер, моральдық таңдауға келген кәсіпкер сияқты күрделі бейнелер пайда болуы керек.

«Қара алтын» кейіпкерді дәріптеудің шекарасын сақтай алды ма?

– Нақты кәсіпкердің өміріне негізделген фильмде көркем туынды мен кейіпкерді дәріптеудің ара-жігін сақтау маңызды. «Қара алтын» осы шекараны сақтай алды ма?

Баубек Нөгербек:

– Өмірбаяндық материалды көркем фильмге айналдырғанда автордың фактілерді іріктеп, жинақтауы және кейіпкердің көркем бейнесін қалыптастыруы заңды. «Қара алтын» да нақты адамның өмір жолын экрандық драматургияға бейімдейді.

Фильмде Қасымның табандылығы, еңбекқорлығы мен кәсіпкерлік қабілеті алдыңғы қатарға шығады. Бұл оны жағымды әрі жинақталған кейіпкер ретінде қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге кейіпкердің адамдық болмысын әр қырынан көрсету –  оның жетістігімен қатар күмәні мен таңдауларын да ашу –  образдың көркемдік ауқымын одан әрі кеңейте түсер еді.

Жалпы алғанда, фильмді деректі өмірбаян емес, нақты тағдырдан шабыт алған авторлық көркем интерпретация ретінде қабылдаған орынды.

Алма Айдар:

– Көркемсуретті фильмнің міндеті – фактіні қайталау емес, сол факт арқылы адам мен қоғам туралы көркем шындық жасау.

«Қара алтын» Қасымды біржақты мінсіз кейіпкерге айналдырмауға тырысады. Оның тәуекелі, күмәні, қиын шешімдері бар. Бірақ сонымен бірге фильмнің мотивациялық табиғаты Қасымның тұлғасын белгілі бір дәрежеде қаһармандық модельге жақындатады.

Сондықтан фильм бұл шекараны жалпы сақтағанымен, кей тұстарда дәріптеуге жақындайды. Егер Қасымның қателіктері, әлсіздіктері мен моральдық таңдаулары көбірек көрсетілгенде, оның тұлғасы одан сайын күрделене түсер еді. Ал күрделі кейіпкер әрқашан көрерменге нанымдырақ әсер етеді.

«Қара алтынның» қазіргі қазақ киносы үшін басты ерекшелігі неде?

– «Қара алтынның» қазіргі қазақ киносы үшін басты ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

Баубек Нөгербек:

– Фильмнің басты ерекшелігі –  қазақ киносындағы тақырыптық және кейіпкерлік ауқымды кеңейтуге ұмтылысында. Бизнес, капитал, мұнай, инвестиция секілді экономикалық ұғымдар жеке адамның тағдырымен байланыстырылады.

Сонымен бірге фильм экономикалық нарративті ұлттық мәдени кодтармен қатар алып жүреді. Бір жағында мұнай индустриясы мен кәсіпкерлік тұрса, екінші жағында отбасы, ұлттық тәрбие, фольклорлық мотивтер мен музыка бар.

Сондықтан «Қара алтынды» тек кәсіпкердің өмірбаяны ретінде қабылдау жеткіліксіз. Ол жеке тұлғаның тағдыры арқылы тәуелсіз Қазақстанның алғашқы экономикалық өзгерістерін және жаңа әлеуметтік ортаның қалыптасуын көркем пайымдауға талпынған фильм ретінде қызықты.

Алма Айдар:

– «Қара алтын» фильмінің басты ерекшелігі – қазақ киносындағы кейіпкер табиғатының өзгеріп келе жатқанын көрсетуінде. «Қара алтын» осы тұрғыдан қызық. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын қазіргі Қазақстанның қалыптасу тарихымен байланыстырады. Мұнай, бизнес, капитал, ұлттық мәдениет, адамдық борыш сияқты бірнеше ұғымды бір кейіпкердің тағдыры арқылы тоғыстыруға ұмтылады.

Фильмде табиғи байлық, мәдени-рухани мұра және адами капитал бір-бірімен сабақтаста қарастырылады. Сондықтан «Қара алтын» мен үшін мұнай туралы ғана емес, байлықтың мәні, тарихи жады және болашақ алдындағы жауапкершілік туралы фильм.