Қазақстанда жеке инвестиция тарту арқылы 20 жаңа көпбейінді аурухана салу жоспарланып отыр

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Қазақстанның денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды kazlenta.kz.

Іс-шараға Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Кэти Лич, Канада Елшісі Алан Хэмсон, АҚШ Елшісі Дэниел Розенблюм, Дүниежүзілік банк пен Ситибанктің Қазақстан бойынша өкілдері, Ernst & Young, AstraZeneca, Janssen және Pfizer компанияларының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарының басшылары қатысты.

Жиынға қатысушылар заманауи медициналық технологияларды енгізу, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту, білікті мамандар даярлау, фармацевтика саласын дамыту, халықтың инновациялық дәрі-дәрмектерге қолжетімділігін арттыру, шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету және басқа да бірқатар мәселені жан-жақты талқылады.

Премьер-Министр соңғы жылдары Қазақстанда денсаулық сақтау саласында ауқымды реформа жүргізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі құрылды, міндетті медициналық сақтандыру енгізілді, телемедицина дамып келеді, құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер сатып алу процесі жақсарды, дәрігерлердің жалақысы едәуір артты.

«Жалпы, Үкімет 2027 жылға қарай медицина саласын қаржыландыру деңгейін ЖІӨ-нің 5%-на дейін жеткізе отырып, аталған саланы дамытудың тұрақты моделін құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған орай біз инвестициялар мен озық технологиялар тартуға мүдделіміз», — деді Әлихан Смайылов.

Ол Үкімет қабылдап жатқан шаралар саланың инвестициялық тартымдылығына оң әсерін тигізетінін айтты. Мәселен, өткен жылдың қорытындысына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі шамамен $540 млн-ды құрап, 30%-ға өсті. Сонымен қатар соңғы 7 жылда фармацевтика нарығының көлемі 2,9 есеге артты.

Оның айтуынша, медицина инфрақұрылымын жақсарту бойынша кешенді шаралар қабылданып келеді. Мәселен, ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша жеке инвестициялар тарту арқылы 20 заманауи көпбейінді аурухана салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысаны пайдалануға беріліп, 32 көпбейінді аудандық аурухана жаңғыртылады.

Премьер-Министр Үкімет мемлекеттік қолдау шараларының пакеттерін ұсына отырып, фармацевтикалық индустрияның әлемдік ірі өкілдерімен де белсенді іскерлік байланыстарды арттыратынын атап өтті. Осылайша, Pfizer компаниясымен Дәрі-дәрмек өндірісін локализациялау бойынша инвестициялық келісім жасау жоспарланып отыр. AstraZeneca компаниясымен инвестиция көлемі $32 млн болатын бірегей дәрілік заттардың келісімшарттық өндірісін құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сонымен бірге ҚР Президентінің АҚШ-қа сапары барысында GE Healthcare компаниясымен құны $60 млн болатын медициналық техника өндірісін локализациялау жөніндегі негіздемелік келісімге қол қойылды. Сондай-ақ Roche компаниясымен $2,5 млн сомаға бірқатар жоба пысықталып жатыр. Оңтүстік Корея, Түркия, Египет және Израиль инвесторларымен келісім-шарттық өндіріс жобалары жүзеге асырылуда.

«Дәрілік заттарға сұраныстың артуы аясында денсаулық сақтау саласының, оның ішінде фармацевтика өнеркәсібінің даму әлеуеті өте зор», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Жиынды қорытындылай келе Премьер-Министр уәкілетті мемлекеттік органдарға кеңес барысында айтылған ұсыныстар мен ұсынымдар бойынша жұмысты пысықтауды тапсырды.