Онда өңірлік ғылымды дамыту, өндіріс пен ғылым байланысын күшейту, су ресурстарын тиімді пайдалану және экономиканы әртараптандыру мәселелері кеңінен талқыланды. Ауқымды жиын Мемлекет басшысы айқындаған ғылыми-технологиялық жаңғыру міндеттерін жүзеге асыру бағытында ұйымдастырылды.
Көшпелі отырысқа Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов, ғылыми ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар мен кәсіпкерлер қатысты.
Негізінен, Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген міндеттерге сәйкес, экономиканың шикізаттық моделінен өнімді терең өңдеу жүйесіне көшу мәселесі жиынның өзегіне айналды. Сонымен қатар су тапшылығы жағдайында ресурстарды тиімді басқару, цифрлық технологияларды өндіріс пен ауыл шаруашылығына енгізу, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және өңірлік ғылымның әлеуетін арттыру бағытындағы бастамалар ортаға салынды.
Басқосуда облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов ғылымды дамыту өңір экономикасының басты қозғаушы күшіне айналуға тиіс екенін атап өтті.
«2026-2030 жылдарға арналған облыстың даму жоспарына ғылыми-зерттеу жұмыстары шығындарының үлесі арнайы көрсеткіш ретінде енгізілген. Сонымен қатар облыс әкімдігі жанынан ғылыми кеңес құрылып, кешенді жұмыс жоспары бекітілген. Жалпы, Президентіміз ғылымды ел дамуының негізгі қозғаушы күші ретінде айқындап отыр. Сондықтан ғылым мен өндірістің өзара байланысын күшейту – уақыт талабы. Бұл тұрғыда соңғы үш жылда өңірде ғылым саласын дамытуға 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Былтырдың өзінде 1 млрд 300 млн теңге бағытталып, бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда бес есеге артты. Қазір 400-ден астам маман ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстармен айналысуда, – деді ол.
Жалпы, өңірдің ғылыми әлеуетін арттыруда Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының маңызы зор. Институт қазір күріш шаруашылығы, су үнемдеу технологиялары және аграрлық ғылым салалары бойынша жеті ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыруға және су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған оң бастама саналады.
«Қазір ғылым саласы жүйелі өзгеріс күтеді. Бұл ретте келешекте ғылыми жұмыстармен айналысудан бөлек, оның қорытынды нәтижесін қаржыландыру ісін де жолға қою қажет. Бұдан өзге, Ұлттық ғылым академиясы кореялық ғалымдармен бірлесіп цифрлық платформа дайындап шықты. Осы арқылы Үкіметтен қаржыландырылған әрбір жоба ұдайы бақылауда болады», – деп өз ойын білдірді Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.
Оның айтуынша, қазір елімізде ғылымға бөлінген қаржының 70 пайыздан астамы Алматы мен Астана қалаларында тиесілі. Өйткені ғалымдардың басым бөлігі осы ірі орталықтарда шоғырланған. Бұл өңірлер үшін өте өзекті мәселеге айналып тұр. Соған орай келешекте өңірлік ғылымды дамытуға барынша басымдық берілуге тиіс деп есептейді.
Отырыс барысында DeepBas жобасының таныстырылымы жасалып, ғылым мен өндірісті байланыстыратын жаңа мүмкіндіктер сөз болды. Жоба аясында су ресурстарын басқару, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, қайта өңдеу саласын ғылыми сүйемелдеу, минералдық шикізатты кешенді өңдеу және экологиялық ахуалды жақсарту бойынша нақты ұсыныстар да берілді.
«Өңірімізде ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының көшпелі отырысының ұйымдастырылуының мәні зор. Әсіресе, бұл кездесу жоғары оқу орындары мен ғылыми институттар арасында тәжірибе алаңына айналды деп айтуға болады. Бұл шарада бірнеше бағыт қамтылып отыр. Оның ішінде күріш шаруашылығын дамыту, мұнай-газ саласының тиімділігін арттыру, су ресурстарын тиімді пайдалану және Арал өңірінің экология мәселесін шешуге басымдық берілді. Жалпы өңірдің әлеуметтік, экономикалық және технологиялық дамуына ғылым мен білімнің ықпалы зор. Соған орай бүгінде инновацияға негізделген және экономиканы жаңа үдерістерге қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстарды жүргізіп жатырмыз», – дейді облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов.
Көшпелі отырыста ғылыми-зерттеу институттарының, ғылыми-өндірістік орталықтардың және жоғары оқу орындарының басшылары баяндама жасап, өңірдегі экология, су ресурстары, қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамытуға қатысты өз ұсыныстарын жеткізді. Нәтижесінде, Қызылорда облысында ғылым мен өндірісті ұштастыруға бағытталған бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылданды.
Сыр өңірінде өткен көшпелі отырыс аясында форсайт-сессия ұйымдастырылып, академия мамандары жергілікті кәсіпорын өкілдеріне технологиялық олқылықтарды анықтау тәсілдерін түсіндірді. Сонымен қатар өңір кәсіпорындарында енгізуге дайын инновациялық жобалар көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы









