Шымкентте өткен креативті индустрия бағытындағы форум экскурсияға ұласты. Туристер мегаполистегі ұлттық құндылықтардың қыр-сырымен танысып, көне мәдениетті жаңғыртып отырған кәсіпкерлердің жұмыстарын бағамдады.
2200 жылдық тарихы бар қаланың тарихи орындарына арнайы барды. Осы іс-шара аясында Шымкентте «Amanat art HUB» орталығы салтанатты түрде ашылды. Креативті индустрияны дамыту – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Сондықтан осы күні шымкенттік озық ойлы мамандар үшін арнайы тап осы хаб ашылып отыр. Орталық креативті бастамалары бар азаматтар үшін қызмет етеді.
Шымкент қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Азамат Нұрымбетовтың мәлімдеуінше, бұл орталықтағы кеңістік этно-студияға негізделген. Мұнда қазақтың көне бұйымдарын заманауи болмыспен жаңарған түрде табуға болады. Аталмыш орталық ұлттық дүниетанымды кеңейтіп, қазақы нақыштарды жаңғыртуда көш бастап тұрған бірден-бір орын болмақ.
Мұнан соң қонақтар Жұмабек Тәшенов атындағы Университеттің креативті инудстрия жұмысымен танысты.Тәлімгерлердің қолынан шыққан бұйымдарды тамашалап, оң бағаларпын берді.