Шерхан Арыстан «Славян базары» халықаралық балалар музыкалық байқауының Гран-при иегері атанды

Қазақстандық жас орындаушы Шерхан Арыстан «Витебскідегі Славян базары» халықаралық өнер фестивалі аясында өтіп жатқан «Витебск» XXI халықаралық балалар музыкалық байқауының Гран-приін жеңіп алды, деп хабарлайды kazlenta.kz.

Қазылар алқасы 12 жастағы Шерханға конкурстың 2 күнінде де жоғары баға (70 балл) берді.

Осылайша, отандасымыз жалпы саны 140 балл жинап, ең жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Екінші орынды жергілікті жас өнерпаз София Рустамова (136 ұпай) алса, үшінші орынды армениялық Анаит Галстян (133 ұпай) иеленді. Конкурсқа 8-14 жас аралығындағы барлығы 18 елдің жас орындаушылары қатысты.

Байқаудың алғашқы күніңде Шерхан Арыстан Андреа Бочелли, Дэвид Фостер және Эми Фостердің Ama, Credi e vai (Сүй, сен және қадам жаса) композициясын орындады. Айта кетейік, Алматы облысының тумасы осыған дейін де бірнеше халықаралық байқаудың лауреаты атанған.

Халықаралық фестиваль осымен аяқталған жоқ. «Витебскідегі Славян базары» аясында эстрадалық ән орындаушылар байқауында Құралай Мейрамбек еліміздің намысын қорғайды.

Ересектер байқауына әлемнің 30 елінен үміткер қатысады. Қазақстандық орындаушылар бұған дейін аталған байқаудың бірнеше мәрте жеңімпазы атанған. Димаш Құдайберген (2015 ж.) мен Рухия Байдүкенова (2021 ж.) Гран-при жеңіп алса, әр жылдары Маржан Арапбаева, Әлішер Кәрімов, Мархаба Сәби және басқа да отандық өнерпаздар жоғары марапатқа қол жеткізген еді.