Сапар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген мәдениет саласын жүйелі жаңғырту, шығармашылық ортаны қолдау және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева алдымен шаһардың туристік әлеуетін саралап, қоғамдық кеңістіктердің даму барысымен танысты. Шымкент цитаделіне барып, музей экспозицияларын аралап, тарихи-мәдени мұраны сақтау ісінің маңызын атап өтті. Сондай-ақ этноауыл жұмысымен танысып, мұндай нысандарды архаикалық сипатта қалдырмай, заманауи, креативті әрі инновациялық бағытта дамыту қажеттігін жеткізді.
Арбат жаяу жүргіншілер аллеясында қалалық мәдениет, гастрономия және креативті индустрия жобалары таныстырылды. Осы орайда министр аталған аумақта бос жұмыс орындары туралы өзекті ақпарат пен жастарға арналған маусымдық кәсіптік бағдар беру материалдарын ұсынатын жұмыспен қамту орталығын орналастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Жалпы, сапар барысында креативті ортаны дамыту, жас таланттарды қолдау және мәдени мұра мен инновациялық тәсілдер үйлескен заманауи қалалық инфрақұрылымды қалыптастыру мәселелеріне басымдық берілді.
Сонымен қатар Шымкентте Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес Мәдениет және өнер университетін құру мәселелері талқыланды. Кеңес жұмысына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың, мердігер ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің басшылығы қатысты.
Жиын барысында Аида Балаева қатысушылардың ауқымды жобаны іске асыру барысы жөніндегі баяндамаларын тыңдады. Жаңа жоғары оқу орны М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Мәдениет және өнер факультетінің базасында құрылады. Жоспарға сәйкес оқу орнында 6 факультет, 17 кафедра және бакалавриат, магистратура мен докторантура бойынша 46 білім беру бағдарламасы жұмыс істейтін болады.
Негізгі басымдық кино және телевидение, анимация, медиа-менеджмент, цифрлық дизайн, сценография және өзге де бағыттар бойынша техникалық кадрлар даярлауға беріледі. Сонымен қатар Қазақстанда алғаш рет цирк өнері саласы бойынша жоғары білімді мамандар даярлау жоспарланып отыр. Сондай-ақ реставраторлар даярлау да жаңа бағыттардың бірі болмақ. Кездесуде Шымкент қаласында жаңа Опера және балет театрын салу мәселесі де қаралды. Бұл нысан бойынша қала әкімдігі жалпы аумағы 2,8 гектарды құрайтын жер учаскесін белгілеп қойған. Жобаға сәйкес театрдың көрермен залы 1 500 орынға лайықталып салынады. Қазіргі уақытта қалада 1984 жылы салынған, 330 көрерменге арналған Опера және балет театры жұмыс істеп тұр.
Осы күні Шымкентте музыкалық білім беру саласының ұстаздарына Президент атынан мемлекеттік наградалар табысталды. Салтанатты рәсімде Аида Балаева өнер педагогтарының ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттаудағы, сондай-ақ жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытудағы еңбегін ерекше атап өтті.
«Күй күмбірі» республикалық акциясын ұйымдастыруға және өткізуге қосқан үлесі үшін бірқатар ұстаз марапатталды. Атап айтқанда, «Құрмет» ордені Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының музыка пәні мұғалімі Гүлфайруз Елжановаға табысталды. №46 мектеп-лицейдің мұғалімі Еркежан Намазова «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталса, №58 жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі Гүлзира Даржанова «Алғыс» грамотасына ие болды.
Осылайша, бір жағынан, өңірде мәдени инфрақұрылымды дамытуға бағытталған стратегиялық жобалар қолға алынса, екінші жағынан, сала мамандарының еңбегі жоғары деңгейде бағаланып отыр.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ









