Елорда күніне орай Есіл өзенінің жағалауындағы амфитеатр сахнасында JazzVIBE концерті өтті. Іс-шарада «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі мен «Жастар» сарайының «Жігер» эстрадалық-джаз ансамблі өнер көрсетті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Концерт барысында әлемге танымал хиттер, авторлық шығармалар мен қазақтың халық әндері джазға арналған ерекше аранжировкада орындалды. Бағдарлама дәстүрлі джаз, джаз-рок, поп және заманауи музыкалық бағыттарды тоғыстырды.
«Жігер» ансамблінің көркемдік жетекшісі Рүстем Әміровтің айтуынша, ұжым джаздың элитарлы әрі күрделі музыка емес, керісінше еркін, жанды және өте әсем өнер екенін жеткізуді мақсат еткен.
Сахна төріне халықаралық байқаулардың лауреаттары мен беделді марапат иегерлері шықты: Әлібек Алмадиев, Зарина Божақова, Татьяна Ким, Евгений Ботников, Әсет Қасайынов, Ақжол Исін, Өнер Құлов, Мәди Сыздықов, Елена Белякова, Нұрлыбек Закенов, Аман Шаймерденов және Бақытжан Масалим.