Ұлттық поэзияның тамырына нәр беріп, жас таланттарға жол ашқысы келіп жүрген ақын Мөлдір Айтбай қара өлеңнің қадірін жаңа буынға жеткізуді мұрат тұтса керек. Апта сайын өткізіліп жүрген кештің мақсаты да осында. Әзірге өңір-өңірде көрермендерді поэзиямен сусындатып, кеш көрігін қыздыра түскен ақындар жыл соңына дейін финалға жетуді көздеп отыр. Әлі қанша кеш өтеді? Бұл жобаның маңызы қандай? Біз бұл сауалды жобаның үйлестірушісі әрі идея авторы Мөлдір Айтбайға қойдық.
– Мөлдір, «Мөлдір өлең» сізге не береді? Жалпы, мұндай ұлттық поэтикалық жобаны ұйымдастырудың мәні неде?
– Шынымды айтсам, бұл жоба маған материалдық тұрғыдан көп нәрсе бермейді. Керісінше, уақытымды, күш-қуатымды, тапқан табысымды осыған жұмсап жүрмін. Бірақ оның есесіне сөзбен айтып жеткізуге келмейтін керемет рухани ләззат аламын. Ақындардың өлең оқығанын тыңдап, көрерменнің әсерленгенін көргенде, жан дүниең ерекше бір рақатқа бөленеді.
«Мөлдір өлеңді» жүргізіп тұрған сәтте өзімді өмірдегі өз орнын тапқан адамдай сезінемін. Адамның жүрегі бір істі шын қалап, сол іспен айналысқан кезде ғана осындай күйді бастан кешетін шығар. Сол рухани ләззат үшін кездескен кедергілерге де төзуге тура келеді.
Бұл жобаны ұйымдастырудағы басты мақсатым – қазақтың жүрегінде ұйықтап жатқан қара өлеңді ояту. Өлең біздің халқымыздың қанында бар. Қазақ қуанышын да, қайғысын да, сағынышын да, арманын да өлеңмен жеткізген. Бірақ қазіргі қарбалас заманда сол қасиетіміздің көмескіленіп бара жатқаны байқалады. Біз қара өлеңді сахнаға қайта шығарып, халықпен қайта қауыштырғымыз келеді. Өлеңді тек кітаптың ішінде қалдырмай, тірі өнерге, елдің рухани мерекесіне айналдыруды көздейміз.
– Жобаның басталғанына он екі апта болды. Осы уақыт ішінде қандай қиындықтар кездесті?
– Қиындық өте көп болды. Оның бәрін тізіп айтып шығу да оңай емес. Кейбірін елге айтып, жария етудің де қажеті жоқ шығар. Оларды бір Құдай, қасымдағы көмекшім Бану және мен ғана білеміз.
Сырт көзге сахна жарқырап, ақындар өлең оқып, көрермен қол соғып отырғаны ғана көрінеді. Ал сол кештің сыртында қаншама жұмыс жатыр. Ақындарды шақыру, олардың жол жүруін ұйымдастыру, жатын орнын қарастыру, сахнаны дайындау, техникалық топпен келісу, уақытты үйлестіру, билет сату, жарнама жасау – мұның бәрі қыруар еңбекті қажет етеді.
Кейде біреуін шешсең, екіншісі кездесіп қалады. Бір ақынның билеті өзгеруі мүмкін, бір техникалық құрал істен шығуы мүмкін, тіпті қаржы жетпей қалатын кездер болады. Алайда біз қиындықтың бәріне қарамастан, жобаны тоқтатпай, өткізуге тырысып келеміз. Өйткені бұл істі бастағаннан кейін орта жолда қалдыруға болмайды.
– Айтыс ақындарына қарағанда, жазба ақындар көбіне томаға-тұйық, көпшілік алдына шығып, көрінгісі келмейді. Өлең жарысына қатысуға ниет білдіргендер көп болды ма?
– Иә, жазба ақындардың табиғаты айтыс ақындарынан өзгешелеу келеді. Олардың көбі тыныштықты, оңашалықты жақсы көреді. Өлеңін жазып, оны кітапқа жариялауы мүмкін, бірақ сахнаға шығып, көпшіліктің алдында сайысқа түсуге бірден келісе бермейді.
Жобаны бастар алдында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновпен ақылдастық. Одан кейін одақтың өңірлердегі филиалдарының төрағаларымен кеңесіп, әр облыстан үш ақыннан іріктеп алдық.
Жоба басталғаннан бері әлеуметтік желілер арқылы жеке парақшама жазып жатқан адамдардың есебі жоқ. «Мөлдір өлеңге» қатысқымыз келеді», «Келесі кезеңге қалай өтініш береміз?» деп сұрап жатқандар өте көп. Бұл – жобаның ақындар арасында да, жалпы өлеңсүйер қауым арасында да қызығушылық тудырғанының белгісі.
Биылғы қатысушылардың құрамы алдын ала жасақталып қойғандықтан, хабарласқан адамдардың бәріне келесі жылғы жобаға қатысуға өтініш беріңіздер деп айтып жатырмын. Бұйырса, келесі маусымда іріктеу ауқымын кеңейтіп, жаңа есімдерге де жол ашқымыз келеді. Қазақтың әр өңірінде көпке әлі таныла қоймаған, бірақ өлеңі мықты таланттар бар. Соларды елге таныстыру – жобаның маңызды міндеттерінің бірі.
– Жобаның демеушісі кім? YouTube арнасы арқылы түсетін қаражат шығындарыңызды өтеуге жете ме?
– Қазір жобаның негізгі демеушісі – өзім. YouTube арнасынан бізге әзірге ешқандай қаражат түспейді. Ол жерден пайда табу үшін белгілі бір деңгейге жетуіміз керек. Оқырман саны мыңнан асуы, қаралымы мен көрсетілім сағаты талапқа сай болуы қажет. Біз әзірге ондай деңгейге жете қойған жоқпыз.
Билеттен және дауыс беруден түскен қаражат сол күні өткізілген іс-шараның шығындарын жабуға жұмсалады. Жұрт сахнаның сыртындағы көптеген қызметті байқай бермеуі мүмкін. YouTube арқылы тікелей трансляция жасау керек, техникалық топ жұмыс істейді, сахна безендіріледі. Мобилограф, дыбыс режиссері, музыканттар мен ұйымдастыру тобы бар. Аппаратураны жалға алу, залдың ақысы, жарнама, ақындардың жол жүру билеті – бәрі қаражатты қажет етеді.
Мен кейде біреуге арнап өлең жазамын, кейде айтысқа қатысамын. Сол жерден тапқан табысымды осы жобаға құйып жүрмін. Яғни басқа еңбектен келген қаражат қайтадан «Мөлдір өлеңнің» қажетіне жұмсалады.
Әрине демеуші іздеп жатырмыз. Бірақ әзірге жобаға толық қолдау білдіретін азамат немесе компания табыла қойған жоқ. Қазақ поэзиясына, руханиятына жанашыр азаматтар табылады деген үміт бар. Өйткені бұл бір адамның жеке жобасы ғана емес, қазақтың сөз өнеріне қызмет ететін ортақ дүние деп есептеймін.
– «Мөлдір өлең» жобасының жартылай финалы басталды. Алда әлі қанша кезең бар? Қорытынды сынға қанша команда шығады?
– Жартылай финал кезеңі алты аптаға созылады. Қазір соның алғашқы кездесулері басталды. Әр апта сайын командалар өзара сайысқа түсіп, ақындардың шығармашылық қабілеті әр қырынан сыналады.
Одан кейін үш аптаға созылатын финалдық кезең өтеді. Қорытынды кешке үш команда, яғни тоғыз ақын жолдама алады. Сол тоғыз ақын жоба бойы жинаған тәжірибесін, ақындық шеберлігін, сахнадағы тапқырлығы мен өлеңдегі қуатын соңғы сында көрсетуге тиіс.
Бұл жоба жай ғана дайын өлеңді жатқа оқып шығатын байқау емес. Мұнда ақынның сөзге деген жауапкершілігі, тосын жағдайда өлең құрай білуі, өзге ақынның шығармасын жүрекпен жеткізуі, қарсыласымен шығармашылық үндестік табуы сыналады. Сондықтан әрбір кезеңнің өзіндік салмағы мен ерекшелігі бар.
– Бәйге болған соң оның жүлдесі де бо-луы керек. Жекелеген азаматтар жобаға қолдау көрсетіп, көңілден шығатын сый ұсынады деп ойлайсыз ба?
– Ұсынатын шығар деп үміттенемін. Қазақтың мәрт, өнерге жанашыр азаматтары көп қой. Бастапқыда жобаға қатысқан әр ақынға 100 мың теңгеден береміз деп уәде еткен едік. Алайда әзірге қатысушыларға дипломнан басқа ештеңе бере алмадық.
Жалпы, 60 ақынға 100 мың теңгеден беру үшін алты миллион теңге қажет. Бұл ақшаны табуға 10 немесе 20 азамат бірігіп көмектессе де, мәселені шешуге болар еді.
Қазірдің өзінде кейбір ақындарға қарызбын. «Уәде етілген 100 мың теңгені қашан бересіз?» деп сұрап жатқандар бар. Оларды да түсінемін. Ақынның еңбегі бағалануы керек. Сондықтан уәдемізді орындау – менің мойнымдағы жауапкершілік.
Бұдан бөлек, жүлделі орындарға да қомақты сыйақы бергіміз келеді. Бірінші орынға – үш миллион, екінші орынға – екі миллион, үшінші орынға бір миллион теңге ұсынуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ жоба барысында ерекше көзге түскен ақындарға арнайы жүлделер тағайындағым келеді. Бұл ақындарға рухани қолдау ғана емес, олардың еңбегін материалдық тұрғыдан бағалау болар еді.
– Бұл жоба келешекте де жалғасын таба ма, әлде бір маусымдық іс-шара ретінде қала ма?
– Бұл жоба міндетті түрде жалғасын табады деп үміттенемін. Алла маған қуат берсе, денсаулығым мен мүмкіндігім жетсе, қаржы табылса, «Мөлдір өлеңді» жалғастыра бергім келеді.
Бұл бір мезгілдік іс-шара болып қалмауы керек. Оның жыл сайын өтетін, ақындар асыға күтетін, көрермен арнайы іздеп келетін үлкен поэзия мерекесіне айналғанын қалаймын. Бүгінде жобаға деген қызығушылықтың артып келе жатқаны байқалады. Әлеуметтік желілерде өлеңдер талқыланып, көрермендер өздеріне ұнаған ақындарға дауыс беріп жатыр. Мұның өзі жобаның болашағы бар екенін көрсетеді.
Біз жеңімпазға арнайы ауыспалы мүсінше табыстауды жоспарлағанбыз. Ол 100 грамм алтыннан және үш карат бриллиантпен көмкеріліп жасалады деген ой бар. Осы жөнінде зергерлік үймен келісіп те қойдық. Енді жобаның соңына дейін осы мүсіншені жасатуға қолдау көрсететін бір мәрт азамат табылады деп сенеміз.
Оны ауыспалы мүсінше деп атауымыздың өзіндік мәні бар. Биыл жеңіске жеткен ақын оны өз облысына апарып, сол өңірдегі музейге қояды. Келесі жылы сол облыстың өкілі мүсіншені жаңа жеңімпазға табыстайды. Осылайша, ол жыл сайын бір өңірден екінші өңірге көшіп, қазақ поэзиясының тұтастығын, ақындардың рухани сабақтастығын білдіріп тұрады.
Бұл мүсінше жай ғана бағалы бұйым болмауы керек. Ол – поэзияның тәжі, ақындық рухтың нышаны, қазақ өлеңінің мәртебесін айқындайтын символға айналса деймін. Бір облыстан екінші облысқа сапар шеккен сайын, елдің өлеңге деген құрметін арттырып, кейінгі буынға рух беретін құндылық болғанын қалаймыз.
«Мөлдір өлеңнің» түпкі мұраты да – осы. Ақындарды өзара жарыстыру ғана емес, ел ішінде өлеңге деген ықыласты күшейту, жаңа есімдерді таныту, қазақтың жүрегінде ұйықтап қалған қара өлеңді ояту. Осы мақсат орындалса, онда қиындық пен кедергінің бәрі артта қалар еді.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлзина БЕКТАС









