Aikyn.kz әлемдік жұлдыздардың Қазақстанға келуі оқиғалық туризмді қалай дамытатынын, елді Орталық Азиядағы ірі концерттік хабқа айналдыратынын баяндайды.
Әлемдік жұлдыз 3 қыркүйекте «Астана Аренада», ал 5 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында өнер көрсетті. Бұндай концерттердің маңызы мәдени шараның ауқымынан әлдеқашан кең. Халықаралық деңгейдегі концерттер мен спорттық жарыстар Қазақстанға сырттан турист тартатын жеке индустрияға айналып келеді.
2025 жылдың өзінде Алматыда шетелдік орындаушылардың 49 концерті өткен. 2026 жылы халықаралық афиша одан әрі кеңейді. Елімізде Deep Purple, Megadeth, Ricky Martin, Enrique Iglesias концерттері, Cirque du Soleil гастрольдері, Park Live фестивалі және басқа да ірі шаралары өткізілді. Бұндай тұрақты әрі тығыз күнтізбе Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі оқиғалық хаб ретіндегі позициясын күшейте бастады.
Бұндай оқиғалардың экономикалық әсері де байқалуда. Ірі концерт немесе футбол матчы қонақүйлерге, мейрамханаларға, қоғамдық көлік пен таксиге, әуе тасымалына сұранысты өсіреді. Ең бастысы, бұндай оқиғалар бұрын Қазақстанда болмаған туристер ағынын жасайды.
Mastercard деректері бойынша, Алматыда Jennifer Lopez концерті кезінде шетелдік карталар арқылы жасалған төлемдер 11%-ға өскен. Ал «Қайрат» пен «Реал Мадрид» матчы өткенде өсім 16%-ға жеткен. Келу туризміне қатысты бағалауларда осындай сапармен келген бір шетелдік қонақтың орташа шығыны шамамен 1 500 доллар деп айтылады.
Бұл көрсеткіштер туристік маршруттардың да өзгеріп жатқанын аңғартты. Бұрын Қазақстан мен Орталық Азия тұрғындары әлемдік деңгейдегі жұлдыздарды көру үшін Еуропаға, Дубайға немесе Ыстамбұлға баратын. Ал қазір ірі концерттің өзі Қазақстанға шетелдік азаматтарды тартуда.
Оқиғалық туризмнің негізгі логикасы да осында. Әлемдік жұлдызды шақырумен шектелмей, белгілі бір күнді тұтас туристік сапарға айналдыру. Көрермен концертке келіп қана қоймай, қалада тұрады, тамақтанады, көлік пайдаланады, басқа орындарды аралайды және ел туралы жеке әсермен еліне қайтады.Бұл ретте афишаның ауқымы ғана емес, шараның ұйымдастырылу сапасы да маңызды. Халықаралық іс-шаралар қауіпсіздік, сервис, логистика және көрермен мәдениеті арқылы бағаланады. Астанадағы концерттен кейін бір топ жас көрерменнің стадион аумағында қалып, қоқысты жинауға көмектесуі – шағын ғана көрініс болуы мүмкін.
Бірақ өзінен кейін қоқыс қалдырмау – мәдениетті адамның қалыпты әрекеті. Ал осындай қарапайым детальдар қаланың, халықтың, елдің сыртқы аудитория алдындағы беделін өсіреді.
Сондықтан Иглесиастың Қазақстанға арнаған үндеуін кезекті сыпайы комплимент деп қана қабылдаған дұрыс емес. Миллиондаған аудиториясы бар әлемдік әртістің назары – Қазақстанның халықаралық гастрольдер картасында көріне бастағанының дәлелі. Қазақ елі енді ірі концерттерді қабылдайтын нарық қана емес, Орталық Азиядағы оқиғалық туризмнің жетекші орталығына да айнала бастады. Бұған тек қуану керек!










