Шаһардың мәдени кеңістігі көркейеді

Сапар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген мәдениет саласын жүйелі жаңғырту, шығармашылық ортаны қолдау және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева алдымен шаһардың туристік әлеуе­тін саралап, қоғамдық кеңістіктердің даму барысымен танысты. Шымкент цитаделіне барып, музей экспозиция­ла­рын аралап, тарихи-мәдени мұраны сақ­тау ісінің маңызын атап өтті. Сондай-ақ этно­ауыл жұмысымен танысып, мұндай нысандарды архаикалық сипатта қалдыр­май, заманауи, креативті әрі инновация­лық бағытта дамыту қажеттігін жеткізді.

Арбат жаяу жүргіншілер аллеясында қалалық мәдениет, гастрономия және креативті индустрия жобалары танысты­рылды. Осы орайда министр аталған аумақ­та бос жұмыс орындары туралы өзекті ақпарат пен жастарға арналған мау­сымдық кәсіптік бағдар беру материал­дарын ұсынатын жұмыспен қамту орта­лығын орналастыру мүмкіндігін қарас­тыруды ұсынды. Жалпы, сапар барысында креативті ортаны дамыту, жас таланттарды қолдау және мәдени мұра мен инновация­лық тәсілдер үйлескен заманауи қалалық инфрақұрылымды қалыптастыру мәселе­леріне басымдық берілді.

Сонымен қатар Шымкентте Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес Мәдениет және өнер университетін құру мәселелері талқыланды. Кеңес жұмысына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыз­дықбеков, Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігінің, жергілікті атқарушы орган­дардың, мердігер ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің басшы­лығы қатысты.

Жиын барысында Аида Балаева қатысушылардың ауқымды жобаны іске асыру барысы жөніндегі баяндамаларын тыңдады. Жаңа жоғары оқу орны М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Мәдениет және өнер факультетінің базасында құрылады. Жос­парға сәйкес оқу орнында 6 факультет, 17 кафедра және бакалавриат, магистратура мен докторантура бойынша 46 білім беру бағдарламасы жұмыс істейтін болады.

Негізгі басымдық кино және теле­видение, анимация, медиа-менеджмент, цифрлық дизайн, сценография және өзге де бағыттар бойынша техникалық кадрлар даярлауға беріледі. Сонымен қатар Қа­зақстанда алғаш рет цирк өнері саласы бойынша жоғары білімді мамандар даярлау жоспарланып отыр. Сондай-ақ рестав­раторлар даярлау да жаңа бағыттардың бірі болмақ. Кездесуде Шымкент қаласында жаңа Опера және балет театрын салу мәселесі де қаралды. Бұл нысан бойынша қала әкімдігі жалпы аумағы 2,8 гектарды құрайтын жер учаскесін белгілеп қойған. Жобаға сәйкес театрдың көрермен залы 1 500 орынға лайықталып салынады. Қазіргі уақытта қалада 1984 жылы са­лынған, 330 көрерменге арналған Опера және балет театры жұмыс істеп тұр.

Осы күні Шымкентте музыкалық білім беру саласының ұстаздарына Прези­дент атынан мемлекеттік наградалар та­бысталды. Салтанатты рәсімде Аида Ба­лаева өнер педагогтарының ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттау­дағы, сондай-ақ жас ұрпақтың шығар­машылық қабілетін дамытудағы еңбегін ерекше атап өтті.

«Күй күмбірі» республикалық акциясын ұйымдастыруға және өткізуге қосқан үлесі үшін бірқатар ұстаз марапатталды. Атап айтқанда, «Құрмет» ордені Ы.Ал­тынсарин атындағы №65 мектеп-гим­назиясының музыка пәні мұғалімі Гүл­файруз Елжановаға табысталды. №46 мектеп-лицейдің мұғалімі Еркежан На­мазова «Ерен еңбегі үшін» медалімен наг­радталса, №58 жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімі Гүлзира Даржанова «Алғыс» грамотасына ие болды.

Осылайша, бір жағынан, өңірде мәдени инфрақұрылымды дамытуға бағытталған стратегиялық жобалар қолға алынса, екінші жағынан, сала мамандарының еңбегі жоғары деңгейде бағаланып отыр.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ