«Халықтың ықыласы мәртебесіз қалдырмайды екен»: Ақбота Керімбекова қуанышты жаңалығын жеткізді (видео)

Әнші Ақбота Керімбекова мемлекеттік марапатқа ие болды, – деп жазды Aikyn.kz.

Өнер иесі Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында “Парасат” орденімен марапатталған.

Әнші бұл отыз жылдан кейін алып тұрған марапаты екенін айтып, әсерлі жазба жариялады.

«Әнімнің, өнерімнің жанашырлары! Тыңдармандарым! Бүгін мені ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаева “Мәдениет және өнер қызметкерлері” күніне арналған салтанатты жиында ҚР Президентінің Жарлығымен берілген “Парасат” орденімен наградтады. Бұл әрине, мен үшін үлкен қуаныш! Өнерде жүрген 30 жылға жуық уақытымда бір де бір мемлекеттік награда алмағаным көп адамды таңғалдыратын. Оған ең әуелі өзімнің ынтамның, онан соң, талпынысымның болмағаны, ешқашан атақ алу үшін еңбек етпеуім себеп еді. Бірақ, халықтың ықыласы, бағасы өнер адамын мерей-мәртебесіз қалдырмайды екен. Бүгін бұйырды. Сол үшін бұл марапат менің емес, тыңдармандарымның марапаты деп есептеймін. Өнерге қадам басқан жылдарымнан бері маған кәсіби білім берген, тәжірибемді қалыптастырған ұстаздарымның, шығармашылық ұжымдардың, жақсы әндерін ұсынған авторларымның, біздің шығармашылығымызды насихаттаған өнер жанашырларының, әкем мен анамның да марапаты – бұл! Рақмет, ризамын!» – деді әнші.

Әнші еңбегі бағаланғанына ризашылық білдірді.

«Мәдениет саласында еңбек етіп жүрген әрбір еңбеккердің қадамын бақылап, бағалап отыратын Президентімізге, өнердің барлық саласына жанашыр министрімізге зор алғыс! Тарихы терең, тағылымы мол ұжымым – Роза Бағланова атындағы “Қазақконцерт” МКҰ-на көп рақмет! Ал мен тағы да әнсапарға шығып барамын. Министрліктің қолдауымен, “Қазақконцерттің” бастамасымен жүзеге асқан халықтық думан – “Халық әуені” шығармашылық керуенімен бірге Маңғыстау жұртымен кездесемін. Ақ жол болсын!» – деді Ақбота Керімбекова.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.