XIV ғасыр. Моңғол империясының ыдырап, Ұлы Жібек жолының ықпалы әлсіреген алмағайып кезең. Дәл осы сындарлы сәтте тарих сахнасына жас та болса қайсар мінезімен көзге түскен Әмір Темір шығады. Фильмде аты аңызға айналған қолбасшының қалыптасу жолы, әскери дарыны мен саяси көрегендігі кеңінен көрініс табады. Ол ішкі алауыздық пен әділетсіздікке қарсы тұрып, қарсыластарына қарсы батыл қадамдарға барады. Нәтижесінде, әлсіреген билік жүйесін күйретіп, өз дәуірінің жаңа тәртібін орнатады. Картина тек тарихи оқиғаларды тізбелеумен шектелмей, Әмір Темір тұлғасының күрделі болмысын, оның билік жолындағы шешуші қадамдары мен көзсіз ерліктерін тереңірек ашуға талпыныс жасайды.
Фильм режиссері – Джейкоб Шварц. Ал басты рөлді сомдаушы әрі сценарий авторларының бірі – Кристиан Мортенсен. Фильмде Темірланның одақтасы әрі кейін қарсыласына айналған Әмір Хұсайынның бейнесін Махеш Джаду сомдаған. Ол көрерменге The Witcher және Marco Polo жобалары арқылы жақсы таныс. Ал Темірланның көп жылғы қарсыласы хан Ілияс Қожаның рөлін Джошуа Джо, әйелінің рөлін танымал өзбек актрисасы Юлдуз Раджабова алып шықты. Халықаралық жобаға шетелдік жұлдыздармен қатар Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, Мақсат Сәбит, Санжар Мәди, Әзиз Бейшеналиев, Жандос Айбасов сынды қазақстандық танымал актерлер де қатысқан. Сондай-ақ атты әскер қатысатын күрделі сахналарды орындау үшін Nomad Stunts каскадерлер тобы тартылған.
Туынды авторлары тарихи тұлғаның қоғамдық рөлінен гөрі, оның адами болмысына үңілуді басты назарға алғанын айтады. Фильмде әлем таныған Темір емес, жақындары таныған Темір бейнесін көрсету басымырақ. Жеке қарым-қатынастарды, ішкі қайшылықтар мен эмоциялық байланыстарды көрсету арқылы тарихи тұлғаның шынайы болмысы айқындала түседі.
– Әмір Темір бейнесі бұл фильмде жаулаушы не қатал қолбасшы ретінде емес, ең алдымен, жеке тұлға ретінде ашылады. Ол әке рөлінде қандай болды? Күйеу ретінде ше? Жақындарына қандай тұлға болды? Мәдени контексте ол кім? Яғни, оны әлем қалай таныды дегеннен бұрын, оны өз ортасы, жақындары қалай қабылдады деген сауал алға шығады. Жеке қарым-қатынастарды түсіну арқылы эмоциялық тереңдікті қалай қалыптастыруға болады? Мәселе осында. «Темірлан» – Ұлы Жібек жолы мен Орталық Азия кеңістігі секілді мультимәдени жоба. Бұл ерекшелік экраннан ғана емес, түсірілім алаңындағы атмосферадан да сезілді, – деді Кристиан Мортенсен.
Картинаның атқарушы продюсері Бехруз Хамзаев өз сөзінде тарихи мұраға деген көзқарастың өзгеруге тиіс екенін атап өтті. Оның сөзінше, Әмір Темір тұлғасы мен Ұлы Жібек жолы секілді тарихи құндылықтар – аймақ халықтарына ортақ мұра.
– Өзбекстан, АҚШ және Қазақстан кинематографистерінің басын қосқан бұл бастама Орталық Азия киносы үшін бірегей құбылыс. Біз осы тарихпен өстік. Әмір Темір – біздікі. Ұлы Жібек жолы – біздікі. Бүкіл әлем бұл туралы өзгелердің оқулығынан емес, біздің аузымыздан еститін уақыт жетті, – деді Бехруз Хамзаев.
Фильмде негізгі рөлдердің бірін сомдаған Джошуа Джо алдағы уақытта Қазақстанға қайта оралып, жаңа жобаларға қатысуға ниетті екенін жеткізді.
– Менің түп-тамырым Оңтүстік Кореядан, ал қазір Ұлыбританияда тұрамын. Мұнда қайта оралғаныма өте қуаныштымын, себебі әдетте еуропалық актерлермен жұмыс істеймін. Көбіне өзімді сырт адамдай, бөтендей сезінетін кездер болады. Бірақ осы фильм жобасына алғаш келгенде, адамдар менен «қазақсың ба?» деп сұрады. Бұл мен үшін үлкен мақтау сияқты әсер етті. Өзімді осы елдің, осы халықтың бір бөлшегі ретінде сезіндім. Сондықтан алдағы уақытта тағы да жаңа жобалармен осында келіп жұмыс істегім келеді, – деді Джошуа Джо.
Туындының түсірілім жұмысы Хиуа қаласының ортағасырлық көне көшелері мен Алматы маңындағы тау бөктерінде өткен. Мәселен, Алматы іргесінде Әмір Темірдің қолбасшылық өміріндегі маңызды «Лайлы» шайқасы таспаланған. Тарихи деректерде бұл оның жеңіліс тапқан жалғыз шайқасы ретінде сипатталады.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы









