Олжас Жақыпбек: «Театр мен киноның басты айырмашылығы – актерлік ойынның ерекшелігінде»

– Өнер жолына келуіңізге не себеп болды? Бұл жолды өзіңіз таңдадыңыз ба, әлде бала кезден арман болды ма?

– Өнер жолына ата-анамның ықпалымен келдім. 4 жасымнан бастап өлең оқып, ән айтып, жарапазанға дейін жаттап, қонаққа барғанда дастарқанның гүлі болатынмын. Анамның өзі өнерге жақын болған соң мені соған баулып өсірген. Өзі жастайында хорға қатысып, ән айтқан. Сол кезден пианинода ойнап, музыкамен айналысу арманы болған секілді. Өйткені мені кішкентайымнан пианиноға, хорға және басқа да шығармашылық үйірмелерге апарып, өнерге деген қызығушылығымды оятты. Өнерге деген алғашқы қадамым осылай басталды.

  Ал әк ем – күрестен спорт шебері. Спорт саласының адамы болғанымен, менің таңдауымды ешқашан шектеген емес. Тек бала күнімде гимнастикаға қатыстырды, бірақ   соның пайдасын бүгінде көріп жатырмын. Себебі сахнадағы пластикама, дене еркіндігіне және қозғалыс мәдениетімнің қалыптасуына үлкен ықпал етті.

– Сіз үшін театр мен киноның басты айырмашылығы неде?

– Шыны керек, театр мен киноны бір-бірінен бөліп қарай алмаймын. Иә, екеуі табиғаты жағынан бірінен-бірі бөлек дүние. Дегенмен екеуінің де актер үшін орны ерекше.

 Кинода камера бар, қажет болған жағдайда бірнеше дубль жасауға мүмкін. Ал театрда олай емес. Дайындық кезінде ғана қателікті түзетіп, қайталай аласыз, бірақ қ ойылым басталған сәттен бастап актердің екінші мүмкіндігі болмайды. Сондықтан театр үлкен жауапкершілікті талап етеді.

 Театр мен киноның басты айырмашылығы – актерлік ойынның ерекшелігінде. Сахна кең болғандықтан, эмоцияны, кейіпкердің ішкі күйін және әрекеттерін ауқымды  жеткізуге тырысасыз . Өйткені көрермендердің бәрі бірдей алдыңғы қатарда отырмайды. Алыста отырған көрермен сіздің бет-әлпетің дегі ұсақ өзгерістерді байқамауы мүмкін, бірақ қимылыңды, дене пластикаңды және сахналық энергияңды сезіне алады.

 Ал камера алдында жұмыс істеудің талабы басқа. Мұнда барынша табиғи, өмірдегідей шынайы болуға ұмтыласыз . Кейде бір ғана көзқарас немесе болмашы қимыл кейіпкердің ішкі әлемін толық жеткізе алады.  Әрине, театр да шынайылыққа негізделеді. Десе де, сахна заңдылығы бойынша эмоция мен энергияны көрерменге анық жеткізу үшін оны белгілі бір деңгейде күшейтіп көрсету қажет. Яғни, сезім мен әрекет өмірдегіден бір-екі саты жоғарырақ беріледі.

  Менің ойымша, кәсіби актердің ерекшелігі – осында. Ол театр мен киноның табиғатын жақсы түсініп, екеуіне де тез бейімделе алуы керек. Бір ортадан екіншісіне еркін ауысып, әрқайсысының талабына сай жұмыс істей білу – актер шеберлігі. Актерді ерекше ететін де, кәсібилігін танытатын да – осы қасиет.

–  Сізді өзгерткен рөл болды ма?

– Бала күнімнен бір ой жиі келетін: таңертең оянғанда кешегі күнмен салыстырғанда бүгінгі күн сәл жақсырақ болғаны . Адам өмір бойы үздіксіз өсіп, жетіліп отырады ғой. Театрдағы әр дайындық та дәл сондай. Әр репетиция сайын жаңа нәрсе үйренесіз , жаңа қырыңды ашасыз.   Жалпы, күн сайын өмір сүріп жатқанымыздың өзі –  өзгеріп жатқанымыздың белгісі. Кеше түсінбеген нәрсені бүгін түсінуіміз мүмкін. Кеше біреуге ашулансақ, бүгін сабырға келгенде сол әрекетіміз үшін ұялып жатамыз. Кейде біреудің көңіліне тиіп кетсек, ертеңінде барып кешірім сұраймыз. Өмірдің өзі осындай өзгерістер мен сабақтардан тұрады. Сол сияқты әр рөлдің өз тағдыры, өз мінезі, өз эмоциясы болады. Әр кейіпкерді бірнеше апта, кейде айлар бойы зерттеп, талдап, ішкі әлеміне үңілеміз. Сол рөлдердің ішінде Мәжнүн бейнесі мен үшін ерекше болды. Р өлді сомдау барысында кейіпкердің табиғатын ғана емес, оның философиясын да терең зерттеуге тырыстым.

– Көрерменнің басым бөлігі бүгінде сізді Олжас Жақыпбек ретінде емес, «Нұрикамал» фильміндегі Тұрдықылыш бейнесі арқылы таниды. Көрерменнің кейіпкер мен актерді шатастыруына қалай қарайсыз?

– Иә, әрине, әлеуметтік желіде түрлі пікірлер болған шығар. Бірақ көрермен тарапынан үлкен дау туындады деп ойламаймын. Алайда ол пікірлердің менің жеке тұлғама емес, кейіпкерге бағытталғанын жақсы түсінемін. Қазіргі ақпарат өте жылдам тарайтын заманда кинодағы оқиғаны жұрт өз өміріндегі жағдайы мен байланыстырады. Оған әлеуметтік желіде түрлі болжамдар мен пікірлер қосып, мүлде басқа қырынан талқылап жатады. Кейде оны актердің жеке өмірімен де байланыстырып, қызу талқыға салып та жатады.

Мұндай жағдайлар  өнер тарихынан да кездеседі. Мы салы, Асанәлі Әшімовтің Бекежан рөлін   көрермендер актер мен кейіпкерді ажырата бермейтін. Бүгінде аудиторияның көзқарасы өзгерді, көпшілік актердің жеке болмысы мен сомдаған образын бөліп қарай алады. Дегенмен кейде көрерменнің актерді бұрынғы рөлдерімен салыстырып, жаңа образын қабылдай алмай жататыны да бар. Сондықтан оны өзім үшін белгілі бір деңгейдегі сын-қатер, шығармашылық шақыру деп қабылдаймын. Егер Тұрдықылыш образын қабылдай алмаған көрермендер болса, онда алдағы кино немесе театр жұмысымда мүлде басқа қырымнан көрініп, жаңа образдар арқылы олардың пікірін өзгертуге тырысамын.

   Негізінде бұл фильмнің басты мақсаты – белгілі әннің шығу тарихын көрсету, өмірде болған оқиғаны көрерменге жеткізу. Егер көрермен мені жағымсыз кейіпкер ретінде қабылдаса, актерлік тұрғыдан өз міндетімді орындағаным деп есептеймін.

  – «Ғашықпын саған» фильмі сіздің шығармашылық жолыңыздағы жаңа белес болды десек артық емес. Бұл жобада алғаш рет продюсерлік тізгінді ұстадыңыз. Фильмнің дүниеге келу тарихы, идеяның пайда болуы, түсірілім кезіндегі қиындықтар мен қызықты сәттер, сондай-ақ бұл тәжірибенің сізге берген сабағы туралы кеңірек айтып берсеңіз.

  – Біржан Қажығалиев ағаммен бірге  MuzBel  продакшнын ашып, кино түсіру идеясын қолға алдық. Жобаны бастаған кезде аздап сақтық та болды. Дегенмен тәуекелге бел буып, іске кірістік. Сол уақытта «Қайтадан» фильмінің прокаты дайындалып жатқан. Мен Жалын Тілеуберген мен Думан Еркінбекпен хабарласып, түрлі тақырыптар мен идеяларды талқыладық. Әңгіме барысында Думан шамамен 7-8 жылдан бері көкейінде жүрген ойын бөлісіп, келіншегімен  кездесіп, Алматы көшелерінде өткен сәтті әдемі махаббат хикаясына айналдырды. Түсірілім барысында түрлі қиындықтар мен күтпеген жағдайлар болды. Бірақ оның бәрі – шығармашылық процестің ажырамас бөлігі.

   Фильм көрерменге жол тартқаннан кейін күтпеген жағымды жаңалыққа куә болдық. Картинадағы әндер халықтың жүрегіне жетіп, үлкен сұранысқа ие болған. Осыдан кейін Алматы, Астана және Шымкент қалаларында концерттер өткіздік. Ең қызығы, билеттер бір күннің ішінде сатылып кеткен. Осылайша, бастапқыда жүзеге аспай қалған фестиваль идеясын кейін толық форматта жүзеге асырдық. Фильмнің көрерменге жетуі де, кейінгі концерттік жобалардың табысы да күткенімізден жоғары нәтиже берді. Сондықтан алғашқы продюсерлік жұмысымның осылай сәтті аяқталғанына қуандым.

  – Сіз актер ғана емес, композитор ретінде де танылып жүрсіз. Музыка сіз үшін нені білдіреді?

– Б ала күнімнен музыканы бәрінен жоғары қойдым. Ол – менің өмірім.  Кейде бөлмеме кіріп алып, пианиноны сағаттап ойнаймын. Бір жағынан – медитация, екіншіден, алдағы жобаларға шабыт әкелуші. Сөйтіп, біраз ойнап отырып, 2-3 нотаның қосылуымен бір әдемі дыбыс шығуы мүмкін. Қиялың қалай жетілдіріп, дамытып отырғанда жаңа әуен туады. Ж ан рақ аты – осы. Музыка бәрінен де биік. 

– Сіз музыка жазған спектакльдердің ішінде «Алтайдан ауған ел» қойылымы ерекше әсер қалдырғаны байқалады. С із үшін несімен есте қалды?

– Е сте қалған жұмыстың бірі – «Алтайдан ауған ел» қойылымына жазған музыка. С пектакльдің ауқымы өте кең, тарихи салмағы да ауыр еді. Қойылым өткен ғасырдың орта шенінде Алтайдан Түркияға қоныс аударуға мәжбүр болған қазақтардың тағдырын баяндайды. Саяси қысымның салдарынан мыңдаған қазақ туған жерін тастап, көше бастаған. Аман қалу үшін адам сенгісіз қиындықтарға төтеп берген. Осындай терең әрі тағдырлы оқиғаны музыка арқылы жеткізу үлкен жауапкершілік жүктеді. Сондықтан қоюшы режиссер Фархад Молдағалимен бірге дайындық процесіне тұрақты қатысып, әр көріністі бақылап, актердің эмоциясын сезінуге тырыстым. Музыканы тек сырттай жазып қойған жоқпын, қойылымның ішкі әлемімен бірге өмір сүрдім. Өйткені әр әуен  шығармашылық топпен ақылдаса отырып, оқиғаның желісіне сай жазылды. Нәтижесінде, қойылым да, музыка да көрерменге жетіп, өзіме де үлкен эмоционалдық із қалдырды.

– Дубляжда актер көрерменге жүзін көрсетпейді, бірақ кейіпкердің мінезін, эмоциясын, тіпті тағдырын тек дауыс арқылы жеткізеді. Сіздің пікіріңізше, дауыспен образ жасау мен сахнадағы немесе кадр алдындағы актерліктің айырмашылығы неде? Қайсысы актерден көбірек шеберлікті талап етеді?  

– Шығармашылық жолда дубляж саласында да бірқатар қызықты жобаларға қатыстым. Атап айтқанда, «Жұлдызды соғыстар» фильміндегі Кассиан Андорды, «Мұзды өлке» анимациялық фильміндегі Кристофты, Люк Бессонның «Валериан және мың ғалам шаһары» фильміндегі Валериан кейіпкерін дыбыстадым. Сондай-ақ «Коко құпиясы», «Ральф интернетке қарсы», «Арыстан патша», «Шақылдақ және төрт патшалық», «Алладин» секілді фильмдер мен анимациялық туындылардың қазақша дубляжына қатысып, басты кейіпкерлерге дауыс бердім. Осы жұмыстың ішінде маған ерекше жақын әрі сүйіктісі – «Коко құпиясы», «Арыстан патша» және «Мұзды өлке». Бұл туындылардың әрқайсысы өз алдына ерекше әсер қалдырды.

Менің ойымша, шығармашылық адам жан-жақты болғаны дұрыс. Егер мүмкіндік пен ресурс жеткілікті болса, бір ғана бағытпен шектелмей, түрлі салаларда өзіңді сынап көру керек. Себебі жаңа орта, жаңа тәжірибе шығармашылыққа тың серпін береді, шабыт сыйлайды. Кейде театрдан тыс жерде жинаған тәжірибеңнің өзі кейін сахнадағы жұмысыңа үлкен пайдасын тигізеді. Сол арқылы бұрын байқалмаған қырларың ашылады. Қ ай жерде жүрсем де өзімді ең алдымен театр актері ретінде сезінемін. Сондықтан сырттағы жұмыс арқылы белгілі бір деңгейде Қаллеки театрының да атын танытып жүремін деп ойлаймын.

– Өнер жолында әлі орындалмаған арманыңыз қандай?

–    Өмірде де, өнерде де мақсат көп. Ең бастысы – сол армандарды нақты мақсатқа айналдырып, біртіндеп жүзеге асыру. Бүгінгі еңбегіміз ертең сол үлкен армандарға бастайтын жолдың бір баспалдағы болуы мүмкін.

Шынымды айтсам, кейде үлкен армандарымды дауыстап айтуға қымсынамын. Неге екенін білмеймін, бәлкім, тым биік мақсат қойсам, айналамдағылар күлкі қылар деген ой бар. Сондықтан арманымды айтқаннан гөрі, қағазға түсіргенді жөн көремін. Тіпті, орындалған мақсаттарым мен жеткен жетістіктерімді де жазып қоямын.  Мен үшін арман – жай қиял емес, алға жетелейтін бағыт. Сол себепті оларды ішімде сақтап, әрекет арқылы дәлелдегенді ұнатамын.

– Сұхбатыңызға рақ мет! 

 

 Сұхбаттасқан  Айгерім Сұлтанғали,  ЕҰУ  студенті