Жас таланттардың жеңісі

1992 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бай­қауда қазақстандық өнерпаздар талай мәрте топ жарды. Ересектер мен ба­лалар арасындағы негізгі вокалдық бә­секелерді қоса есептегенде, отандық орын­даушылар осы уақытқа дейін жеті рет Гран-при иеленіп, ел мерейін үстем етті. Бұл байқау Шығыс Еуропадағы ең ірі мәдени фестивальдардың бірі са­на­лады. Оның бағдарламасы музыка, театр, кино, бейнелеу өнері және ха­лықтық қолөнер секілді түрлі өнер са­­лаcын қамтиды. Фестиваль жыл сайын түрлі мемлекеттен келген өнер­паздар мен шығармашылық ұжым­дар­дың басын қосады. Оның аясында концерттер, халықаралық музыкалық байқаулар, театр қойылымдары, кино көрсе­тілім­дері және көрмелерге арнал­ған түрлі мә­дени шара ұйымдастыры­лады. «Сла­вян базары» халықаралық мә­дени бай­ланыстарды нығайтып, әр­түрлі ел­дің өнері мен ұлттық мә­де­ниетін та­ныстыруға арналған беделді шы­­ғар­ма­шылық алаң ретінде қалып­тасқан.

Жасминаның жұлдызды сәті

19 елдің жас өнерпаздары бақ сы­наған «Славян базарының» балалар музыкалық байқауында талантты бүл­діршіндердің арасынан жеңіске қол жет­кізгендердің ішінде Жасмина Тү­зелова да бар. Ол – 13 жаста. Байқаудың алғашқы кезеңінде қазақтың халық әні «Сарыарқаны» орындап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Ұлттық нақыштағы туынды жас ән­ші­нің дауыс мүмкіндігін кеңінен көр­сету­ге мүмкіндік беріп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Екінші кезеңде ол «Ромашка-Василек» компо­зи­циясын шырқап, екі күннің қоры­тындысы бойынша 126 ұпай жинады. Нәтижесінде қазақстандық өнерпаз ха­лықаралық байқаудың ІІ дәрежелі лау­реаты атанды. Ал бас жүлде Бела­русь бүлдіршініне бұйырса, бірінші орынды Румыниядан келген қатысушы ие­ленген. Жасмина, әсіресе румыния­лық өнерпаздың өнеріне ерекше назар аударыпты. Опера жанрында ән шыр­қаған қатысушы Димаш Құдайбер­ген­нің репертуарындағы шығармалардың бірін орындаған. Болгариялық өнер­паз­дың да вокалдық мүмкіндігі қазақ­стандық әншіге айрықша әсер қал­дырған.

Жасминаның бұл байқауға дейін­гі жо­лы да оңай болған жоқ. Ұлттық іріктеу бір жылға жуық уа­қытқа созылып, бірнеше кезеңнен тұр­ды. Алдымен үміткерлер онлайн өті­нім тапсырса, кейін үздік вокалистер Алматыда өткен тікелей тыңдалымға қа­тысты. Жасминаға Қазақстан аты­нан халықаралық сахнада өнер көрсету мәртебесі осылай берілген еді. Осыдан кейін жас әнші ұстазымен бірге үш ай бойы тыңғылықты дайындықты бас­тап­ты. Жасмина Астанада, ал оның во­­кал бойынша педагогі Әділ Ахмет­жа­­нов Алматыда тұрғандықтан, дайын­дық үшін әнші анасымен бірге Алматыға арнайы барып, бірнеше ай бойы сол қалада тұрған. Жасминаның ай­туынша, халықаралық додаға дайын­дық барысында әрбір шығарма ұзақ талқылаудан кейін таңдалған.

– Біз бұл байқауға ұзақ әрі үлкен жауапкершілікпен дайындалдық. Ән таң­дау кезінде бірнеше нұсқаны қа­рас­тырып, ұстазыммен және мамандармен көп ақылдастық. Маған дауысымның мүмкіндігін барынша ашатын, мі­незіме де сәйкес келетін шығармаларды таңдау маңызды болды. Нәтижесінде «Сарыарқа» халық әні мен «Ромашка-Василек» композициясына тоқтадық. Байқауда түрлі елден келген өте мықты өнерпаздарды көрдім, олардың әр­қайсысынан үйренер дүние көп болды. Әсіресе Румыниядан келген қатысу­шының опералық орындауы қатты ұнады, ол Димаштың репертуарынан ән шырқады. Бұл жүлде мен үшін үлкен қуаныш әрі алдағы шы­ғармашылық жолыма беріл­ген маңызды серпін болды. Бо­ла­шақтағы ең үлкен ар­ма­ным – Eurovision ән бай­қауына қатысып, Қа­зақ­стан­­ның атын халық­ара­лық сахнада таныту, – деді ол.

Жас әншінің ха­лық­аралық дода­да­ғы табысы оның шығар­ма­шылық жолындағы ал­ғаш­қы ірі жетістігі емес. Жас­ми­на бұған дейін «Бала дауысы – 2021» байқауының Гран-приін иеленген. Байқау қорытындысында жас вока­листке танымал компози­тор­мен бірге авторлық ән жазуға мүмкіндік беретін арнайы сертификат та табыс­талды. 

«Кастингтен 8 рет өттім»

Ақерке Амалят – «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі аясында­ғы эстрадалық ән орындаушылар байқауында бірінші орын иеленген қазақстандық әнші. Екі күнге созылған өнер додасының қорытындысы бойын­ша қазылар алқасы қазақстан­дық орындаушыға 134 ұпай берді. Бас жүлде иегері атанған Италия өкілі Сорайя 135 ұпай жинап, Ақеркеден небәрі бір ұпайға озды. Екінші орынды Беларусь өкілі Елена Кузнецова мен молдовалық Алексей Осичев өзара бөліссе, үшінші жүлде Қырғызстаннан келген Нұрдоолот Деркембаев пен Грузия әншісі Важа Гаделияға бұйырды.

Байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар әлемдік хиттерді «минус 1» фонограммасының сүйе­мел­деуімен орындады. Ал екінші күні өнер­паздар Ұлттық Президенттік ор­кестрмен бірге славян тілдерінің бірін­дегі шығармаларды сахнаға алып шық­ты. Ақерке үшін бұл жеңіске апа­рар жол бірнеше айлық дайындықпен ғана шектелген жоқ. Әнші «Славян ба­зарына» қатысу үшін бұған дейін се­гіз рет кастингтен өткен. Биылғы до­даға ол шамамен алты ай бойы тыңғылықты дайындалып, вокалдық шеберлігімен қатар сахнадағы психо­логиялық төзімділікке де ерекше мән берген. Ақеркенің айтуынша, халық­аралық байқаудың сахнасына шығу оның көптен күткен армандарының бірі болған.

– «Славян базарының» сахнасына ал­ғаш рет 15 жасымда шыққан едім. Содан бері осы байқауға қайта оралып, үлкен нәтиже көрсетуді армандадым. Бұл жолғы дайындық та оңай болған жоқ, өйткені сахнаға шыққанға дейінгі толқу мен жауапкершілік кейде ән ай­тудың өзінен де ауыр сезіледі. Байқауға қатысу үшін бірнеше рет кастингтен өтіп, көп еңбек еттім. Фестиваль бары­сында түрлі елден келген талантты өнер­паздармен танысып, бір-бірімізді қолдап, жақсы араластық. Беларусь хал­қына қонақжайлығы үшін, ал кө­рерменге ықыласы үшін алғыс айта­мын. Елге осындай нәтижемен ора­л­ғаныма өте қуаныштымын, – деді Ақерке Амалят.

Жеңімпаздар диплом және арнайы мү­сін­шемен марапатталды. Ақерке Амалятқа бірінші орын үшін 15 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы табысталды. Байқауға төрелік еткен халықаралық қазылар алқасы­ның құрамына Беларусь, Ресей, Түр­кия, Грузия және Германияның өнер қайраткерлері енді. Қазақстан атынан қазылар алқасында Қазақстанның ха­лық әртісі Әлішер Кәрімов болды. Айт­пақшы, жүлдегер бұған дейін де бірқатар республикалық және халық­аралық байқауда топ жарған. 2024 жылы George Grigoriu International Pop Music Festival халықаралық фестива­лін­де І дәрежелі жүлде жеңіп алғаны және былтыр «Түркістан дауысы» мен «Шымкент сазы» байқауларында Гран-при иеленгені тағы бар.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ