Бояуға сіңген бабалар рухы

«Жошы хан – Ақсақ құлан» та­қырыбына арналған кездесу гра­фика, кескіндеме, мүсін және мо­ну­менталды өнер арқылы тарихи образ қалыптастырудың қыр-сы­рын қамтыды. Шеберлік сабағына бей­нелеу өнері бағытында білім алып жүрген 100-ден астам студент, университет оқытушылары, жас су­ретшілер, көркемөнер колледж­де­рінің шәкірттері мен шығарма­шы­лық қауымдастық өкілдері қа­тысты.

Сембіғали Смағұловтың бұл та­қырыпты таңдауы кездейсоқ емес. Жошы хан – қазақ тари­хын­да­ғы айрықша орны бар тарихи тұ­л­ға, ал оған байланысты «Ақ­сақ құлан» аңызы – халық жадында ға­сырлар бойы сақталып, өнердің бірнеше түріне арқау болған ру­хани мұра. Аңыздың негі­зін­де дүниеге келген күй­дің де қазақтың тарихи сана­сында ерекше ор­ны бар. Сурет­ші осы оқиғаны көр­кем­дік тұрғыдан зерделей отырып, жас буынға тарихи тұлғаның бейнесін жа­саудағы ізденіс жолын, образды әртүрлі өнер тілімен ашудың тәсіл­дерін көрсетті. Оның ай­туын­ша, тарихи тақырыпқа қалам тарту не­месе қыл­қа­лам ұстау үшін оқи­ға­ның мазмұнын білу жет­кіліксіз. Суретші тарихи де­рек­тің аста­рын­дағы рухани мән­ді сезінуі керек. Бұл ретте аңыз­ды сол қалпында суреттеу емес, оның ішкі дра­ма­тур­гиясын, қоз­ғалысын, плас­­тикалық шешімін тауып, дербес көркем об­раз­ға айналдыру маңызды. «С­у­рет­шінің мінде­ті – аңызды сөзбе-сөз бей­не­леумен шек­тел­­мей, оның плас­ти­калық және образдық мазмұнын та­бу», –  деп санайды профессор.

Суретші шебер­лік са­бағын­да өз шығар­ма­шы­лық ұс­танымын тү­сін­ді­ре отырып, өнер­дің ха­лық дүниетанымын жаң­­ғыр­тудағы міндетіне тоқ­талды. Оның пайымынша, су­рет­ші бар дүниені көшіріп көр­сетуші емес, халықтың рухани мұ­расын терең игеріп, соның негі­зін­де жаңа көр­кем­дік әлем қалып­тас­тырушы тұл­ға болуға тиіс.

– Халқымыздың рухани әлеуеті өте зор. Сол әлеуеттің қандай жағ­дай­­да, қандай көркемдік фор­мада әлем­ге қажет болатынын түсінуіміз ке­рек. Мен бүгінгі сабақта Жошы хан­ның образын кескіндеме, гра­фи­ка, мүсін және монументалды өнер арқылы қалай ашуға бола­ты­нын көрсеткім келді. Бұл – тек бір тарихи тұлғаның бейнесін жасау емес, тұтас бір дәуірдің дүние­та­нымын түсінуге жасалған қадам. Біз көшпенді халықтың кеңістікті қалай меңгергеніне де назар ау­даруы­мыз керек. Мәселен, көне ою-өрнектердегі иірімдер мен бұ­рылыстар жай ғана сәндік элемент емес. Оның әрқайсысының өзіндік мәні, кеңістікпен байланысы бар. Оюдың ақ пен қарасын да бірін негізгі бейне, екіншісін жай фон деп қарастыруға болмайды. Екеуі де композицияның тең дәрежелі бөлшегі. Мұнда кеңістік те, қоз­ға­лыс та, олардың өзара байланысы да маңызды. Қазақтың дүниені қа­былдауында осындай терең көр­кемдік заңдылықтар жатыр. Мен мұны «дала оптикасы» деп атай­мын. Дала оптикасы – далаға сырттай қарау емес, даладан әлем­ге қарау. Біз қоршаған таби­ғатпен қандай қарым-қатынаста болдық, кеңістікті қалай түсіндік, соның бәрі ұлттық өнерімізден кө­рініс табады. Бүгінгі суретші осы мұраны жай қайталап қана қоймай, оны өзінің интеллектуалдық ізде­нісі арқылы жаңғыртуы керек, – деді Сембіғали Смағұлов.

Шеберлік сабағының ба­ры­сында профессор «Жо­шы хан – Ақсақ құлан» тақы­ры­бындағы монументалды туынды­сы­ның нобайларын, графикалық жұмыстарын және композициялық шешімдерінің бірнеше нұсқасын таныстырды. Қатысушылар тарихи образдың алғашқы идеядан бастап тұтас көркем туындыға айналу ба­ры­сын көзбен көрді. Әсіресе су­рет­шінің бір тақырыпты әр­түрлі материал мен көр­кем­дік құрал арқылы жет­кізу жолдары студенттер үшін маңызды тәжірибе бол­ды.

Практикалық бө­лім­де сызық, мас­са, сұлба, ырғақ, қарама-қар­сы­лық пен тепе-тең­дік секілді ком­позицияның негізгі элементтері түсіндірілді. Суретші олардың туындының мазмұны мен көрерменге әсеріне қа­лай ықпал ететінін нақты мысал­дар арқылы көрсетті. Оның түсін­діруін­ше, композиция – фигуралар мен заттарды жазықтықта немесе кеңістікте орналастырудың тех­ни­калық тәсілі ғана емес, суретшінің ой­лау жүйесі. Көркем туындының әсерлі шығуы жекелеген элемент­тер­дің сұлулығына ғана емес, олар­дың бір-бірімен байланысына, қоз­ғалысына, ішкі ширығуына жә­не бос кеңістікті орынды пайда­лануы­на тәуелді.

Кездесуде графика, кескін­де­ме, мүсін және мону­мен­­тал­ды өнердің өзара сабақ­тас­тығы да кеңінен сөз болды. Бір та­ри­хи оқиғаны әр өнер түрінде бей­нелеу үшін суретші оның маз­мұ­нын сақтай отырып, әрқайсы­сы­ның табиғатына сай шешім табуы қажет. Мәселен, графикада сызық пен сұлба маңызды болса, мү­сінде көлем мен пластика, ал монументалды өнерде туындының кеңістікпен байланысы алдыңғы орынға шығады. Суретші өзінің авторлық жұмыстары арқылы осы ерекшеліктерді салыстырып, бір идея­ның әртүрлі көркемдік фор­ма­да қалай түрленетінін көр­сетті.

Профессор жас сурет­ші­­­лер­дің кәсіби қа­лып­­­тасуы туралы да ой бөлісті. Ай­туынша, көркемдік білім беру тек техникалық дағды­лар­ды мең­гертумен шектел­меуі керек. Әр сту­денттің жеке қабілетін ашып, дер­бес ой­лауы­на, ізденуіне және өзін­дік көр­кем тілін қалыптас­тыруы­на мүм­кіндік беру керек. Сембіғали Сма­ғұловтың өзі де осы ұста­нымды шығармашылығында басшылыққа алады. Астанадағы «Қазақ елі» монументінің авторы ре­тінде де кеңінен танылған сурет­ші отандық өнердің дамуына елеу­лі үлес қосып келеді. Сонымен қа­тар Қытай мен Солтүстік Кипрде ар­найы шақыртумен шеберлік са­бақтарын өткізіп, өз тәжірибесін ха­лықаралық шығармашылық ор­тада да бөліскен.

Бұл жолғы кездесудің маңызы белгілі суретшінің шығармашылық тәжірибесін жастарға таныс­тыру­мен ғана шектелмейді. Мұнда ұлт­тық тарихты өнер арқылы тану, көшпенділердің дүниетанымын за­манауи көркемдік тілмен жеткізу және аға буынның кәсіби тәжіри­бесін кейінгі ұрпаққа аманаттау мәселелері тоғысты. Әсіресе бола­шақ суретшілер мен мүсін­шілер үшін тарихи тақырыпқа жаңаша көз­қараспен қараудың нақты үлгісі ұсы­нылды. Қысқасы, суретшінің ше­берлік сабағы жас суретшілерге та­рихи образды жаңаша пайым­дау­дың жолын көрсетті.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ