Арылу туралы азалы кітап

Омарғазы Айтанұлы «Екі теке қашан сүзісер» атты повесінде «Мәдениет революциясының» адам баласына әкелген апатын туабітті зағип Бекбайыс әке мен тастанды қызы Шәметайдың тағдыры арқылы суреттейді. Айналасындағы тіршілік тынысын тек дыбыс арқылы сезіп, біліп, көріп, соның бәрін өз қара құрдымына қомағайлана жұтатын Бекбайыс үшін дүниеде екі жым-жырттық бар еді. Бірі – дөң үстіндегі бейіт. Екіншісі – ойпаңдағы ауыл.

Ауылдың азан-қазан болып жататын бұрынғы тіршілігі қазір жоқ. Ұжымдастыру науқаны бітеудей жұтып қойған. Ас ортақ. Мал ортақ. Ешкім үйінде от жағып, қазан көтермейді. Тұтас ел тайқазаннан тамақ­танады. Қорада тышқақ лақ жоқ. Бәрі – үкіметтікі. Төрдегі сырмақ та, қазан-ошақ та қаңсып қалған. Келімді-кетімді қонақ жоқ. Ене келінді, ата немерені, әке ұлды жұмсамайды. Айқай-шу жоқ. Бір-біріне ілігі жоқ. Бәрі тең. Ауыл мен мола да тең. Кіріп-шығып жүрген кілең аруақтар. Өлісі де, тірісі де бір. Тұтас жиырма жылға ұласқан хаос. Серілер туралы кітапты көп оқып, басы қисынсыз сорақы ойға лық толып, дуаланған Дон Кихот тәрізді бұлар да қарша бораған «Мәдениет рев­олю­циясының» адам ақылына сыймайтын листовкаларымен ұшынған еді. Тұтас әлем абсурдқа оранған.   

Біз сөз еткелі отырған Айтанұлының «Таразы» романы ауыл мен қорым­ның арасындай ауыр атмосферада өтеді. Мәдениет дүрбелеңі кезінде шарықтаған ауыл делік. Ауыл да емес – жаңадан құрылған «Ұшқын» атты отырықшы қауым. Үрімжінің іргесі, Еренқабырғаның етегіне қызыл үкіметтің өзі құрған отауы. Мал өскен, егін бітік делік. Шарықтағаны да шамалы. Ендігі кейпі осы. Ел көшкендей құлазыған жұрт. Қиранды үй. Аулада ақымнан алқам-салқам боп жаңа ғана түрегелген аруақтай Бақжамал кейуана отыр, қасында екі немересі. Емханадан шыққан Шәкида жол-жөнекей амандаса келген. Өзінің ең бақуатты дәуірі өткен Ұшқыны еді ғой бұл Шәкиданың. Байы Күдері – бригадир. «Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс». Түкірігі – түйме алтын. Астындағы қара қасқа жорғамен талай ойқастаған Ұшқынның көшелері еді ғой бұл қаңырап жатқан. Қасқа жорға­ның екпінімен-ақ елді сілкіп-сілкіп шаңын қағып алатын еді онда. Қазір үйілген оба да бір – Ұшқын да бір. Қайтар жолда құтырып кеткен Қатыранды көрген Шәкида. Кісі көргісіз. Танымаған. Әупі­р­ім­деп тапқан көлікпен ілдәлдалап келе жатыр. Шопыр жігітпен ілесе түскен үйі дәулетті адамдікі көрінген. Кейін білді, Қидарбектің үйі екен. Қыз күнінде қыр соңынан қалмай сөз салған Қидарбек. Жылтыраған көзі мен ақсиған тісі ғана көрініп, Ұшқынның бүкіл көң-қоқырын, боқ-тезегін егістік басына тасып, күлімсі иісі алыстан ұрып тұратын Қидарбек. Жұ­мысты жапыра істеп, тапқанына Шәки­да­ға киім-кешек, айна-тарақ алатын Қидарбегі екен. Бригадир Күдері екеуінің неке түнінде, ғашығының тойын (тойдан гөрі саяси мәжіліске көбірек ұқсайтын) алыстан орағытып аңдып жүріп, қапияда қолға түсіп, үш жылға жер аударылып кет­кен Қидарбегі. Сол Қидарбек бұл күн­де үлкен шаруашылықтың иесі. Қожа­лығын барынша кеңейту үшін ауылына мектеп пен мешіт салмақшы. Мешіт – тұзақ, мектеп – шырға. Екеуі де – ірге кеңейтіп, қара көбейтіп, сауда жүргізудің әлегі. Сол үшін алыстағы Тұрпаннан көне көз, ескі таныс Әмдүл қариды арнайы ал­ды­рып, баптап ұстап отыр. Жекешелен­діру науқаны тұсында тиген тұяғын алдына салып, Еренқабырғаның сай-саласына, тау-тасына сіңіп кеткен немере ағасы Шоту. Шоту қала жағалаған Қидарбектің қызылды-жасылына қызығып, ақтылы қой мен үйірлі жылқыға қарамай қаңғып келген екі ұлының, екі «шашты сайтанның» соңынан қуып келіп отыр. Көңілі алаң. Айғыр қуалап шашасын тас алып кеткен ақсақ атты ойлап құты қашып отыр. Шоту – дала заңына бағынған, ата-баба жосынын мұрат тұтқан, ұятын иманым деп білген қыр қазағы. Әмдүл – ежелден отырықшы, дін баққан, сауда мен иманын қатар безбендей білетін қари. Екеуінің дін-ислам төңірегіндегі еркін ұстаным мен қасаң қағидаларға толы талас-тартысы толастар емес. Мәтіннен суырып алып тарқат­сақ, бүгінгі күннің бітпейтін дауына ұласар еді. Іргелес бөлмедегі екеуді Шәкида танып жатыр. Күдерінің күркіреп тұрған тұсында, Тұрпанға барған іссапарда қа­ри­ды көрген. Ол кезде ауыл басшыларының сабында. Онда Әмдүлдің көзі Шәкидада емес, машинаға басып апарған екі ісек қойда болатын. Дастарқан басында ащы судан да тартынбап еді. Шоту – Бақжамал кемпірдің інісі. «Мәдениет революция­сы­ның» жалауы жығылмай тұрғанда Шотудың Қатыраннан көрген қорлығы бір басына жетерлік. Сақал-шашын күзеп, тасбиық, жайнамазын өртеп, Құранын таптап, өзін күс табанымен қалай езгілесе, анасындай болған Бақжамалды да солай тепкінің астына алған. Бақжамалды ғана емес, сары апаң, жақсы апаң, меңді апаң атанған ауылдың көне көздерін де «Төрт көнені» жоғалтайық деп жүріп түбіне жетіп тынған. Сөйткен Қатыран көтеріліп ауырып, құтырып кеткен. Дәм-тұзын Бақжамал кемпірден айырып жүр. Әу баста Қатыран қатардағы момын жігіттің бірі еді. Қапияда қолына тарыдай мәнсап тиіп, жүрісі содан бұзылды. Бет біткеннің ажары Шәкида мен кесек бітімді Күлтайды кезек айналдырды. Күдері мен Шәкиданың тойы күнгі бүлікте, ғашығы Шәкиданың тұңғыш сарық басар ләззәтті кешінің сауапты салқын босағасында, түнімен қалыңдықтың есігін күзетіп әбден қор болды, сүйегі жасып, морт сынды. «Таз ашуын тырнадан алыпты» дегендей, бар қайратын Күлтайға көрсетіп, кеткен есесін содан қайырды. Құрғап қалған тоғанның жарқабағы астында Күлтайды аяусыз соққыға жықты. Осыдан кейін-ақ көзі қарайып, қаны бұзылды. Тәлейсіз махаббаттың зауығынан көрген жан ашуы ма, қорлығы ма? Төңкерістің әпербақан ұрандары санасын тұмшалап тастағаны сондай, алақандай Ұшқында Қатыранның қолы тимеген жан баласы қалды ма екен? Нағашы ағасы Шотуды аямаған Қатыран кімді аясын? Енді, міне, аузынан ақ көбік ағып, сандырақтап жатыр. Байлап бағуға да келмес кейіпте. «Бұл дүниенікі о дүниеге кетпейді» деген рас екен. Қатыран көресісін көрмей көрге кірер емес. Шошына, үрейлене өзін-өзі жұлмалап айқай салады. Кілең кезінде өзіне билік пен бишікті қатар ұстатқан ұран сөздер: «Ұрыңдар, өлтіріңдер, тепкілеңдер, итке талатыңдар мені!.. Мен емес, мен емес, аспаңдар, атпаңдар мені!.. Иттің басын мұжыңдар! Патшаны аттан аударыңдар! Жолбарысты сауырынан сипаңдар!.. Ақтарыңдар, аппақ қу сүйектің астын ақтарыңдар!». Кие мен кепиеттің наласы қайдан жіберсін? Қатыран қазір Қидарбектің үйінде оң жақта жатыр. «Бір-екі күннен қалмас, жамағайын болса да сүйегі өз ұрқынан шықсын деген». Енді, міне, «Мәдениет революциясының» алағайлы-бұлағайлы шағында алмағайып күй кешкен – Шәкида-Күдері-Қидарбек-Қатыран-Шоту-Әмдүл қари – бәрі бір шаңырақтың астында, тағдыр талқысындай болған бір түзу сызықтың бойында қатар жатыр. Өткен шақтың елесі ғана емес, жанды жегідей жеген қасіреті, улы азабы сүйегін кеміріп жатыр. Ары айықпас азапқа салған пенделер. Осы қатарға енді Күлтай мен Мұқыжық келіп қосылар еді. Күлтай – Бақжамалдың немересі. Қатыраннан алған соққыдан кейін өзінен үш-төрт жас кіші Мұқыжыққа тиген. Екеуі ар жағы бес атадан қосылатын қаны бір туыс. Бұл да «Төрт көнені» табанына таптаған, ата дәстүрді отқа тастаған «Мәдениет революциясы» тудырған заңды неке еді. Бақжамалдың ақ батасын­сыз ұзатылған Күлтайды төркінсіз келін дерсің. «Күні өтіп ескіре келе кісі өлтірсе де кешеді ғой. Одан да қиын болғаны ма?..» Араға жеті жыл салып апасына кел­ген Күлтайдың көкірегі қарс айыры­лып… Артынан ерген қара жоқ. Тұлдыр. Адамнан да, аруақтан да кешірім жоқ. Ол да бір қарғыс – уы қайтпас дуа. 

Бәрінің де қым-қиғаш, күрмеуі көп тіршілік таласы бір желіге тартылып, бір көгеннің бойына байланған. Сап түзеп қатар жатыр. Бір-бірімен матаса, қабыса жымдасып, талқыға түскен тағдыр таразысы дерсің. Таразының екі басы қашан тең түсіп еді? Кімді кім таразыдан жеп еді? Жиырма жылға ұласқан ұлы зобалаң, енді, міне, кішкентай гір тастарының ал­дында қалтырап тұр. Маһшар алаңын­дағы соңғы сағаттың ауыр соғысы тәрізді. Ақ басты Боғда шыңындай ағару күні, арылу күні дерсің бұл күнді. Қорқыныш, үрей, өксік, ұждан дертіне ауру азабы қосы­лып, ару Шәкида қу шүберектей боз­ар­ып жатыр. Елес, сандырақ, талықсу. Әрең-әрең тілге келеді. Той күні киген шағи көйлегін сұратады. Қасына күйеуі Күдері мен қима­сы Қидарбекті қатар отыр­ғызған. «Екі дүниеде обалың менде», – дейді Қидарбекке. Қылдай ғана мойны қайсы обал, қайсы сауапты көтермек екен? Ұмыту – опасыздық. Өзі де аз сор кеш­кен жоқ. Санасы мидай сапырылып, бәрі қайтадан жаңғырып, темірдей құрсау жан алқымын босатар емес. Босағада баяғыда келініне қалжа сұрай келген Бақжамалдың аянышты бейнесі елестейді. Меселі қайтып, сағы сынып, құр қол қайт­қан. Аузынан ақ май ағып отырып, тым құрыса бір аяқ қымыз құйып бере ал­мап еді ол жолы. Ендігісі мынау. «Қалам­ыңды қолыңа ал, Күдері, жаз! Былай деп жаз: Бақжамал кемпірдің келінінің қал­жасына бір серкеш берілсін! Таяғына сүйен­іп есік көзінде әлі тұр…» Өсиет емес, сандырақ емес, өтініш. Баяғыда шала өртеніп, бықсығы ғана қалған ұяттың үзілер тұста қайта шапқан алауы. Осы кезде оң жаққа қисайтып, қозғай берген Қатыранға қапияда жан бітіп, есі кіргендей, санасы сауыққандай көзін ашып ыңыр­сиды. Қияметтің отына тірідей түсіп, таза­рып, жуылып шыққандай. Осының бәрі кешегі сиыр түстен бүгінгі сәскеге дейін болған уақиғалар тоғысы. Жиырма жылдық бұралаң жол бір тәулікке сыйып кеткен. Жиырма жыл бойы болжаусыз, ба­ғыт­сыз сүрдек жолды мағынасыз шиыр­лап, шеңбердей айнала берген, айнала-айнала шым-шытырық шырмалған жіптің үзілер жұлын, кесер басқа кеп тірелген тұсы – осы. Осы тұсқа дейін автор ештеңеге араласпайды. Кейіпкерлерінің тағдыр-тәлейіне қол сұқпайды. Ешкімге сот ашып, үкім шығармайды. Күдік пен кінә­лау­дан аулақ. Кейіпкерлер өмірге қалай келді, қалай жүріп-тұрды, қандай қоғамдық ортада тәрбиеленді, қиын сәтте, шешуші кезеңдерде өздерін қалай ұстады, қайсы жолды таңдады, сол сүрлеуді ғана баяндап береді. Көсемсіп билік айту, көлгір­сіп ара түсу жоқ. 

Омарғазы Айтанұлы бір сұхбатында: «Әдебиетшілер Гогольдың «Өлі жандарын» роман-дастан деп бағалап жатады ғой. «Таразы» – дастан емес, өлеңдер жинағына ұқсайды. Өйткені әр бетін ашсаңыз, лири­калық ойлар, әсіресе сезім, махаббат дүниесіне қатысты тұстары қара сөзбен жазылған өлеңге ұқсап кетеді», – дейді. Шын мәнінде, Айтанұлы ақ өлеңдер­інде кезігетін тым нәзік, кілтең, кіді, кір­пияз сезімдер мен ойларын прозалық шығарма­ларында бейнелеудің жаңа тіліне көтеріп жібереді. Айтанұлының поэзиясы қандай сұлу, асқақ, жұмбақ кейіпті болса – прозасы да сондай астарлы, ойлы. Ақын­дық, лирикалық прозаның бір биігі са­на­латын «Таразы» романының кейіпкерлері ауыр ойға шомғанда ауық-ауық ақ басты Боғда шыңдарына қарайтыны болмаса, басы артық табиғат суреті, кейіпкер порт­ретін бүге-шүгесіне дейін беру, уақи­ғаны суырт­пақтап, көр-жерді қазбалау сияқты сөз шығыны атымен жоқ. Ішкі сюжеті психоло­гиялық тартысқа толы романда кейіпкер­лердің жаны сөйлейді, рухы боздайды. Бір қайырым мысал, астындағы қасқа жорғамен күні-түні билік айтып, қамшы үйіріп шап­қылап жүретін Күдері еркек боп Шәкиданың сұлулығына, сымбатына тамсанған емес. Қыз қылығы көңілін қытықтамас қара дойыр. Неке түні де құлын-тайдай оң жақ­та айқасқан жоқ. Есесіне, кілең атқа­мінерлер жиналған, саяси мәндегі басқосуға ұқсайтын тойдың шырқын бұзды деп жазықсыз Қидарбек қолды болды. Сондай сәттерде кінәмшіл әйел Шәкиданың ішкі шерін автор былайша қозғайды.

«Еш белгісіз өтіп кетеді екен ғой өмір, шір­кін! Түбінде әйел затына ең қиыны – өз денесінің өзіне азап салуы болса керек. Шәкиданың салқындап аяқ-қолын жуам дегені бар болсын. Төменірек келіп су жағасындағы ақ шыбар жалпақ тастың үстіне келіп отырған. Тегінде Қидарбектің де көп айтатыны жұмыр етті тізесінің басқа денесіне қарағанда, аса жағымды майда толықтығы еді. Кім біледі, осындай майда тізелі әйелдердің бәрі де киік емшек бола ма екен деші, таза ғана, тіп-тішке, жып-жинақы. О, құдірет, Қидарбек те байқа­маған ұқсайды. Ең көркем, ең майда, жұп-жұмыр мүше екі қызыл асығы болып шықты. Салқын су сол қызыл асық­ты білезіктеп тұр, алғашында жоғары­лата су шашып шалпылдата отырды да, тізеден жоғары екі санын көмейлете бірақ батырды, тітіреп барып қайта тас үстіне жинақталғанда, ақ шыбар тастың үсті мөлдір тамшымен онан ары шыбарланып кетті. Оңтүстіктің обыр, ашқарақ күні жалап-жұқтап қояр емес… Алдымен жалаң­аштану, онан салқын суда тазару, ең соңында аптапқа қақталу – әлгі айтып отырған азабымыз осы еді».

Бұл – жол үстіне аялдаған Шәкиданың бірсәттік беймаза шағы. Ал ауруы асқынып, дерт меңдетіп жатып өткен-кеткенді са­рап­тап, ой-елегінен өткізер тұстағы жан арпалысын философиялық нәзік иірім­дермен астастыра суреттеуі оқыған жүрекке айрықша салмақ салады. «Күшік тусаң да, бірдеме тусаң болатын еді» дейтін әженің наласына қалтырап, үрей буып, көз алдына күшіктер, бақа-шаян, кем-кетік нәрестелер елестеп, өңшең бір сұрқай сүрлеудің, суық қолдың тонауына түскен Күлтәйдің ішкі жан мерезін де; балаларына ренжіп отырып көрген қор­лы­ғын көз алдынан өткізген Шоту қартты да; жылқы­ның таз қарыны секілді қаға беріс қалтары­сын тінтіп таусалмас Әмдүл қариды да, қай-қайсысын да – «Ұстаса қолы, ұстамаса ұжданы күйер» зар күйіне келтіріп, әлдене ішін шоқтай шыжғырып, оттай қарыған тұста айтылар жан сөзін, автор кейіпкер болмысының өз кейпінде тұрып сөйлетеді. Осыдан-ақ жазушының шие­леністі шақтағы, шешуші сәттегі адам психологиясын зерттеуге көп зейін қоя­ты­нын анық аңғара­мыз. Айтанұлы кейіпкерлерінің шынайы бет-бейнесі ашылар тосын уақиға тұсында адам бойында ерікті және еріксіз түрде сананың қалтарыстағы жасырын ағысы арқылы жүзеге асатын психологиялық үдерісті бақылап, бейтарап күйде баяндап береді. Сол арқылы оқушысын да сырттай бақы­лаушы етіп, кейіпкерлерінің сан қилы сезім иірімдеріне үңілуге мәжбүр етеді. Осылай адамның ар-ұяты мизанға түсер, жан алқымда тұншығар сәтте жазушының ақындық қуаты бірте-бірте алға шығып, атойлап отырады. Өзінің еркін өлеңінің шүңетінде жататын ой мен сезім тасқын­ындай, ұзын-ұзын тармақтарында ырғасып, егесіп, тайталасып кететін дастан­дарындай, қорамсағы эпитет пен метафораға толы «ырысты ұйқастары» аттай бусанып, тебініп, тепсініп шыға келеді. Өзінің әдепкі ой дауылына құлаш ұрған суреткер, кейіпкерлеріне ақын көзі­мен үңіле барлап, зерделей сараптап, жан-күйінің ең шыңырау нүктесіне дейін сарығы басылғанша тамыл­жытып тұрып алады.

Омарғазы Айтанұлы туралы заман­дастарының естелігінен автордың жара­тылыстану пәндеріне бала жасынан зерек болғанын оқығанбыз. Жазушының бұл ерекшелігі көркем шығармаларынан дерлік­тей көрініп отырады. Ғылыми дәл­дік бейнелі тілдің нақтылығын ұшқыр­лай түсіп, айтар ойдың тамырын дөп басып, өзінше бір көр­кемдік құралдың жаңа­ша сипатын көр­сетеді. «Таразы» романында жазушы адам­дардың ішкі әлемін геометри­ялық өлшемдер, физика­лық құбылыстар, химиялық реак­циялармен ұштастыра бейнелеуі жарасымды, табиғи шыққан. Сондай мысалдардың бір-екеуін ортаға салайық. 

«Жамандықтың аты – жамандық. Ешқашан, еш жерде, ешкім де жамандық пен жақсылықты еріте алған емес. Шын тегін қуғанда, жамандық – қатырушы зат, жақсылық  ерітуші зат болғаны ғой. Шәкида өзі де ери-ери бір жерге барған». 

Ұя бұзбас Қатыранға болар-болмас билік тигенде заты момын әкесінің шірене қалатын бір сәті бар. 

«…шірену неғұрлым сирей түскен сай­ын әлгі қозы қарын да соғұрлым тар­тыл­ып, суала түскен. Демек, мұның өзінде де бір заңдылық – яғни математикадағы тура пропорция сияқты: шірену де күшпен келетіндей». 

Шәкиданың шешесі Қазипа күні бойы қара жердің қатты қыртысын тісімен тісте­ген­дей ауыр жұмыстан кейін түні бойы көрші-қолаңның киімін жамап, азын-аулақ нәпақа табатыны бар, сол жылдардағы жүдеу өмірдің жадау тіршілігін, автор былай суреттейді: «…оны десең кеңіс­тіктегі геоме­триялық фигураларды еске түсіретіні қанша­лық: бір иықтың жамауы ромбы формасына түссе, енді бір иық оған түспей, өзінің жыртылу тала­бына сай трапе­циялық формаға өзгере қалады. Тізелер мен құйрық­тарға жапсы­рылған дөңгелек – шеңберлер мен жауыр­ын, өңірлердегі квадрат және тік төртбұрыштар – бұлар өзі басқа тың модалар. Онан бөлек секторлар, сегмент­тер, конустар толып жатыр ғой…». 

Тағы бірде: «Қозғалыстағы дене өзі сияқты енді бір денеге соғылғанда, бағыты өзгереді. Көзге көрініп тұрмаса да, адамның ой-пікір әлемінде де осындай соғылыстар болып тұратын сияқты», «Тура сызық бойынша махаббат пен ақыл – екеуі екі көлбеулік. Бірі – солға қарай көлбесе, бірі – оңға қарай көлбейді. Сонан барып, бұл екі көлбеу сызықтың қашан, қайсы нүктеде бірін-бірі кесіп өтетінін алдан болжау мүмкін емес. Міне, қазір алдан болжанбаған дәл осындай екі кесінді: Қидарбек ұзыннан, Шәкида көлденеңнен». Бұл да бір өзінше адам жанын ғылыми өлшем­ге сала білген жазушы шеберлігі деп бағалар едік. Жазушының өзіміз күнде көріп жүрген қазақтың шал-кемпірін, қыз-келіншектерін грек құдайларының мүсінімен жанастыра суреттеп өтетін тұстары айрықша ұтымды. Бастысы, осының бәрі сырттан әкеліп жапсырғандай емес, табиғи сабақтасып, шынайы үндесіп жатады. 

«Таразы» романының көркемдік сапасы осындай табиғи қасиетімен құнды. Роман өзінің көркем туынды екенін ұмыт­тыра отырып әрі сол сәттің өзінде осының бәрі өмір шындығы екенін толық сезіндіреді.  Омарғазы Айтанұлының кейіпкерлері  сырт көзге саяси аласапы­ран­ның құрбаны сияқты көрінгенімен, автор оларды жан қалауының табиғи дағдысымен жүргізіп, түлетіп, жетілдіріп отырады. Олардың от пен суға кезек-кезек түсіп, тығырыққа қайта-қайта тірелуі автор­дың еркінен тыс, кейіпкерлердің өз болмысына тән шешімі екенін байқау қиын емес. Романдағы уақиғаның өрісі мен тартысына, кейіпкерлердің мінезіне қарай отырып, Айтанұлының ұлы ақынға тән жүрек иесі ретінде ойшылдық пен кемең­герлік биігіне көтерілгенін анық көруге болады. 

Омарғазы Айтанұлы өзін де 1956 жыл­дар­дан бастап, әсіре қызыл белсенділер «ұлтшыл», «оңшыл», «мал иесінің тұқымы» деп қуғынға салады. Ақыры 1957 жылдан 1976 жылдың қара күзіне дейін Тұрпан, Құмыл, Қашқар қалаларының жазалау лагерінде, аптап ыстықта, ауыр еңбек астында жиырма жылын өткізді. Үздіксіз оқу, іздену, өсу жолындағы жалынды жастықтың жиырма жылы – Тұрпанның тандырына тамған ақын­ның ащы теріндей зым-зия ғайып болады. Ұзақ жылғы сүргіннен аман-есен ора­лған қаламгер енді өзін-өзі қайта тудыр­ғандай қайратты күшпен шығар­м­а­ш­ылыққа кіріседі. Бұл туралы өзі: «Соңғы он жыл менің рухани түлеу дәуірім», – деп пайымдайды. 

1990 жылы аяқталған «Таразы» рома­ны – түлеген жылдардың нәтижесі. Роман­­ға автор бірінші кітаптың соңы деп қол қойған. Дауылды, қарлы, қанды бұрқасын аяқтап, «Мәдениет революция­сының» ел өміріне әкелген кесапаты, тұтас Қытай бойынша биік мінберден қайталай сарап­талып жатқан тұста Омарғазы Айтанұлы өзінің үстінен арыз жазып, сыр­ты­нан көрсетіп, мойнына ажырғы салып, Тұрпанға дейін тепкілеп апарған белсенділерге, қаламдастары мен қыз­меттестеріне кек сақтап, өшпен­ді­ліктің отын қайта тұтат­пайды. «Атқамін­ерлердің» сол айыбын әзіл­деп болса да бетіне баспай­ды. Бәрін үнсіз кешіреді. Тіпті солардың көбімен сыйлас дос болып та кетеді. Омар­ғазының осы бір кісілік қасие­тін көзін көргендер әлі күнге дейін аңыз ғып айтады. Ақынның ар-иманы алдында бас иеді. «Таразы» романының кейіп­кер­лерінен біз осы адалдықтың, ізгіліктің лебін сеземіз. Олардың өз-өздерін ар соты­на тартып, жан­ын қоярға жер таппай шырылдауы – соның бір айғағы. Бұл – ақталу емес, арылу туралы азалы кітап. Кім-кімнің де алдынан иман таразысы тартылар күн алыс емес. Сол күні таразы басы қалай теңселеді, мәселенің мәні сонда?

Ұмтыл ЗАРЫҚҚАН