Анимация шебері ұлықталды

Аталған жиында режиссердің өмір жолы мен бүгінге дейін жеткен шығар­машылық мұрасы, ұлағатты ұстаздық қызметі кеңінен сөз болды. Кездесу барысында режиссердің замандастары мен әріптестері, сондай-ақ тәлімін көріп өскен шәкірттері арнайы сөз алып, жылы естеліктерін бөлісті.

– Бүгінгі іс-шараның мақсаты Ер­сай­ын Әбдірахмановтың есімін ұмыт қалдырмай, оны студенттерге, магис­транттар мен докторанттарға кеңінен насихаттауға негізделген. Режиссер 2001 жылы өмірден өтті. Ерте кеткені­мен, қазақ анимациясы мен кино саласында өшпес із қалдырды. Әсіресе, ұстаз ретінде көптеген шәкірт тәрбие­леді. Сонымен бірге ол – Кино және ТВ факультетінің негізін қалаушы­лардың бірі, – деді Кино және ТВ факультеті, «Анимация режиссурасы және интерактивті медиа» кафедра­сы­ның меңгерушісі Адай Әбілда.

Сондай-ақ жиынның алғашқы бөлімінде кинотанушы Нұргүл Абдул­ланың «Режиссер Ерсайын Әбдірах­манов» атты монографиясының тұсау­кесер рәсімі өтті. Аталған еңбек ал­­ғаш­ында 2015-2016 жылдары диплом­дық жұмыс ретінде бір жыл көлемінде жазылған. Кейіннен зерттеу жаңа ма­тери­алдармен толықтырылып, көпші­лікке монография ретінде ұсынылды. Ғылыми туынды кітапханаларға тара­тылып, кинотанушылар мен режис­сура мамандығында оқитын студент­тер үшін оқу құралы ретінде қолда­н­ылады.

– Бұл монографияда қазақ ани­мациясы мен деректі фильмдерге кинотанушылық көзқарас тұрғысынан талдау жасалған. Іргелі еңбектің жазы­лу­ына арқау болған Ерсайын Әбдірах­манов қысқа ғана 7-8 минуттық мульт­фильмнің өзіне бірнеше тақырыпты шебер сыйғыза білген, – деді кино­танушы Нұргүл Абдулла.

Сонымен бірге іс-шарада қазақ анимациясының тарихынан сыр шер­тетін сирек жәдігерлер ұсынылды. Көр­меге анимациялық фильмдерде қолданылған қуыршақтар қойылған. Кинотанушының сөзінше, бүгінге дей­ін елімізде сақталған мұндай қуыр­шақ­тардың саны саусақпен санарлық. Экс­позицияда таныстырылған қуыр­шақтар Алматыда тұратын режиссер-аниматор Любовь Родионованың жеке қорынан алынған. Қазіргі уақытта зейнетке шыққан ол – қазақ анима­циясының тарихи мұраларын сақтап отырған санаулы тұлғалардың бірі. 

– Көрмедегі экспонаттардың бір бөлігі 1970-1980 жылдары Мәскеудегі Союзмультфильм студиясында жасал­ған. Кейбірі Чехияда арнайы тап­сырыспен әзірленсе, кейбірі қазақ­стандық режиссер-аниматорлардың өз қолымен жасалған. Олардың қатар­ында қуыршақтар ғана емес, сондай-ақ эскиздер мен мизансценаға арнал­ған элементтер де бар. Шын­ында, қазір қазақ анимациясында қуыршақ ани­ма­циясы қолданыла бермейді. Сол үшін де біз бұл көрмені жас анима­тор­ларға шабыт беру мақсатында ұсын­ғымыз келді. Себебі мұндай жәдігер­лерді сақтау – ұлттық анимация тарихы үшін аса маңызды, – деді Н.Абдулла.

Режиссердің көзін көрген әріптес­тері мен шәкірттері оның қазақ анима­циясында өзіндік қолтаңбаға ие әрі сирек кездесетін тұлғалардың бірі бол­ғанын айтады. Солардың бірі кезінде онымен бір ұжымда қызмет еткен әріптесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинодраматург Маргарита Соловьева Ерсайын Әбдірахмановтың қайта­ланбас шығармашылық болмысы мен адами қасиеттері туралы естелігін ерекше тебіреніспен еске алды. 

– Бірде біз үйде шай ішіп отырған сәтте Ерсайын өзінің балалық шағы туралы әңгімелеп берді. Соғыстан кейінгі кезең, Солтүстік Қазақстандағы ауыр өмір, анасымен бірге егістіктен масақ терген күндері… Сол кезде мен анимация тек балаларға арналған ойын-­сауық өнім емес, үлкен өнер екенін түсіндім. Содан кейін мен оған: «Біз жай ғана ертегі емес, сенің өмірің туралы, анаң туралы, жалпы біздің тағдырымыз туралы фильм түсірей­ік», – дедім. Осылайша, «Жаворонок» фильмі дүниеге келді. Бұл күрделі жоба болғандықтан, ұзақ уақыт түсірілді. Кейін Ерсайын «Ер Төстік» жобасын қолға алуды ұсынды. Алайда 90-жыл­дардың қиын кезеңі басталып, қаржы тапшылығына байланысты бұл жоба толық жүзеге аспады. Ерсайын кейін деректі киноға бет бұрды, – деді ол.

Алайда соған қарамастан, ре­жис­сер шығармашылық байланысты үзбей, әріптестерімен пікір алмасуды жалғас­тырып отырған. Уақыт өте келе кәсіби әріптестік рухани жақындыққа ұлас­қан. Маргарита Соловьева Ер­сайын Әбдірахмановтың кәсіби дамуы­на ықпал еткен тұлға екенін атап өтті. 

– Ерсайын адам ретінде әдепті әрі сыпайы жан еді. Ешқашан орынсыз әзіл айтып, біреуді ренжіткенін көрген емеспін. Әзілдерінің өзі жұмсақ әрі орынды болатын. Әсіресе, декан рет­інде оның рөлі ерекше. Кино факуль­теті – күрделі орта. Соған қарамастан, ол барлық адаммен тіл табыса білді. Оның кезінде ешқандай жанжал болған жоқ. Себебі ол жанжалды ушықтырмай, алдын ала шешудің жолын табатын. Мен­ің­ше, бұл оның табиғи педагог екендігін көрсетеді. Ол зиялы ортадан шыққан адам еді. Бұл оның болмысы­нан анық байқалатын. Мен үшін Ер­сай­ын тек әріптес емес, рухани тұрғы­дан жақын адам болды. Мұндай тұл­ға­лар қоғамда сирек кездеседі, – деді М.Соловьева. 

 Дөңгелек үстел аясында көрермен назарына «Ерсайын Әбдірахманов» деректі фильмі ұсынылды. Одан өзге «Бозторғай» және «Қозы мен Қосаяқ­тың жақсылық іздеуі» сынды анима­циялық фильмдердің көрсетілімі өтті.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы