Ал сол кезеңде дүние есігін ашқан балалар қазір өз алдына шаңырақ көтеріп, ұрпақ тәрбиелеп отыр. Бүгінгі жастар болса егемендіктің қадір-қасиетін тарихтан, оқулықтардан және үлкендердің естеліктерінен танып-біліп келеді. Әр буынның тәуелсіздік туралы түсінігі, оған деген көзқарасы мен бағасы әртүрлі. Бірі азаттықтың алғашқы жылдарындағы қиындықтарды бастан өткерсе, енді бірі тәуелсіз елдің игілігін көріп өсті. Осы орайда біз үш буын өкілінен егемендіктің олар үшін нені білдіретінін, оның қадірін қалай түсінетінін сұрап көрдік.
Декларацияның қабылданғанын газеттен оқыдық
Қарағандыдағы Политехникалық университеттің инженер-механигі Самат Әділбаев кеңестік кезеңде білім алып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еңбекке араласқан буынның өкілі. Ол үшін егемендіктің ең үлкен құндылығы – рух азаттығы мен ой еркіндігі. Өйткені бір ғана идеология үстемдік құрған қоғамда өскен ұрпақ азат ойдың, еркін сөздің бағасын жақсы біледі. Самат Әділбаев тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен өзгерісті халықтың ұлттық санасының оянуымен, тарихи жадының жаңғыруымен байланыстырады.
– Біз 1980 жылдардың ортасында мектеп бітірдік. Әріп танып, айналамызға көз тастап, қоғам туралы түсінігіміз қалыптаса бастаған шақта санамызда «егемендік» деген ұғым болған жоқ. Коммунистік партияның айтқаны ақиқат саналып, бір ғана идеология үстемдік құрды. Басқаша ойлауға, өз тарихыңның кейбір тұсын сұрап білуге де жүрексінетін заман еді. Сондықтан мен үшін тәуелсіздіктің ең үлкен құндылығы – қорқыныштан арылу. Бала күнімізде «Алашорда», «жазықсыз атылғандар», «халық жауы» деген сөздер сыбырлап қана айтылатын. Үлкендердің әлденеден сақтанып, кей әңгімені бізден жасыратынын сезетінбіз. Оның себебін толық түсінбесек те, әлгі сөздердің өзі көңілімізге үрей ұялататын. Ал бүгін өз жерімізде жалтақтамай сөйлеп, тарихымызды ашық айтып, ел тағдырына қатысты ойымызды еркін білдіре аламыз.
Жетінші сыныпта оқып жүргенімізде Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығы мемлекеттік деңгейде тойланды. Маған қазақ хандарының орыс патшасына бас иіп тұрған сәтін бейнелеуді тапсырды. Айтқандарын салып бердік, сол суретпен ауданнан жүлде де алдық. Ол кезде бейнелеп отырған көрінісімізге бүгінгідей көзбен қарағанымыз жоқ. Мектепте не үйретсе, соны дұрыс деп қабылдадық. КСРО тарихын қалың кітаптан оқыдық. Ал қазақ тарихына арналған кітап жұп-жұқа, бөлінген сағат та аз болатын. Өз жерімізде өткен талай оқиға, ел үшін күрескен талай тұлға бізге беймәлім қалды.
Қазір мектеп оқушысы Кенесары ханның күресін де, Алаш қайраткерлерінің мұратын да ашық оқиды. Әлихан Бөкейхан бастаған арыстарымыздың кім болғанын, не үшін жанын қиғанын біледі. Бұрын атын атауға қорыққан адамдарымыздың еңбектерін бүгін қолымызға алып отырмыз. Өз тарихыңды өзгенің ыңғайына қарап түсіндірмейсің. Ана тіліңде ойыңды айтып, осы әңгіменің өзін еш алаңсыз жұртқа жеткізе аласың. Қазіргі жастар біз көрген идеологиялық құрсауды көрген жоқ. Ол кезде газеттерді дүңгіршектен сатып алып оқитынбыз. «Орталық Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» газеттерін үзбей қарайтын әдетіміз бар еді. Өзіміз студентпіз, жатақханада тұрамыз. Егемендік туралы декларацияның қабылданғанын да газеттен оқып білдік. 1986 жылы Украинада әскерде жүргенімде полктегі жалғыз қазақ едім. Саяси жетекші мені шақырып алып: «Алматыда нашақорлар жиналып, машина өртеп жатыр», – деді. Желтоқсанның астарындағы ұлттық намыс пен қасіретті ол кезде толық түсінбедік. Шындықты кейін білдік.
Егемендіктің ең үлкен жетістігі – ұлттық рухтың жаңғыруы мен мемлекеттіліктің қалыптасуы. Наурыз қайта тойланып, ұлттық киімімізді киіп, ән мен күйімізді еркін әуелеткенде мақтаныш сезіміміз оянды. Алаш арыстарының кітаптары жарық көрді. 1991 жылы төртінші курс студенті едік. Сол кітаптарды таласа сатып алып, бір-бірімізге сүйіншілегеніміз әлі есімде. Егемендік алғаннан кейін батырлар мен билерге ас беріліп, дүбірлі айтыстар өтті. Елдің еңсесі көтерілді. Төл теңгеміз айналымға еніп, өз әскеріміз құрылды. Дербес мемлекет ретінде әлемге танылдық.
Еліміздің болашағын өзіміз айқындаймыз
Заңгер Абай Қали тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келген. Бүгінде бір баланың әкесі атанған ол елдің болашағын өз перзентінің келешегімен байланыстырады. Оның айтуынша, егемендіктің қадірі адамның күнделікті тіршілігінен, еркін еңбек етіп, отбасын асырап, ертеңіне сеніммен қарауынан көрінеді. Аға буынның әңгімесін тыңдап өскен заңгер азаттыққа жету жолындағы күресті ұмытпау керегін айтады.
– «Тәуелсіздік» дегенде, ең алдымен еркіндік пен шүкіршілік деген сөздер ойыма сарт ете қалды. Өз жеріміз, тіліміз, тарихымыз, салт-дәстүріміз бар. Ең бастысы, өз болашағымызға өзіміз жауап береміз. Тәуелсіздіктің ең үлкен құндылығы – бейбіт өмір мен тұрақтылық. Өйткені бейбіт елде ғана адам білім алып, еңбек етіп, отбасын құрып, балаларының болашағына сеніммен қарай алады. Сондықтан тәуелсіздікті тек тарихи жетістік емес, күнделікті өміріміздің басты құндылығы деп түсінемін. Мен егемен ел болып жарияланған жылы әлі дүниеге келмеген едім. Дегенмен ата-анамыздың, ата-әжелеріміздің сол кезең туралы айтқан әңгімелерін тыңдап өстік. Сол кісілердің толқынысын, үмітін, тәуелсіздікке деген ерекше сезімін олардың әңгімелері арқылы түсінуге тырысамын. Осындай әңгімелерді тыңдаған сайын бүгінгі бейбіт өмірімізге, еліміздің тыныштығына, өз тілімізде сөйлеп, өз салт-дәстүрімізді ұстанып отырғанымызға қуанамын.
Біз егемендіктің қадірін тек өткенді еске алу арқылы емес, бүгінгі мүмкіндіктерімізді бағалап, еліміздің дамуына өз үлесімізді қосу арқылы да түсінуіміз керек деп ойлаймын. Өйткені тәуелсіздікті сақтау – баршамызға ортақ жауапкершілік. Ал болашақ ұрпаққа бейбіт, тұрақты әрі өркендеген ел қалдыру – біздің басты міндетіміз. Меніңше, тәуелсіз ел болудың мәні күнделікті өмірден көрінеді. Мысалы, өз елімде еңбек етіп, отбасымды асырап, балаларымның болашағын Қазақстанмен байланыстыра алуым – тәуелсіздіктің нақты көрінісі. Сонымен қатар өз еліміздің дамуына үлес қосу, қоғам алдындағы міндеттерді орындау, мемлекеттік тіл мен ұлттық құндылықтарды құрметтеу де осы ұғыммен тығыз байланысты. Тәуелсіздік бізге мүмкіндік береді, ал сол мүмкіндікті дұрыс пайдалану – әрқайсымыздың міндетіміз.
Кейінгі жылдары Қазақстан халықаралық қауымдастықта өз орнын қалыптастырып, экономикасын, білім беру жүйесін, инфрақұрылымын дамытып келеді. Бірақ кез келген жетістіктің негізінде адам тұруы керек деп ойлаймын. Сондықтан мен үшін ең маңызды нәтиже – елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуы, адамдардың еркін еңбек етіп, келер ұрпаққа жақсы өмір қалыптастыруға ұмтылуы. Тәуелсіз елдің азаматы болу – тек құқықтарға ие болу емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік алу. Әр адам өз ісіне адал болып, заңды сақтап, қоғамға пайдасын тигізуге тырысуы керек. Әсіресе мемлекеттік қызметте жүрген адам үшін бұл жауапкершілік жоғары деп есептеймін. Себебі мемлекеттік қызмет – халыққа қызмет ету, елдің дамуына үлес қосу.
Таңдау жасауымызға мүмкіндік көп
Арқалық қаласының тумасы Ақтілек Мереке – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің төртінші курс студенті. Тәуелсіз елде дүниеге келген жас үшін еркіндік – өз жолын таңдау мүмкіндігі әрі сол таңдауына жауап бере білу. Болашақ журналист егемендіктің қадірін, ұлттық болмыс пен бүгінгі буынның жауапкершілігін күнделікті өмірімен байланыстыра пайымдайды.
– Өз ойыңды ашық айту, қалаған мамандығыңды таңдау, болашағыңды өз еліңмен байланыстырып жоспарлау – мен үшін тәуелсіздіктің күнделікті өмірдегі көрінісі. Біз тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келгендіктен, кейде осы мүмкіндіктердің бәрін қалыпты нәрседей қабылдаймыз. Бірақ оның оңай келмегенін ұмытпауымыз керек.
Атам да, нағашы атам да Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бейбіт өмірдің, еркіндіктің қадірін сол кісілерден артық білеміз деп айта алмаймын. Олардың бастан кешкендері туралы әңгімелерін тыңдағанда, «біз тәуелсіздікке осылай жеттік пе?» деп ойлап қаламын. Біз қазір тәуелсіздікті өз алдына дербес ел болу, өз тағдырымызды өзіміз шешу деп қабылдаймыз ғой. Мысалы, спортшыларымыз халықаралық жарыстарға Қазақстанның атынан қатысып, жеңіс тұғырына көтеріледі. Жастарымыз түрлі олимпиадада жүлде алып, еліміздің атын танытып жүр. Сол кезде өз туымыз көтеріліп, Әнұранымыз шырқалады. Мен үшін егемендіктің нақты көрінісінің бірі – осы. Әлем алдында өз атыңмен танылып, өз еліңнің атынан жетістікке жетудің өзі үлкен мақтаныш.
Қазір төртінші курста оқимын. Университетті бітіргеннен кейін қайда жұмыс істеймін, қандай маман боламын, қоғамға қандай пайдам тиеді деген сұрақтар жиі ойландырады. Өз таңдауымды жасауға мүмкіндігім бар, демек, соның нәтижесіне де өзім жауап беруім керек. Шетелде білім алып, тәжірибе жинап, оны Қазақстанда іске асыруға болады. Ең бастысы – әлемге қызығып жүріп, өз еліңе деген қызығушылығыңды жоғалтпау. Әр халықтың өз алдына ел болып, тағдырын өзі шешкісі келетіні табиғи түсінік қой. Бірақ сол мүмкіндік бәріне бірдей оңай берілмеген. Біздің тәуелсіздігіміздің артында да қаншама күрес, құрбандық, талай адамның орындалмай кеткен арманы тұр. Бізге «ата-бабаның үмітін ақтау керек» деп жиі айтады. Мен оны өз ісіңді адал атқару деп түсінемін. Қазір менің міндетім – жақсы білім алып, мамандығымды меңгеру. Кейін жұмысқа барғанда жауапкершілікпен еңбек ету, айналамдағы мәселелерге бейжай қарамау. Тәуелсіз ел болғанымызды мақтан тұтамын. Сол мақтанышымның күнделікті ісімнен де көрінгенін қалаймын.
P.S.
«Егемен болмай ел болмас» деген сөз бар. Үш буынның әңгімесін тыңдап отырып, әрқайсысының егемендікті өз өмірімен өлшейтінін аңғардық. Бірі бұрын айтуға қорыққан сөзін бүгін еркін жеткізгеніне қуанады. Екіншісі баласының ертеңіне сеніммен қарағысы келеді. Үшіншісі өз жолын таңдап, еліне пайдасын тигізуді ойлайды. Осы тілектердің тоғысатын тұсы бір: өз еліңде еркін өмір сүру, ұрпағыңның да сол еркіндікте өскенін көру. Азаттықтың қадірі де осындай қарапайым адамдық мұраттардан сезілсе керек.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ









