Елдің солтүстік өңірлерінде күн суып, температура 1-3°C-қа дейін түсіп, үсік ұруы да мүмкін. Оңтүстік өңірлерде, таулы аудандарда ауа температурасы +15°C-тан +8-қа дейін төмендейді. Сондықтан Қазақстанда жылыту маусымы басталып та кетті. Президент халқымыз қыста қараңғылық құшағында қалмауы үшін электр жүйелерін де толық дайындыққа келтіру міндетін қойған. Бұған өңірлердің даярлығы қандай?
Дәл болжам серпінді жұмысқа сеп
Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, болжамдарының дәлдігін арттыру үшін «Қазгидромет» ауа райын модельдеуде енді жасанды интеллектіні қолдана бастады. Ол елде WRF сандық моделі, Weather Research and Forecasting атты ауа райын цифрлық болжау моделі қолданылатынын, соның нәтижесінде 48 сағатқа және 10 тәулікке дейін болжам жасалынатынын нақтылады. ЖИ-ді серік еткен синоптиктердің жорамалдары жақсарды ма, шындық ауылына қаншалықты жақын қонды, оған жұрттың өзі алда куә болмақ. Себебі олар биылғы күз жылы, бірақ жауын-шашынды болады деп отыр.
– Ауа райы болжамына сәйкес, алдағы қазан айында республиканың басым бөлігінде айлық ауа температурасы қалыпты нормадан 1-2°С-қа жоғары, жылы болады. Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстік-шығыс жартысында және Абай облысында нормаға жуық болады деп күтіледі. Қазан айында еліміздің көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жақын, елдің батысы мен солтүстік-батысында – нормадан көп, ал оңтүстік, оңтүстік-шығыс, орталық облыстардың оңтүстігінде және Абай облысының жазық бөлігінде нормадан аз болады деп болжанды, – деді Ә.Қуантыров.
Ұзақмерзімді болжамға сәйкес, күздің соңғы айы – қараша да «жылы болады деп күтіледі»: Қазгидромет республиканың басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1-2°С жоғары болады деген ұстанымда. Десек те, күздің бастапқы айындағы күннің суытуы елдің жекелеген облысында жылыту маусымын бастап кетуге жеткілікті негіз болыпты. Сондықтан кеше Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге дайындық жұмыстарын жеделдетуді, энергия көздері мен жылу желілерінде жөндеу жұмыстарын түпкілікті аяқтауды қайталап тапсырды. Өңірлердің алды жылыту маусымына кіріп те үлгерді. Алдымен жылу әлеуметтік нысандарға жіберіліп жатқан көрінеді.
– Әкімдерге дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырамын. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға – балабақшалар мен мектептерге, ауруханалар мен емханаларға жылу берілуге тиіс. Жылыту маусымын уақытылы, белгіленген мерзімнен кешіктірмей бастау қажет. Нысандардың дайындық паспорттарын алу үшін құжаттарды тапсыру аяқталып қалды. Ертең – соңғы күн. Әкімдер бұл мәселені жеке бақылауға алуы керек, – деп қадап айтты Үкімет басшысы.
Дайындық қандай деңгейде?
Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың мәліметіне жүгінсек, жылыту қазірдің өзінде 5 өңірде – Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында берілген. Мысалы, Павлодар облысында 14 қыркүйектен бері ресми түрде жылу жіберіле бастады. Ол осы аптаның соңына дейін орталық, батыс және шығыс өңірлерде, Астанада жылу іске қосылады деп күтіліп отырғанын жеткізді.
Бас энергетик орынбасарының дерегінше, Қазақстан бойынша энергия нысандарына 4,9 млн тонна көмір жеткізілді. Бұдан бөлек, 127 мың тонна мазут қоры дайындалды. Президент тапсырмасына сай, 17 мың шақырым электр беру желісі толық жөндеуден өтті. Төрт қосалқы стансадағы жұмыстар аяқталуға жуықтаған. «Жылу трассаларының жалпы дайындығы 99%-ды құрайды. Яғни 377 шақырымның 374 шақырымы дайын», – деді Қ.Тұтқышбаев.
Аталған мақсаттарға 196,8 млрд теңге бөлінген. Соның ішінде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының қаражаты да бар. Науқан қорытындысы бойынша жылу желілерінің тозуы 48%-ға дейін төмендеуге тиіс. Жылу көздерін, жылу және электр желілерін дайындау бойынша шұғыл міндеттерді шешу үшін Үкімет резервінен 27,9 млрд теңге де бағытталды. Осы жылы электр стансаларын реконструкциялауға барлығы 384 млрд теңге қарастырылған, бұл өткен жылдың деңгейінен 9%-ға жоғары. 2025 жылы 348 млрд теңге шығындалған еді.
Қазақстанда орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған елді мекен жетерлік. Тіпті қалаларда пеш жағатын үйлер бар. Қыста олардың жағдайы не болады? Министрліктің хабарлауынша, халық үшін көмір жеткізуді әкімдіктердің, көмір өндіруші кәсіпорындардың, операторлардың және ҚТЖ-ның қатысуымен істейтін Республикалық штаб үйлестіреді. Алдағы маусымда жеке тұтынушылардың сұранысы 7,3 млн тонна болады деп жоспарланыпты.
Республика бойынша барлық жоспарға енген білім беру және денсаулық сақтау нысандарында, қазандықтар мен тұрғын үйлерде: атап айтқанда, 10 913 білім беру нысаны, 5 394 медициналық нысан, 14 939 автономды қазандық және 53 610 тұрғын үйде жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының аяқталғаны белгілі болды.
Қай аймақ алаңдатады?
Бұған дейін проблемалы саналып, ерекше бақылауға іліккен Петропавл қаласында 3 негізгі жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары аяқталып, қазіргі уақытта желілерді су қысымымен сынау жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. «Айрықша назарға» алынған Степногор қаласында жылыту маусымы 25 қыркүйекте басталып кетіпті: шағын аудандардағы тарату желілері дайын, бірақ магистралды желілерін дайындау жұмыстары жалғасады.
Үкіметті Абай облысының ахуалы мазалап тұр: тіпті аймақтың әкімшілік орталығы Семейде дайындық жұмыстары бойынша жоспар 82%-ға орындалғаны, сондықтан қала «ерекше бақылауда тұрғаны» ресми хабарланды. Бұл жұмысты үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелгені айтылды. Сонымен бірге Абай облысының әкімдігі білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала нысандары мен тұрғын үй қоры жылыту маусымына толық дайын екенін жариялады.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жалпы жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанына сендірді. Энергия көздерінде жылыту маусымын бастау үшін қажетті отын қоры және негізгі жабдықтардың құрамы қалыптастырылды.
«Дайындық бойынша бірқатар өңір Энергетика министрлігі мен Үкіметтің ерекше бақылауында. Мәселен, Семей қаласында алдыңғы апта қорытындысында үш жоба бойынша жұмыстар 15%-ға орындалып, жалпы жоспар 70%-ға атқарылған еді. Енді көрсеткіш 82%-ға жетті. Сонымен бірге сутартқыш құрылғылары мен жылу алмастырғыштар өткен аптада жеткізілді. Степногор қаласында өткен апта ішінде жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары 24% орындалып, желінің жалпы дайындығы 76%-ды құраған еді. Осы аптада дайын күйге келтірілді», – деді бас энергетик.
Ендеше Үкіметтің және министрліктің бұл жұмысты қырағы қадағалауға алуы өңірлерде жөндеу жұмыстарының барынша қысқа мерзімде аяқталуына түрткі болып жатқандай. Өз кезегінде Энергетика министрлігінің өкілдері жөндеу жұмыстарының барысын аймақтарды аралау арқылы бақылауда ұстауды жалғастырмақ. Ведомство барлық өңірде жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Жылыту маусымы – техникалық жұмыстарды жүзеге асырып, жылу жүйелерін іске қоса салу ғана емес, қыстағы сақылдаған аяз бен ақырған боранда әр шаңыраққа алаңсыздық пен жылылық сыйлайтын мемлекеттік маңызы бар кезең. Президент пен Үкімет басшысының осы мәселеге баса көңіл бөлуінің мәнісі осында. Жылы ұя – адам жанына ләззат сыйлап, әр отбасына бақыт орнататын қарапайым да қастерлі құндылық.
Ендеше жылу мен электр жүйелерінің қысқа дайындығы, отын қорының жеткілікті болуы, жүйенің апаттардан амандығы жай ғана коммуналдық міндеттен әлдеқайда биік дүние. Бұл – елдегі тұрақтылық пен қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ететін берік тірек, стратегиялық мұрат. Қыс қанша жерден қатал болса да, әр үйде жылу мен жайлылық сақталса, мұны бұқара мемлекеттің жүйелі еңбегі мен ізгі қамқорлығының нақты көрінісі деп қабылдайды.
Елдос СЕНБАЙ









