Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында судағы қауіпсіздік мәселелері қаралды. Шомылу маусымы кезінде қауіптің алдын алу шаралары туралы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов есеп берді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Министрдің айтуынша, азаматтардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды бағыттың бірі. Өйткені жыл сайын жүздеген адам суға кетіп жатыр, қайғылы жағдайдың басым бөлігі жаз мезгілінде орын алады. Жыл басынан бастап 45 адам, ал 1 маусымнан бері 27 адам суға кеткен.
Министрліктің халықты қорғау бойынша қабылдаған шаралары өзінің нәтижесін көрсетті. Мәселен, 2020 жылдан бері суға батып қаза тапқандар саны 437-ден 227-ге дейін азайған.
«Қазіргі таңда, су айдындарында министрліктің 42 құтқару бекеті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Келесі жылы Шалқар, Имантау көлдерінің бойында және Қосшы қаласында 3 модульдік стансаның құрылысы аяқталады. Бірақ, ірі су айдындарында 15 станса жеткіліксіз. Қосымша ретінде министрлік жазғы кезеңде қайықтармен және құтқару құралдарымен жабдықталған мобильді посттар қояды. Олар су айдындарына кезекшілік атқарып, патруль жүргізу жұмыстарын жүзеге асырады. Атап айтқанда, министрліктің құтқарушылары жыл басынан бері 76 адамды, суға шомылу маусымы басталғалы – 24 адамды құтқарды», — деді төтенше жағдайлар министрі.
Ш. Әрінов келтірген мәліметке сүйенсек, құтқару бөлімшелерін жабдықтауға қатысты проблемалар бар, қолда бар қайықтардың көбі жарамсыз күйде қалып отыр. Қазіргі уақытта, заманауи катерлер, жүзу құралдары және дрондар жоспарлы түрде сатып алынуда.
Сонымен қатар Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында Ұлттық теңіз жасағын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі суға батып кеткендердің 95 %-ы тыйым салынған орындарда тіркелетінін ескере келе, әкімдіктермен бірлесіп суға шомылу мен демалуға рұқсат етілген орындарды жылдан жылға ұлғайтып келеді.
«Олардың саны бүгін 708-ге жетті және барлығы «2GIS» платформасына енгізілген. Маусым айының аяғына дейін тағы 33 жағажай қосымша ашылатын болады. Дегенмен, олардың саны әлі де жеткіліксіз, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз», — деді Ш. Әрінов.
Сондай-ақ кейбір жағажайлар белгіленген талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес келмейді, соның салдарынан жазатайым оқиғалар орын алады. Мәселен, өткен жылы рұқсат етілген демалыс орындарының өзінде 5 адам суға батып кеткен.
Одан бөлек, бүгінде демалушылар гидроциклдерді белсенді түрде пайдаланады, ал оларды қауіпсіздік ережесіне бағынбай пайдалану адам өміріне қатер төндіруі мүмкін.
Кәсіпкерлік Кодекске сәйкес Министрлік жағажайларға тексеріс жүргізуді, олардың аумағында адам өлімі фактілері тіркелген жағдайда ғана жүзеге асыра алады. Осыған байланысты әкімдіктер рұқсат берген кезде, демалыс орындарының инфрақұрылымына бақылауды күшейту қажет. Сондай-ақ Көлік министрлігі шағын көлемді кемелерді тексеруі тиіс.
Төтенше жағдайлар министрлігінің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі – балалардың қауіпсіздігі. Шомылу маусымы басталар алдында және оның барлық кезеңінде министрліктің құтқарушылары балаларға жүзуді, құтқаруды және алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйретеді.
«Балалардың суға кетуінің басты себебі – ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы. Осыған байланысты біз балалар лагерлерінің тәрбиешілерімен және ата-аналарымен нұсқаулықтар өткіземіз. Қазіргі уақытта елімізде су айдындарының жанында орналасқан 30-дан астам балалар лагері жұмыс істейді. Олардың 19-ында ғана балаларға арналып жабдықталған суға шомылу орындары бар. Оқу-ағарту министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, лагерьлердегі балалардың қауіпсіздігіне арналған шараларды шұғыл қабылдауы қажет», — деді төтенше жағдайлар министрі.
Сонымен қатар ішімдік ішіп, мас күйде суға шомылу адам өліміне әкелетінін ескере отырып, министрлік полициямен бірлесіп рұқсат етілген және тыйым салынған орындарда патрульдеу мен рейдтер өткізгелі отыр. Жыл басынан бері 26 мыңнан аса осындай шара жүргізіліп, құқық бұзған 3 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 1 маусымнан бастап 49 адам жауапкершілікке тартылған.
Өткен жылдан бастап Алматы және Павлодар қалаларының әкімдіктері пилоттық режимде суға батқандарды ерте анықтау жүйесін іске қосты. Бейнебақылау мен мониторинг жасаудың осындай жүйелерін барлық өңірлерге, әсіресе тыйым салынған жерлерге орнату жоспарланып отыр. Бұл адам өлімін азайтуға мүмкіндік береді.