Осы жағдайдан кейін «Әділет» партиясының фракциясы депутаттық сауал жолдап, қазақстандықтардың дербес деректері шекарадан тыс беріле ме, олардың қорғалуына қойылған талаптар орындала ма деген мәселе көтерген болатын. Сауалға арқау болған оқиға цифрлық нарықтағы бәсеке мен мемлекеттік бақылаудың ауқымы жөнінде де пікірталас туғызып отыр.
Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева «Әділет» фракциясының атынан Бас прокурор мен жауапты министрге сауал жолдап, мәселенің құқықтық негізіне тоқталды.
– Еліміздің жаңа Конституциясында алғаш рет әр адамның жеке және отбасы құпиясының қорғалуына, сондай-ақ дербес дерегінің заңсыз жиналуы мен пайдаланылуынан қорғау құқығына заңмен кепілдік берілген. Бұл – адамның құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған маңызды конституциялық норма. Цифрлық дәуірде бұл кепілдіктің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Мемлекет басшысы бастаған өзгерістердің түпкі мақсаты – азаматтың құқығын күнделікті өмірде нақты қорғау. Сондықтан конституциялық кепілдіктер әрбір ұйымның жұмысында орындалуға тиіс, – деді ол.
Осы кепілдіктердің іс жүзінде қалай орындалатынына тоқталған депутат «Яндекстегі» іркілісті мысалға келтірді. Оның айтуынша, азаматтардың мәліметін ел ішінде сақтау талабымен шектелмей, сол деректердің қайда және қандай тәртіппен өңделетінін де анықтау қажет.
– Бәрімізге мәлім, 11 қазан қазақстандықтар «Яндекс» компаниясының кейбір қызметтеріне қол жеткізе алмады. Компания мұны шетелдегі инфрақұрылымдағы ақаумен түсіндірді. Министрлік қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері сақталатын серверлер ел аумағында орналасқанын мәлімдегенімен, кейбір компоненттердің Қазақстаннан тыс жерде екенін растады. Күн сайын азаматтардың телефон нөмірі, мекенжайы, жүріп-тұру бағыты мен төлем деректерін өңдейтін сервистің шетелдегі бір ақаудан тоқтап қалуы бұл деректердің нақты қай елде, қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық анықтауды талап етеді. Осыған байланысты мынадай шараларды ұсынамыз. Біріншіден, 11 қазандағы жағдайға байланысты дербес деректердің трансшекаралық берілу-берілмеу заңдылығын тексеру қажет, – деді депутат.
Нарық тізгіні кімнің қолында?
Қаржы шолушысы Андрей Чеботарев бұл оқиғадан кейінгі пікірталаста нарықтағы үстемдік пен мемлекеттік реттеудің міндеті араласып кеткенін айтады. Оның пайымынша, бір компанияның алға шығуын түсіндіру үшін бәсекелестердің болғанын ғана емес, жұрттың қай қызметті таңдағанын да ескеру керек.
– Әлеуметтік желілерде «Яндекс» нарықты басып алып, өзгелердің дамуына жол бермейді деген пікір жиі айтылып жүр. Бірақ Қазақстанда DiDi, Bolt, Uber секілді бәсекелестер жұмыс істеді, ал Aparu мен inDrive әлі де қызмет көрсетеді. Меніңше, «Яндекс» бәсекеде басым түсіп, нарықтағы үстем жағдайға осылай жетті, – дейді шолушы.
Бұл пайым тұтынушының нарыққа ықпалы басым екенін еске салғандай. Себебі күн сайын бір қызметті таңдау компанияның нарықтағы орнын нығайтады. Демек, отандық өнімнің болуы оның кең таралуына жеткіліксіз: пайдаланушы оған ауысуға себеп табуы керек. Қолайлы, көліктің тез келуі, қызмет сапасы секілді өлшемдер осы таңдауға әсер етуі мүмкін.
– Цифрландыру министрі барлық жұмысын тастап, бір қолымен такси қосымшасын жасап, екінші қолымен адамдарды соны пайдалануға мәжбүрлеуі керек пе еді? Бізде өзіміздің қызметтер бар. Бірақ жұрт оларды таңдамады. Сондықтан кінәні өзгелерден ғана іздегенде, пайдаланушының өз таңдауы ескерусіз қалып қояды, – деп пайымдайды Чеботарев.
Ал азаматтардың мәліметі елге көшірілмеген деген күдікке Чеботарев келіспейді. Ол бұл мәселеде билікті әрекетсіз қалды деп айыптауға негіз жоқ екенін айтып, 2023 жылы қабылданған шешімді еске салды:
– 2023 жылы Қазақстанда жұмыс істейтін компанияларға қазақстандықтардың дербес деректерін ел ішінде сақтау талабы қойылды. Ол үшін мұнда деректер орталығын салу немесе жалға алу қажет болды. Ірі компаниялар қосымша шығынға барғысы келмеді. Сол кездегі министр Бағдат Мусин бұл талаптың орындалуын табанды түрде талап етті. Соның нәтижесінде «Яндекс» дербес деректер сақталатын серверлерін Қазақстанға көшірді, – дейді ол.
Осы тұста компаниялардан бұрынғыдан көбірек талап ету керек пе деген сұрақ туады. Бірақ жаңа талап қоймас бұрын, оны орындауға қанша қаражат керегін және орындау мүмкін бе екенін анықтап алған жөн.
Қаржыдан бөлек, қарым керек
Қазақстанда «Яндекске» бәсекелес сервис құру үшін қаржыдан бөлек, технологиялық негіз бен тәжірибелі мамандар қажет. Қазақстандық кәсіпкер, UvU.kz IT-компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас директоры Мадияр Төлеуғали ірі компаниялардың жетістігін олардың ұзақ жылдар бойы жинақтаған білімі және зерттеу тәжірибесімен байланыстырады.
– «Яндекспен» бәсекелесу үшін карта жасап, бағыт құру алгоритмін әзірлеп, жолаушы мен жүргізушіге арналған қосымша ұсыну жеткіліксіз. Мұның бәрі қажет, бірақ компанияның артында жылдар бойы жүргізілген зерттеулер, мыңдаған инженердің еңбегі, басқару тәжірибесі және білім беру инфрақұрылымы тұр. Ақша маңызды болғанымен, ол өздігінен зерттеу мектебін немесе технологиялық мәдениетті қалыптастырмайды. Әлі дайын шешімі жоқ міндеттерді орындай алатын мамандар керек. Сол мамандарды тартып, кәсіби тұрғыдан өсіріп, компанияда ұстап қалатын орта да қажет, – дейді кәсіпкер.
М.Төлеуғалидың пайымынша, қазіргі нарықтағы жағдай бес-он жыл бұрынғыдан өзгеше. Геосаяси және инфрақұрылымдық тәуекелдер цифрлық қызметтердің осал тұстарын көрсетті. Бұл нарыққа шығуға әзір компанияларға мүмкіндік беруі мүмкін. Дегенмен ол жаңа сервистің табысы бірнеше шарттың қатар орындалуына байланысты екенін ескертеді.
Сөзіміздің тоқетері, бізге керегі – отандық кәсіптің өрісін кеңейтіп, тұтынушының таңдауын тарылтпайтын шешім. Қалай десек те, бұл оқиға азаматтардың деректерін қорғау талабын нақты тексеріп, цифрлық қызметтердің шетелдегі ақауға тәуелділігін азайту жолдарын қарастыру қажеттігін тағы бір көрсетті.
Кәмила ДҮЙСЕН










