Рухани тұтастық тірегі

Алайда зайырлылықтың табиғаты мүлде бөлек. Оның өзегі – адамның ар-ожданын таптамау, мемлекет тарапынан қоғамға ортақ наным-сенімді таңбау. Бұл – еркіндік пен жауапкершіліктің, әділет пен адамгершіліктің, құқық пен құрметтің арасын жалғайтын өркениетті қағида. Қазақстанның жаңа Ата заңында осы ұстаным бұрынғыдан да айқын әрі салмақты сипат алды.

2026 жылғы 15 наурызда халықтық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституция жаңарған кіріспеден, 11 бөлімнен және 96 баптан тұрады. Оның преамбуласында елдің бірлігі мен ынтымағымен қатар, этносаралық және конфессияаралық татулықтың конституциялық құндылық ретінде бекітілуі – мемлекеттің рухани ұстындарға сүйенетінінің жарқын көрінісі.

Өйткені Қазақстан секілді әр алуан мәдениет пен түрлі діни дәстүр тоғысқан ел үшін қоғамдық тұрақтылық – мем­лекеттіліктің мызғымас іргетасы. Әртүрлі сенім иелерін бір-бірінен алыстатпай, арасына от тастамай, бәрін ортақ заң мен ортақ Отан аясында ұйыстыру мем­лекеттік саясаттың кемелдігін танытады.

Саясаттанушылардың түсіндіруінше, зайырлылық дегеніміз қоғамды дінсіз­дендіру, діннен ажырату емес. Бұл – әр адамның наным-сеніміне еркіндік беріп, сол азаттықты өзгенің құқығы мен елдің ортақ заңына құрметпен тығыз сабақтас­тыру. Мемлекет үшін маңыздысы – адам­ның қандай дінді ұстанатыны емес, оның Конституция мен заң талаптарын сақтап, өзгенің ар-ожданы мен таңдауына құрметпен қарауы.

Осы тұрғыдан алғанда, Ата заңдағы зайырлылық қағидасы Қазақстанның қоғамдық келісім моделін жаңа деңгейге көтереді. Мұнда сенім мен заң бір-біріне қарсы қойылмайды: сенім – адамның жүрегіндегі құндылық, ал Конституция – барша азаматты біріктіретін ортақ құқықтық темірқазық.

Жаңа Конституцияның мәні де осын­д­а: ол әр азаматтың сенімін құрметтей отырып, мемлекеттің тұтастығын ортақ заңмен бекітеді. Бұл бүгінгі Қазақстан үшін ғана емес, келешек ұрпақ үшін де аса маңызды бағдар. Өйткені тарихы терең, болашағы биік мемлекет өз аза­мат­тарының жүрегіндегі әртүрлі сенімді бір-біріне қарсы қоймай, барлығын бір шаңырақ астында тоғыстыра білгенде ғана шын мәнінде мығым елге айналады.

Келісімнің конституциялық кепілі

Діни саланы реттейтін заңнамада бұрыннан қолданылып келген бірқатар қағидат енді конституциялық тұрғыда бекем орнығып, жаңа мазмұнмен айқын­дала түсті. Атап айтқанда, мемлекеттің зайырлы сипаты, заң алдында баршаның теңдігі және діннің мемлекеттен бөліну қағидаты орнықты. Конфессияаралық келісім қоғамның маңызды құнды­лық­тары­ның бірі ретінде көрініс тапты. Соны­мен бірге білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты да конститу­циялық мәртебеге ие болды. Бұл ретте діни білім беретін ұйымдар бұл қағидаттан тыс қарастырылады.

Осы нормалардың Қазақстан үшін мәні айрықша. Себебі ел тұрақтылығының түп-тамыры әртүрлі сенім мен көзқарас­тағы адамдардың бейбіт қатар өмір сүруінде, бір-біріне деген өзара құрметі мен сенімінде болса керек. Мәдениет және ақпарат министрлігі жуырда рес­публика бойынша тіркелген діни бірлес­тіктердің, олардың филиалдарының нақ­тыланған саны туралы есебін жариялады. 

Ведомствоның ресми мәліметіне жүгінсек, 2026 жылғы ІІ тоқсан қоры­тын­дысында Қазақстанда Ислам дініндегі діни бірлестіктердің саны – 2 935-ті құра­ған. Православ дініне – 348, Елуін­шілер шіркеуіне – 218, Евангелиялық хрис­тиан-баптистер шіркеуінің одағына – 192, Пресвитериандық шіркеуге – 95, Католиктерге – 93, Ехоба куәгерлеріне – 52, Жетінші күн адвен­тистеріне – 41, Жаңа апостолдық шіркеуге – 23, Евангелия-лютерандық шіркеуге – 22, Кришна санасы қоғамына – 13, Методистік шіркеуіне – 11, Иудейлерге – 7, Бахай қауымына – 6, Меннониттерге – 4, Буддистерге – 2, Соңғы күн әулие Иисус Христос шіркеуіне (мормондар) – 2, Бірігу шіркеуіне (мунниттер) 1 бірлестік тиесілі. 

Қорыта айтқанда, Қазақстанда қазіргі кезде жалпы саны 18 діни бірлестік тіркелген және жұмысын заң аясында жүзеге асырып келеді. Олардың және филиалдарының жалпы саны 4 065-ке жетті. Бұған дейінгі ресми деректе 2025 жылғы І тоқсанда 18 конфессияны қамти­тын 4 007 діни бірлестік тіркелгені айтылып еді. Яғни содан бері қатары біршама өсті. 

Сенім мен заңның таразысы

Жаңа Конституцияның 1-бабы Қазақстанды «демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет» деп айқындайды. Бұл – бұрыннан белгілі конституциялық құрылымның сақталуы ғана емес, мазмұны кейінгі нормалармен тереңдетілген іргелі қағида. 3-бапта Қазақстан қызметінің негізгі қағидатт­арының қатарына адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту және қоғамдық диалогты дамыту енгізілген. 

Ең маңызды жаңалық – 7-баптың тікелей «Дін мемлекеттен бөлек» деп басталуы. Бұған дейін зайы­р­лылық Конституцияның 1-бабындағы анықтама арқылы ғана бекітілсе, енді дін мен мемлекеттің арақатынасы жеке консти­туциялық нормаға айналды. 

7-баптың екінші тармағында: «Қазақ­стан аумағында діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылады және ол конституциялық құрылыс негіз­дерін, адам­ның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету, қо­ғам­дық тәртіпті, азаматтардың денсаул­ығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында шектелуі мүмкін», – деп қадап айтылған. Бұл – сенімге шектеу қою емес, құқық пен сенімнің шекарасын заңмен айқындау болса керек. Себебі еркіндік –шексіздік емес, өзгенің еркіндігі басталған жерде өз өлшемін табатын жауапкершілік.

Жаңа Конституция зайырлылықты күшейте отырып, ар-ождан бостандығын әлсіретпейді. Керісінше, 25-бапта әр адамның ар-ождан бостан­дығына құқығы нақты бекітіледі. Оны жүзеге асыру жалпыадамзаттық және азаматтық құқық­тар мен мемлекет алдын­дағы міндеттерді шектемеуге тиіс екені көрсетілген. Бұл жерде маңызды бір құқықтық тепе-теңдік бар: Қазақстан өз аумағында тұратын кез келген тұрғынға: «мына дінді ғана ұстан!» немесе «атеист бол, дінге сенбе!» – деп ол үшін таңдау жасай алмайды. Сонымен бір мезгілде ешбір діни ұстаным заңнан жоғары тұра алмайды. Бір топ азамат жиналып: «бұдан былай Қазақстанда тұратындар тек мына дінге ғана сенсін!» – деп мемлекет пен қоғамға талап қоя алмайды. Әр азаматтың сенімі – оның ішкі әлемі, тек қоғамдық тәртіп – баршаға ортақ тұғыр.

Осы қисын-логиканы Ата заңның 6-бабы толықтырады: онда идеологиялық және саяси әралуандылық мойындалады, қоғамдық бірлестіктердің заң алдындағы теңдігі бекітіледі. Ең бастысы, діни алауыздықты қоздыруға бағытталған ұйымдардың қызметіне жол берілмейді. Бұған қоса, Конституцияда мемлекет пен қоғамдық бірлестіктердің бір-бірінің қызметіне заңсыз араласуына жол берілмейтіні нықталған. 

Зайырлылықтың ең сезімтал сала­сының бірі – білім мен тәрбие. Жаңа Конституцияның 33-бабының 5-тарма­ғында: «Рухани (діни) білім беру ұйым­дарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие», – деп нақты жазылған. Осы арқылы елімізде балабақ­шадан бастап, жоғарғы оқу орындарына дейінгі білім беру және тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты конституциялық деңгейде бекітілді. Бірақ бұл ереже рухани, яғни діни білім беру ұйымдарына қолдан­ылмайды. Олар бөлек реттеледі.

Сонымен қатар 4-тармағына сәйкес, «мемлекет жалпыға мiндеттi білім беру стандарттарын белгiлейдi. Барлық оқу орнының қызметi осы стандарттарға сәйкес келуге тиіс». Мұның астарында өте қарапайым қағида жатыр: баланың сапалы білім алуға құқығы оның отбасы­ның діни сеніміне байланысты мың сан құбылмауға тиіс. Мектеп – әртүрлі көз­қарас тоғысатын, бірақ білімнің дең­гейі ортақ болатын кеңістік. Ол зайыр­­лылық пен діншілдіктің тартыс алаң­ына айнал­майды: ғылым шамы сен­ім­нің шырағданын өшірмейді, қоғамдық үйлесімде қатар өрбиді.

Қазақстанда 2025 жылы ар-ождан және діни наным-сенім бостандығының сақталуын бағалаудың ұлттық индика­торлары бекітілді. Ол мемлекет пен кон­­фессия арасындағы және конфес­сияаралық қатынастарды, сондай-ақ интернеттегі діни белсенділік көрсет­кіштерін қамтыды. Индикаторларды әзірлеуде БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасының ұсын­ымдары және құқық қорғау ұйым­­дарының пікірі ескерілген. 

Қорыта айтқанда, зайырлылық – ортақ үйдің тәртібі. «Жаман үйді қонағы билейді» дейді қазақ. Ата-баба құнды­лықтарымен, өз өмір салтымен, әдет-ғұрпымен, ұлттың тыйым-түсініктерімен ғасырдан ғасырға аман жетіп келе жатқан қазақ еліне әр дін келіп, өз жарғысын таңа алмауға тиіс. Ата заң осы қағидаттың қорғанында тұрады. 

Жаңа Конституцияның 1, 6, 7, 25, 33 және 41-баптары бір-бірімен сабақтасып, қабыса келе, Қазақстан атты зайырлы мемлекеттің тұтас құқықтық моделін құрады. Мемлекетіміз зайырлы. Дін мем­лекеттен бөлек дамиды. Әр адам ар-ождан бостандығына ие. Еш азамат сеніміне қарай кемсітілмеуге тиіс.

Айхан ШӘРІП