The Associated Press зерттеу материалы негізінде Aikyn.kz круиз лайнерінде анықталған індеттің себептері мен салдарын талдайды.
MV Hondius круиз лайнері Аргентинадан Антарктидаға, кейін Атлант мұхиты арқылы шалғай аралдарға 1 сәуірде бағыт алады. Лайнерде сирек кездесетін хантавирус індеті бірнеше апта бойы байқалмай өршіген. Кеме бортында жолаушылар мен экипаж мүшелері ауыра бастағанымен, аурудың нақты себебі бірден анықталмаған.
Алғашқы жағдай 6 сәуірде тіркеледі. 70 жастағы голландиялық азаматтың дене қызуы көтеріліп, басы ауырып, жеңіл диарея белгілері пайда болады. Ол 11 сәуірде тыныс алу жеткіліксіздігінен кемеде қайтыс болған. Алайда сол кезде өлім себебі белгісіз болып қалады. Тек бір айға жуық уақыт өткен соң, Оңтүстік Африкада жасалған зертханалық талдаулар хантавирус жұққанын растайды.
Осы саяхат кезінде үш жолаушы қайтыс болды, бір британдық жолаушы Оңтүстік Африкадағы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Тағы үш адамның вирус жұқтырған белгілері бар, олар эвакуацияны күтіп отыр. Кемеде 23 елден келген шамамен 150 жолаушы мен экипаж мүшесі болған.
Хантавирус әдетте кеміргіштер арқылы таралады. Адамдар ауру жұқтырған кеміргіштердің сілекейі, зәрі немесе нәжісімен байланысқанда жұқтыруы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше, вирус адамнан адамға оңай берілмейді, сондықтан жаһандық қауіп төмен деп бағалануда. Дегенмен ұйым бұл оқиғаны індет ретінде қарастырып, тергеу жүргізіп жатыр.
Ең алаңдатарлық жайт – аурудың кеш анықталуы. Британдық жолаушыда жоғары температура, ентігу және пневмония белгілері байқалғаннан кейін ғана дәрігерлер хантавирусқа тест жасаған. Нәтиже оң болып шыққан. Кейін қайтыс болған голландиялық әйелден де хантавирус табылған.Oceanwide Expeditions компаниясы шұғыл медициналық көмекке мұқтаж адамдарды Кабо-Вердеден эвакуациялау үшін ұшақтар жіберілгенін хабарлады. Ал қалған жолаушылар мен экипаж мүшелері каюталарда оқшауланған. Бұл жағдай COVID-19 кезіндегі карантин шараларын еске түсіреді.
ДДСҰ вирустың кемеге қалай түскенін анықтап жатыр. Алғашқы екі науқас кемеге отырмас бұрын Аргентина мен Оңтүстік Американың басқа елдерінде болған. ВОЗ дерегінше, Анд вирусы деп аталатын хантавирустың бір түрі Оңтүстік Америкада, әсіресе Аргентина мен Чилиде кездеседі.
Бұл оқиға шалғай аймақтарға жасалатын экспедициялық круиздерде медициналық бақылаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті.










