Инфрақұрылымның игілігін көрді

Бүгінде 340 мыңнан астам тұрғын мекендейтін ауданда ауызсумен қамту, электр энергиясы, кәріз жүйесі, газдандыру, санитарлық тазалық, көгалдандыру және абаттандыру мәселелері кешенді түрде қолға алынған. Шымкент қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Қаратау ауданының әкімі Алмас Емелтайұлы инфрақұрылымды дамытудағы негізгі мақсат елді мекендерді инженерлік желілермен қамтып қана қоймай, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы экологиялық орта қалыптастыру екенін айтты.

Қаратау ауданының аумағы 19,5 мың гектарды құрайды. Мұнда 19 елді мекен, 896 көше, 32 мыңнан астам жеке тұрғын үй мен 668 көпқабатты үй орналасқан. Сонымен қатар ауданда 281 әлеуметтік нысан мен 37 демалыс орны бар. Мұндай ауқымды аумақты сапа­лы коммуналдық инфра­құрылыммен қамту жүйелі жос­парлауды қажет ететін маңызды міндет.

Қаратау ауданындағы инфрақұрылымдық саясаттың негізгі бағыттарының бірі  – тұрғындарды сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз ету. Қазір ауданның ауызсумен қамтылу деңгейі 99 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш инженерлік инфра­құрылымды дамыту бағыт­ын­дағы жүйелі жұмыстардың нәти­же­сін көрсетеді. Сонымен бірге жаңа құрылыс аумақ­тары­ның пайда болуына байланысты су желілерін кеңейту қажеттілігі де сақталуда. Достық тұрғын алабындағы «Теміржолсу Арыс» ЖШС-ға тиесілі ауызсу жүйе­лері мемлекет меншігіне қа­был­данды. Ал Шапырашты тұрғ­ын алабындағы су жүйе­лерін коммуналдық меншікке өткізу жұмыстары жүргізілуде.

Таскен, Сайрам тұрғын алаптары мен Гидрогеолог ша­ғын­ауданының жаңа құрылыс аумақтарын мемлекеттік ауызсу жүйесіне қосу бойынша жоба­лау жұмыстарының қолға алынуы да халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Мұнда мәселе тек су құбырын тартумен шек­тел­мейді. Қаланың шеткі аумақ­­тарындағы халық саны­ның өсуін ескере отырып, су жүйе­лерінің өткізу қабілетін арттыру, желілердің техникалық жағдайын жақсарту және олар­дың тұрақты жұмысын қамта­масыз ету де өзекті.

Қаратау ауданындағы ин­женерлік инфрақұрылымды дамытудың тағы бір маңызды бағыты – газдандыру. Тұрғын үйлерді табиғи газбен қамта­ма­сыз ету тек тұрмыстық қолай­лылық мәселесі емес, сонымен бірге қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтудың маңызды тетігі.  Аудан аума­ғында халық саны мен тұрғын үй қоры ұлғайған сайын газ желілерін кезең-кезеңімен кеңейту, жаңа елді мекендер мен шағынаудан­дарды инженерлік инфра­құры­лыммен қамту жұмыстары да жалғаса береді. Газдандырумен қатар, электр желілерінің сен­ім­ділігін арттыру мәселесіне де басымдық берілген. Бүгінде ауданның электр энергиясымен қамтылу көрсеткіші 99 пайызды құрайды. Мәртөбе және Сайрам тұрғын алаптарында 12,3 шақырым электр желісін ауыстыру және 7 трансформатор орнату жоспарланған. Қазір оның 9 шақырым желісі жаңар­тылып, 6 трансформатор орна­тылған.

Қаратау ауданында орта­лықтандырылған кәріз жүйе­сімен қамту көрсет­кіші 46 пайызды құрай­ды. Сондықтан бұл ба­ғытта атқарылатын жұмыс көлемі әлі де ауқымды. Мирас-1 және Мирас-2 ша­ғын­ау­дандарында орталық кәріз жүйе­сін тарту бойынша құрылыс жұмыстары жүргі­зілуде.

Кәріз жүйесін да­мыту – ең алдымен, қоршаған ортаны қор­ғау, жерасты сула­ры­ның ластануына жол бермеу және санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. 

Қоршаған ортаны қорғау тек инженерлік желілерді жаңа­ртумен шектелмейді. Қо­ғамдық кеңістіктердің тазалы­ғы, көгалдандыру, абаттандыру және қалдықтарды басқару мәдениеті де осы бағыттың маңызды құрамдас бөлігі. Қаратау ауданында санитарлық тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары тұрақ­ты жүргізілуде. Биыл аудан аумағында қосымша 10 гүлзар салу жоспарланып, оның бесеуі аяқталған.

Қаратау ауданында инфра­құрылымдық жаңғырту жұмыс­тары жол және жаяу жүргін­шілер инфрақұрылымын да қамтиды. Ауданда 896 көшенің жалпы ұзындығы 753 шақы­рымды құрайды. Биыл 132 көше мен өткелге асфальт төсеу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 48-інде жұмыс аяқталған. Сонымен қатар сегіз елді м­е­кен­де жалпы ұзындығы 27 шақырым аяқжол салу көз­делген. Бүгінде 22,5 шақырым тротуар пайдалануға берілді. Жауын-шашын кезінде су жиналатын аумақтарда 22 ир­ри­гациялық нысан салу жос­парланып, оның 14-і аяқталған.

Бұл жұмыстар да эколо­гиялық және санитарлық қауіп­сіздікпен тікелей байланысты. Жауын суын тиімді бұру жүйе­сінің болуы көшелердің бұзы­луын азайтып қана қоймай, тұр­ғын үйлер мен қоғамдық аумақтарды су басу қаупінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы