Жұрт жадындағы Ғазиз ғұмыр

Біреулер ғұмыр жолында биік-биік қызметімен есте қалады, енді біреулер атақ-даңқымен жер-жаһанға мәшһүр болады. Ал ел ішінде мансабы әлдеқашан тарих қойнауына кетсе де, жасаған жақсылығы жұрт жадынан өшпейтін азаматтар болады. Олардың есімі туралы сөз болса, салған мектебімен, елге жеткізген суымен, қиын шақта көрсеткен қамқорлығымен бірге аталады. Мұндай адамдардың ғұмыры өз басының ғана емес, тұтас бір өңір­дің шежіресіне айналады. Сондай азаматтардың бірі – биыл тоқсан жастың төріне озғалы отырған Батыс Қазақстан өңірінің аса қадірлі ақсақалы Ғазиз Усағалиұлы Хаймулдин. 

Тоқсан жыл… Иә, бұл – тұтас бір дәуір. Осы уақыт ішінде қаншама ұрпақ алмасты, қоғам өзгерді, кешегі ыдырамастай көрінген кеңестік кезең сол уақытта өмір сүрген адамдардың алдында «тірі» тарихқа айналып, тәуелсіз Қазақстанның жаңа шежіресі жазылды.

Трактор тізгіндеген бозбаланың даңғылы

Біз сөз еткелі отырған арда азамат Ғазиз Усағалиұлы 1936 жылғы 13 қазанда Батыс Қазақстан облысының Орда ауданындағы Талап ауылында дүниеге келген. Әкесі Усағали мен анасы Үлпеш колхоз жұмысында шың­далған қарапайым жандар еді. Болашақ басшының балалық шағы ауыл тіршілігімен біте қайнасып өтті. Орта мектепті тәмамдаған­нан кейін сол кездегі Чапаев ауданындағы «Коммунизм» колхозында жұмыс істеді. Әуелі мал бақты, кейін трактор тізгіндеді. Тың игеру науқаны қызған сонау 1955-1956 жылдары ауысымдық тракторшы, комбайншының көмекшісі болды. Жас жігіттің ауыл шаруа­шылығының қыр-сырын кітаптан бұрын күнделікті тіршіліктің өзінен үйренген кезеңі де осы еді. Дегенмен Ғазиз Хаймулдиннің арманы мұнымен шектелмеді. Ауыл шаруа­шылығын дамыту үшін білектің күшімен қа­тар, терең білім де қажет екенін түсінген ол 1957 жылы Саратов малдәрігерлік-зоотехника­лық институтына оқуға түседі. Бес жылдан кейін ғалым-зоотехник мамандығын алып, ту­ған өлкесіне оралады. Министрліктің жол­дамасымен Тайпақ ауданындағы «Есенсай» совхозына бас зоотехник болып тағайын­далады.

1963 жылы Ғазиз Хаймулдин облыста алғашқылардың бірі болып жас шопандар бригадасын ұйымдастырды. Қилыбай елді мекенінде құрылған бұл ұжымға ауылдың жалынды жастары тартылды. Бастама көп ұзамай өз нәтижесін беріп, кейін басқа шаруашылықтарға да үлгі болды. 1966 жылы небәрі отыз жасында «Есенсай» совхозының директоры болып тағайындалған Ғазиз Уса­ғалиұлының алдында енді тұтас шаруа­шылықтың «тағдыры» тұрды.

Оның есімімен байланысты ең ерекше бастамалардың бірі – қыз-келіншектерден тұратын механизаторлар бригадасын құруы еді. 1967 жылы «Есенсайда» облыста алғаш рет әйел механизаторлар ұжымы ұйымдас­тырылды. Сол кезеңде ауыр техниканы негізінен ер адамдар жүргізетін. Сондықтан қыз-келіншектердің трактор тізгіндеп, егіс­тікке шығуы ауыл өміріндегі елеулі жаңалық болатын. Сөзсіз, сенім ақталды. Бригаданың атағы ауданнан асып, облысқа тарады. Ұжым мүшесі Райхан Мамаева бүкілодақтық жер жыртушылар жарысында үздіктер қатарынан көрініп, арнайы трактормен марапатталды. Кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ғазиз Хаймулдиннің жаңашылдығы мұнымен шектелмеген.

Ю.Гагаринмен жүздескен ұмытылмас сәт

Ғазиз Хаймулдиннің жастық шағындағы ең жарқын естеліктерінің бірі – адамзаттың тұңғыш ғарышкері Юрий Гагаринмен бай­ланысты. Тіпті оның ғарыш тарихындағы осы ай­тулы тұлғамен тағдыры екі мәрте тоғысқан екен. 1961 жыл. Сәуір айының 12-сі. Адамзат баласы алғаш рет ғарышқа көтерілген тарихи күн. Юрий Гагарин мінген «Восток-1» кемесі Жерді айналып ұшып, ғарышкер Саратов өңіріне қонды. Ол кезде Ғазиз Хаймулдин Са­ра­товтағы институтта оқып жүрген еді. Ал ға­рышкер қонған жер институттың оқу-тә­жірибе шаруашылығының аумағында болған.

Арада үш жыл өткенде Ғазиз Хаймулдин тұңғыш ғарышкермен жүзбе-жүз кездесудің сәті түсетінін қайдан білсін?! 1964 жылғы наурызда Мәскеуде Бүкілодақтық Лениншіл Комму­нистік Жастар Одағы Орталық коми­тетінің пленумы өтеді. Жиынға ауыл шаруа­шылығын дамытуда ерекше көзге түскен жас мамандар шақырылады. «Есенсайда» жас шопандар бригадасын ұйымдастырып, тың бастамасымен танылған Ғазиз Хаймулдин де солардың қатарында еді. Пленум жұмысына Юрий Гагарин мен Герман Титов қатысады. Жиын барысында жастар ұйымдарының бір топ жетекшісі тұңғыш ғарышкермен арнайы барып кездеседі. Ғазиз ақсақалдың айтуынша, Гагарин әрқайсысымен қол алысып, қай жақ­тан келгенін сұрап, жылы сөйлескен. Кезек оған жеткенде:

– Сіз қайдан келдіңіз мұнда? – деген екен.

– Мен бе, мен – Қазақстаннан, Оралдан­мын, – деп жауап беріпті албырт студент. Мұны естіген ғарышкер де жылы шырай та­нытып: 

– Иә, біз көршіміз ғой, – депті. Кездесуден кейін Ғазиз Хаймулдин Гагаринмен бірге суретке түседі. Сол фотосурет 1964 жылғы 19 наурызда жарық көрг ен «Правда» газетінің екінші бетінде жарияланады.

Ел тағдырын шешкен су жолы

Ғазиз Хаймулдиннің Тайпақ өңірінде атқарған қызметін сөз еткенде, Азынабай суландыру жүйесін айналып өту мүмкін емес. Бұл – оның өміріндегі ең ауқымды істердің бірі ғана емес, арада жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, көңілінен шықпай жүрген ғұмырнама­лық мәселесі. 1970 жылдың соңында «Есенсай» совхозындағы басшылық қызметін аяқтаған Ғазиз Усағалиұлы Тайпақ аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының төрағасы болып тағайындалады. Кейін аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Осы жылдары ол ауданның шаруашылығын өркендетумен қатар, елді мекендердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, құрылыс пен су мәселелерін шешуге күш салды. 1977 жылы облыстық партия комитетінің пленумында Ғазиз Хаймулдин Азынабай өңірін сумен қамтамасыз ету мәселесін көтереді. Оның ұсынысы бойынша Өлеңті өзенінің арнасына су жіберіп, Азынабай көлінің табанын сулан­дыру көзделген. Ұсыныс облыс басшылығы тарапынан қолдау табады. Арнайы су өткізу құрылысы салынып, өңірге су жеткізіледі. Десе де Ғазиз Усағалиұлы мұнымен тоқтап қал­майды. Суландыру жүйесін әрі қарай жал­ғастырып, суды шалғайдағы жайылымдарға дейін жеткізу қажет екенін алға тартады. Ақыры бұл бастама да жүзеге асады. «Зау­ральный» совхозының аумағына дейін ұзын­дығы 100 шақырым канал жүргізіліп, мыңдаған гектар жайылым суландырылады.

Халық сенімінің жүгі

Өткен ғұмырына зер салсақ, Ғазиз Хаймул­дин бірнеше мәрте аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болып сайланды. Кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Х шақырылым­ының депутаты атанды. Республикалық деңгейдегі осы бір мәртебе оған туған өңірінің өзекті мәселелерін жоғары билік мінберінен көтеруге мүмкіндік берді. Оның қызмет жо­лында аудандық аурухана мен кәсіптік-тех­никалық училище салу жөніндегі ұсынысы жо­ғары мінберлерде қолдау тауып, кейін екі ны­сан да пайдалануға берілді. Бірі – 120 орындық аурухана болса, екіншісі – 750 орын­дық кәсіптік-техникалық училище. Бұл – сол кезеңдегі аудан үшін ауқымды құрылыстар еді. Аурухананың салынуы тұрғындардың меди­цина­лық көмек алу мүмкіндігін кеңейтсе, училищенің ашылуы ауыл жастарына кәсіп меңгеруге жол ашты. Тағы бір маңызды мәселе елді мекендерді газдандыру болатын. Ғазиз Хаймулдин Қалмыковқа Индер жақтан газ құбырын тарту мәселесін республикалық деңгейде көтеріп, оның шешілуіне атсалысты. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында аудан совхоздарындағы білім беру нысандары­ның жеткіліксіз екенін айтып, құрылыс жұ­мысына қатысты сын-ескертпелерін жеткізді. Кейін ауданда типтік жобамен салынған мектептер мен балабақшалар бой көтерді.

Ғазиз Усағалиұлының қызмет жолында қиын міндеттер де аз кездеспеді. Соның бірі 1988 жылы болды. Аудандық атқару комитетін он жылға жуық басқарған тәжірибелі басшыны жоғары жақ артта қалған Котельников совхозының жұмысын түзетуге жібереді. Бұ­рын тұтас ауданның шаруасына жауап берген азамат осылайша қайтадан совхоз дирек­торлығына оралады. Бұл жолы да алдына нақты міндет қояды. Екі жылдың ішінде шаруашылықта жаңа типтік мектеп салынып, 1100 гектар жерді қамтитын лиманды суару учаскесі іске қосылады. Кейін ол облыстық ет өнеркәсібі саласында басшылық қызмет атқарып, мал бордақылау шаруашылық­тарының жұмысын үйлестірді. 1994-1997 жылдары облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі кеңесшісі болды. Осылайша қырық жылдан астам уақыт ауыл шаруашылығы мен ел басқару ісінің әртүрлі сатысынан өтті. Сол еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталды.

Жайық жағасындағы жақсылар

Барша қазаққа кезінде «Шет жүрсем сағынарым, жабықсам, шағынарым» деген жыр жолдары өте танымал өлең еді. Кейін оны атақты әнші Нұрлан Өнербаев гитарада нақышына келтіріп орындады. Сол «Анашым» әнінің сөзін жазған ақын – Қайрат Жұмағалиев. Ол өзінің «Ақ еркем, Ақ Жайығым» атты мақаласында Жайықтың бойында келе жат­қанын ерекше жылылықпен: «Қасымда ескі досым Ғазиз Хаймулдин. Бала кезден доспыз», – деп жазады. Неге мұны жазып отыр дейтін шығарсыз… Өйткені тура осы Қайрат ақын – әңгімемізге арқау болып отырған Ғазиз ақсақалдың досы, бір партада бірге оқыған сыныптасы, өмірдегі ең сырлас, қанкөйлек жолдасы еді. Мектепті бітірер-бітірместен тағдыр жолы екеуін екі жаққа алып кеткен. Бірақ бала күннен жалғасқан достық ешбір үзілген жоқ. Қайрат ақын Ғазекеңнің туған өлкенің тарихын терең білетінін, кездескен сайын одан өткен-кеткенді сұрап, әңгімеге тартатынын көзі тірісінде жиі сөз қылатын. Ал сол жолы әңгімені Ғазиз атаның өзі бастапты. Сөз қазақтың қайсар ақыны Жұбан Молда­ғалиев­тің тоқсан жылдық мерейтойынан өр­биді. Ғазиз досына мерейтойдың қалай өткенін, елдің Жұбан рухына қандай құрмет көрсеткенін әңгімелейді. Әсіресе ақынға орнатылған ескерткіш туралы ерекше тол­ғанады. Ақын Жұбанның жары Софья апайдың ұрпақтарымен бірге елге келіп, құрметке бөленгенін де ризашылықпен жеткізеді.

Жұбан Молдағалиев туған өлкесіне келген­де Ғазекеңді арнайы іздеп, жүздесіп отыратын болған. Екеуінің 1982 жылы бірге түскен фотосуреті де сақталған. Кейін Ғазиз Усаға­лиұлы ақын туралы естеліктерін қағазға тү­сіріп, «Қайсар қазақ» атты жазба қалдырды. 

Ғазиз Хаймулдиннің әдебиет пен өнерге жақындығы тек Жұбан Молдағалиевпен шектелмейді. Ол қазақ музыка өнерінің белгілі өкілдері Еркеғали Рахмадиев, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев, Базарбай Жұманиязов сынды тұлғалармен де азды-көпті араласқан. Әсіресе белгілі композитор Базарбай Жұманиязовпен достығы ерекше болған. Ғазиз Усағалиұлы қазақ музыка өнерінде өзіндік орны бар композитордың есімі туған өлкесінде сақталуы үшін арнайы бастама көтеріп, Орал қаласындағы көшелердің біріне оның атын беруге атсалысқан. Нәтижесінде, облыс орталығындағы ұзындығы екі шақырымға жуық көше Базарбай Жұманиязовтың есімімен аталды. Міне, бұл – достықтың сөз жүзінде қалмағанының анық мысалы. 

Туған жердің қамын күйттеген тоқсан жыл

1997 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Ғазиз Хаймулдин қоғамдық жұмыстан шет қалған жоқ. 2000 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысындағы экологиялық ұйымдар қауымдастығын басқарды. Ғазиз Усағалиұлы сонымен қатар Қарашығанақ кен орнындағы алаулардың қоршаған ортаға әсері жөніндегі мәселелерді де көтеріп, тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар жеткізген.

Ал Ғазиз ақсақалдың өмірлік серігі Ақкенже Жұбанышева да саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған жан. Екеуі – ұрпақ өсіріп, немере сүйіп отырған өнегелі отбасы. Бірі ел басқару мен шаруашылық ісінде жүрсе, екіншісі жас ұрпаққа білім мен тәрбие берді. Қос ғұмырдың тоғысқан тұсында да халыққа қызмет етудің өз жолы жатыр. Бүгінде, міне, Ғазиз Усағалиұлы тоқсан жасқа келіп отыр. Осы жасқа жеткен адамның өткеніне көз жүгіртіп, атқарған істеріне шүкіршілік етуіне әбден болады. Оның өмір жолында абыройлы қызмет те, мемлекеттік марапат та, халықтың құрметі де бар. Бірақ өзі үнемі сөз ететіндей, Ғазиз ақсақалдың бүгінгі ойы тағы да сол Азынабайға ауып отырады.

Мұның өзі көп нәрсені аңғартса керек. Өмір бойы ел ісіне араласқан азаматтың зейнет жасында да сол жұрттың болашағына алаңдауы – кез келген адамға бұйыра бермейтін мұғжиза қасиет. Бәлкім, ұзақ ғұмырдың шын мәні де осында шығар. Адамның артында қалатын ең үлкен мұрасы – өзі үшін жинаған дүниесі емес, өзгелерге жасаған жақсылығы. Есесіне қаңқу сөз бен өсек-аяң ермей, ел-жұрттың шынайы тілеулес болған ықыласы оны осы тоқсанның төріне аман-есен шығарып, абыз ақсақал атандырды.

Алтынбек МЕРСАДЫҚ