Тіпті, олардың алаяқтармен тізе қоса қимылдап, соның айла-шарғыларын заңсыз төл бизнесіне бейімдегені анықталды. Бұл мәселе Қауіпсіздік кеңесінде қаралған еді. Сондықтан бұл күрес күшейтілмек. Сонымен бір мезгілде ІІМ есірткіні өзі тұтыну үшін сатып алған, сақтаған нашақорларды қылмыстық қудалаудан босатып, айыппұл түріндегі жаза қолдануды ұсынды. Сарапшылар бастаманы қолдаған. Бұл не үшін қажет және қандай нәтижелер беруі мүмкін?
Қылмыстың күрделі тізбегі
Есірткі әлемі бір орында тұрмайды. Ол талай тағдырды жарға жыққан тұзағын әлеуметтік желідегі «оңай табыс» жарнамасы, мессенджердегі ақылы тапсырма, тіпті күнделікті қала ішінде зырлап жүретін курьердің орындайтын тапсырысы түрінде түрлендіріп, жаңаша құрып жатқан көрінеді. Қазақстанда 1 маусымнан 31 қазанға дейінгі аралықта өтіп жатқан, есірткінің заңсыз айналымын әшкерелеуге және алдын алуға, сондай-ақ есірткілі өсімдіктерді жоюға бағытталған «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы нәтижелері осы өзгерістің ауқымын аңғартады.
«Қарасора-2026» операциясы аясында есірткі әзірлеуші, тасымалдаушы, сатушы арналарға соққы беріліп жатыр. Бұл науқанның ақырғы қорытындысы кейін шығарылады, бірақ қазіргі жетістігінің өзі қомақты көрінеді. Мысалы, Ақтөбе облысында да полиция автокөлік бара алмайтын шалғай аумақтарды тікұшақпен шарлап, республикалық маңызы бар жолдарда мобильді бекеттер ұйымдастырған. Көліктерді тінтуге қызметтік иттер тартылып жатыр. Іс-шара басталғалы өңірде жүзден аса есірткі қылмысы тіркеліп, заңсыз айналымнан ең кемі 346 келі есірткі тәркіленді, 5 855 түп жабайы қарасора жойылды. Даладағы есірткілі өсімдіктің әрбір түбінің жойылуы – қылмыстық нарықтың бір тамырының қиылғаны.
Ақмола облысындағы көрсеткіш те назар аудартады: заңсыз айналымнан 321,8 келіден астам есірткі алынған: 142,6 келіден астамы «синтетика». Есірткінің заңсыз таралымының үлкен бөлігі интернет кеңістікке көшіп жатқанын ескеріп, тәртіп сақшылары ғаламтордағы саудаға қарсы киберқимылды күшейткен: өңірде есірткі сататын немесе жарнамалайтын 400 сілтеме және сайт бұғатталыпты. Демек, есірткімен күрес енді тек көшедегі рейд емес, экранның ар жағындағы көлеңкелі кеңістікті де қамтитын майданға айналды.
Ең алаңдатарлық көріністің бірі – синтетикалық есірткі өндірісінің кәсібиленуі әрі әртараптануы. Мәселен, Екібастұзда екі ағайынды үй ауласындағы гаражды зертханаға айналдырып, өндірісті жолға қойған. Тінту кезінде 10 келіден астам альфа-PVP есірткісі, 860 литр химиялық сұйықтық, 300 литрлік реактор, зертханалық құты, жабдықтар табылған. Тергеу дерегінше, шетелдегі куратор Signal мессенджері арқылы тікелей эфирде лабораториядағы есірткі өндірісінің бүкіл циклін қадағалаған, бұл екеуін есірткі жасауға үйреткен. Бұған қоса, жасырын орындарға қажетті шикізатты, прекурсорларды тығып, жеткізіп беріп отырған. Есірткі әлемінің өз шәкірттерін «онлайн курс» арқылы даярлай бастауы және есірткі зертханасын ұйымдастыруға үйретуі – қылмыстың тұрмыстық сипаттан жаңа ұйымдасқан жүйеге ойысқанын аңғартады. Ағайындылар изоляторға қамалды, оларға өмір бойға түрмеге қамалуға дейінгі ауыр жаза төніп тұр.
Ішкі істер министрлігі барлық азаматты «Заң мен Тәртіп» қағидатын қалтқысыз сақтап, қылмыскерлерге ермеуге шақырады.
– ІІМ «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында есірткі жеткізу және тарату арналарының жолын кесу бағытында мақсатты, нысаналы іс-шараларды жалғастыра береді. Ведомство есірткі өндірісі мен айналымын ұйымдастыру әрекеттерінің жолын қатаң әрі ымырасыз түрде кесетін болады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр, – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.
«Оңай олжа» қымбатқа түсті
Қарау ниетті есірткі саудагерлері көптеген адамның әлсіз тұсын, талмау жерін дөп басып, тез баюға деген құмарлығын, қарызға батқан тағдырын өз орайына пайдаланады. Олар жаңа айла-амалдарды ойлап тапты: мысалы, әлеуметтік желілерде: «Біздің платформаға инвестиция салып, қаражаттарыңызды еселеп көбейтіңіз және мол пайдаға кенеліңіз» деген сипатта жұртты елеңдетер жарнамаларды қаптатып жіберді. Осы алдауға риясыз сеніп, сілтеме арқылы өткен аңғал жандар инвестиция орнына алаяқтық пен қылмыстың сұрқия батпағына – есірткі сататын астыртын сайтқа тап болады.
Мамандардың түсіндіруінше, әрі қарай ынта-ықылас білдіргендерге заңсыз өнімдердің партиясын сатып алу ұсынылады. Оны қалай өлшеп, ұсақ қалташаларға бөлу, сондай-ақ қала ішінде жасырын тарату тәсілдерін тәптіштеп түсіндіретін көрінеді. Өкінішке қарай, оңай олжаны қалап, жалған уәденің арбауына түсіп, бұл шырмауықтан шыға алмай қалғандардың қатары күн санап артып келеді.
© коллаж: Елдар ҚАБА
Көкшетаудағы әкелі-балалының соты да ащы мысал. 20 жастағы қыз «мол табыс табу» мақсатында синтетикалық психотропты затты аса ірі мөлшерде сатып алыпты. Артынша әлеуметтік желідегі «табыс табу» ұсынысына қызығып, ресми жұмысы жоқ оның әкесі де есірткі таратушы («закладчик») қызметін орындауға кіріскен. Одан 30 бума синтетикалық зат тәркіленді. Сот рақымшылық аясында қызды екі жыл сегіз айға, әкесін бес жыл төрт айға бас бостандығынан айырды. Бұл заңсыз бизнес тұтас отбасын талқандады: «оңай ақша!» деп арамзалықпен сілтеген жол оларды темір торға тіреді.
Өскемендегі оқиға да тағы бір жаңа схеманың сырын ашты. Басқа қаладан келген 20 жастағы ер адам әлеуметтік желідегі «жұмыс» туралы хабарландыруға сеніп, ірі партияларды алып, оларды өлшеп, қаптап, жасырын орындарға салуға дайындаған. Еңбегінің ақысын криптовалютамен алған. Мұның сыртында есірткі саудагерлерінің нарықтағы заманауи логистикалық мүмкіндіктерді белсенді пайдаланып жатқаны әшкереленді. Көкшетауда, танымал ресейлік агрегаторда ресми курьер болып істеген 33 жастағы ер адам қала ішінде елеусіз, еркін қозғалу мүмкіндігін есірткі таратуға пайдаланған. «Қарасора-2026» іс-шаралары аясында есірткі қылмыстарымен күрес бөлімшесінің қызметкерлері оны ұстап алып, фирмалық сөмкесінен «a-PVP» синтетикалық есірткісі салынған 15 буманы тәркіледі. Жалпы, 7 айда елде синтетикалық есірткі өндіретін 17 ошақ жойылып, 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылған.
Жазаны жіктеген жөн бе?
Сарапшылардың пайымдауынша, есірткі қылмысы үлкен зертханалардағы өндірістерден анағұрлым күрделі, әртараптандырылған схемаларға кетіп жатыр. Кинодағыдай тау шатқалдарына, қиян далаға тікұшақпен жасақтар сау ете қалып, есірткі өндірілетін алып кешендерді, кең базаларды жоюы сияқты эпизодтар тарих еншісінде қалып бара жатқандай.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтері де бұл саладағы өзгерістің ауанын байқатады. 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда есірткіге қатысты 5,5 мың қылмыс тіркелді. Бір жыл ішінде олардың саны 6,7%-ға азайған. Бұл ретте есірткіге қатысты құқықбұзушылықтардың жалпы қылмыстар санындағы үлесі керісінше, 7,2%-ға дейін өскен. Салыстырғанда, 2016 жылғы қаңтар-тамызда осындай 6,3 мың құқықбұзушылық тіркеліп, оның үлесі небәрі 2,4%-ды құраған екен. Демек, он жыл ішінде есірткіге қатысты қылмыс саны 12,3%-ға азайған, олардың үлесі керісінше, 3 есе өскен. Бұл тіркелген басқа қылмыс түрлерінің жалпы саны есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар санына қарағанда жылдамырақ қысқарғанын білдіреді.
Есірткі айналасындағы қылмыстық құқықбұзушылықтардың жартысынан көбі саудалау мақсатынсыз есірткі және психотроптық заттарды сатып алумен байланысты екен. 2026 жылғы қаңтар-тамызда осындай 3 мың жағдай тіркелді. Бұл бір жыл бұрынғыдан 9,9%-ға аз. 1,7 мың құқықбұзушылық сату мақсатында есірткіні сатып алу, сақтау және тасымалдаумен, сондай-ақ тікелей саудалаумен байланысты болды. Олардың саны 5%-ға қысқарды.
Ішкі істер министрлігі «Кейбір заңнамалық актілерге есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеуді декриминализациялау бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын әзірледі.
Құжатта «есірткі құралдарының заңсыз айналымы саласында ең жиі қолданылатын қылмыстық-құқықтық нормалардың бірі» болып отырған 296-баптың 1-ші және 2-ші бөліктерін Қылмыстық кодекстен алып тастау, оның орнына «есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау үшін әкімшілік жауаптылық белгілеу» ұсынылған. Бұл жерде аса ірі мөлшердегі осындай әрекеттер, сондай-ақ өткізу мақсаты бар барлық іс-әрекет қылмыстық жауапкершілік шеңберінде қалмақ.
Ұсыныстың мәні – есірткі тұтынуды заңдастыру емес, құқықтық жауапкершілікті саралау. Қолданыстағы жүйе бойынша 2020-2025 жылдары 296-баптың 1 және 2-бөліктері бойынша жылына шамамен 3-4,6 мың іс тіркеліп, олардың 45-70 пайызы ақтайтын негіздер бойынша тоқтатылған. 2025 жылы осы нормалар бойынша 1 873 адам сотталған. Мұндағы мәселе жазаның қаталдығында ғана емес, оның нақты нысанаға қаншалық дәл тиетінінде болса керек.
Есірткі қылмысының сипаты өзгерген сайын оған қарсы мемлекеттік шаралар да нақты әрі сараланған сипат алғаны маңызды. Елге ажал сепкен бұл тажалдың тың тәсілдеріне қарсы күрес қылмыскерді ұстаумен шектелмей, тұтас қылмыстық тізбекті үзуге бағытталса, құба-құп. Бұл жолда «Заң мен Тәртіп» қағидаты үстем болып, қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіретін қылмыстық бизнеске берік тосқауыл қойылуға тиіс.
Елдос СЕНБАЙ









