Бұлай деуге себеп бар, құқық қорғау органдары тайға таңба басқандай бұлтартпас деректер мен дәйектерді анықтап отыр. Ақмола облысының биылғы бюджеті жүздеген миллиард теңгемен өлшенеді. Бұл – мектеп, аурухана, жол, жылу, жарық, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым сияқты аса маңызды міндеттерге жұмсалуға тиіс халықтың қаржысы. Сондықтан бюджеттің бүйірі ұлғайған сайын оны тиімді жоспарлау мен әр жұмсалатын теңгенің қайда кеткенін бақылаудың маңызы да арта түспек.
Бірақ прокуратура органдарының жүргізген тексерістерінің қорытындысы жырым-жырым болған бюджет қаражатының талан-таражға салынғанын анықтап берді. Мәселен, бір жерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша тауар бағасы нарықтағы құнынан едәуір жоғары белгіленіп, мемлекетке 126 млн теңге қайтарылған. Екінші жағдайда Көкшетаудағы Қопа көлінің жағалауын абаттандыруға бөлінген қаражатқа қатысты 170 млн теңгеден астам сома бойынша сот үкімі шықты. Үшінші іс бойынша әлеуметтік тұрғын үй құрылысына бөлінген 211 млн теңгеге қатысты тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ қадағалау органының тегеурінді әрекетінің арқасында экологиялық шараларды жоспарлау кезінде бюджеттен бөлінген 1,6 млрд теңгеден астам қаржының тиімсіз жұмсалуына жол берілмеген.
Бұлтартпас айғақтармен анықталған бұл деректің барлығын бір қатарға қойып, «бюджет қаржысы шетінен жоғалып жатыр» деу дұрыс та болмас. Өйткені олардың құқықтық мәртебесі әртүрлі. Бір бөлігі толықтай тергеліп-тексерудің нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтар болса, бір бөлігі соттың қарауына түскен қылмыстық істер. Енді бірі әлі полиция және құқық қорғау органдары тергеп жатқан істер болса, тағы бір бөлігі – қаржы жұмсалмай тұрып-ақ қадағалау органының қырағылығының арқасында алдын алған тиімсіз жоспарлаулар.
Мәселен, Көкшетаудағы көше жарықтандыру жобасына қатысты прокурорлық тексеру осы сұрақтың бір қырын айқын көрсетті. Қалалық прокуратура «Көкшетау қаласының көшелерін жарықтандыру» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасын талдау барысында материалдар мен жабдықтардың экономикалық негіздемесі тиісті деңгейде жүргізілмегенін анықтап шықты. Тергеу барысында белгілі болғанындай қуаты 120 ваттық бір жарық шамының шартты бағасы 80 мың теңге болған. Ал прокуратура жүргізген тексеріс дәл сол шамға нарықтық баға шамамен 52 мың теңге болып шықты. Осы айырмашылықтың өзі жобаның құнын 126 млн теңгеге негізсіз арттыруға әкелгенін паш еткен. Нәтижесінде 126 млн теңге мемлекет кірісіне кері қайтарылған.
Шикілікке толы іс таусылар емес
Жылдар бойы «жыр» болып ақыры жергілікті биліктің тегеурінімен салынып біткен Қопа көлінің жағалауын абаттандыруға қатысты іс те бұдан ауыр сипат алған. Ақмола облысының прокуратурасы мәліметінше, 2026 жылғы 20 сәуірде Көкшетаудағы Қопа көлінің жағалауын салу жұмыстары кезінде бюджет қаражатын 170 млн теңгеден астам сомаға жымқыруға қатысты үш бірдей адамға сот үкімі шыққан.
Аталған іс бойынша бұрынғы Көкшетау қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы, техникалық қадағалау өкілі және мердігер ұйымның басшысы басты фигуранттар болған. Прокуратура деректеріне сенсек, қылмыс 2020 жылы жасалып, қомақты қаражат кейін заңдастырылғаны айтылған. Сот әрқайсысына түрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Құқық қорғау органдарының өзін айтарлықтай әурелеген әлеуметтік тұрғын үй құрылысына қатысты тағы бір істің құқықтық мәртебесі мүлде бөлек. Ақмола облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті прокуратураның үйлестіруімен Көкшетауда әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй құрылысына бөлінген бюджет қаражатының жымқырылуына қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
Ресми мәліметке сәйкес, 2021 жылы құрылыс бөлімі мен мердігер компания арасында құны 1 млрд теңгеден асатын келісім жасалған. Тергеу нұсқасы бойынша, мердігер аванс алу үшін жалған азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру шарттарын ұсынған болып шықты. Нәтижесінде 211 млн теңге аударылғанымен, құрылыс сол күйі аяқталмаған және нысан пайдалануға берілмеген.
Қаржылық мониторинг органы ресми ұсынған дерегінде бұл қаражаттың жеке қажеттілікке, контрагенттермен есеп айырысуға және қолма-қол ақшаға айналдыруға жұмсалғаны туралы күдік бар екенін хабарлады. Қазір күдікті ұсталып, тергеу жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына байланысты тергеудің өзге мән-жайлары жарияланбайды деген мәлімет алдық.
Бұл жерде де түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте екені түсінікті. Өйткені тергеу нәтижесі мен сот шешімі күтілуі тиіс. Бірақ «бақандай 211 млн теңге аванс ретінде аударылғаннан кейін нысанның құрылысы неге тиісті деңгейде бақылауға алынбады?» деген заңды сұрақ бәрібір ашық қалады.
Экология саласы да былықтан таза емес. Ақмола облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы 2026 жылға арналған экологиялық шаралардың бюджеттік жоспарларын талдаған. Тексеру нәтижесінде 4 іс-шара бойынша жалпы сомасы 1,6 млрд теңгеден астам қаражаттың тиімсіз жоспарланғаны анықталған.
Мәселен, жер қойнауын пайдаланушылардың қызметінен кейін бұзылған аумақтарды қалпына келтіруге қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 55 млн теңге қарастырылған болып шықты. Алайда қолданыстағы талаптарға сәйкес, жер қойнауын пайдаланушы мұндай салдарды өз қаражаты есебінен жоюы тиіс. Прокуратураның қадағалау актісі нәтижесінде бұл қаражаттың тиімсіз жоспарлануына жол берілмеген.
Бұл орайда жоғарыда аталған істерден мұнда маңызды айырмашылық бар екені айдан анық. Өйткені бюджет қоржынындағы қомақты ақша әлі жұмсалып үлгермеген.
Мәселенің ауқымын тек прокуратура анықтаған бірнеше факт арқылы бағалау жеткіліксіз сияқты көрінеді. Сондықтан басқа да қаржылық бақылау жөніндегі құзырлы органдар ресми түрде жария еткен деректерге үңіліп көрдік. Ақмола облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит органдарының бұрынғы есептерінің бірінде алты айда 47 аудиттік іс-шара барысында 10 млрд теңгеден астам сомаға заңбұзушылықтар анықталған. Оның ішінде 1,8 млрд теңге қаржылық заңбұзушылықтарға, 6,711 млрд теңге рәсімдік бұзушылықтарға, сондай-ақ 1,5 млрд теңгеден астамы мемлекеттік сатып алу заңнамасын өрескел бұзуға қатысты болған.
Бұл деректің 2025 жылдың қаңтар-маусымына қатысты екенін ерекше атап өткен жөн. Сондықтан оны биылғы жағдайдың тікелей көрсеткіші ретінде қарастыра алмаймыз. Бірақ ол өңірдегі бюджет тәртібін бақылауда түйткілді мәселенің жаңадан пайда болмағанын көрсетеді.
Ал осы жылдың бірінші жартыжылдығында облыс прокуратурасы қоғамдық мүддені қорғау бағытында мемлекетке 4,4 млрд теңге мүлік қайтарылғанын, бюджет қаражатының 3,7 млрд теңге көлемінде тиімсіз пайдаланылуына жол берілмегенін және бюджетке 1,3 млрд теңге өндірілгенін хабарлады.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов 2025-2027 жылдарға арналған бюджет талқылау кезінде жоспарлау сапасына арнайы тоқталған. Сол жиында ол жобаларды іске асыру кезінде әкімдер мен басқарма басшылары тарапынан тиісті бақылаудың болмауына да назар аударды. Сонымен бірге жобаларды цифрландыру арқылы ашықтықты қамтамасыз ету қатаң тапсырылған еді.
Бұл ұстаным 2026 жылғы нақты жағдайлармен салыстырғанда түйткілдік түйінін тарқатуға аса қажет екені айтпаса да түсінікті. Себебі бюджет мәселесінде ең басты көрсеткіш – қаржыны жыл соңына дейін түгел игеру емес, қаражаттың іс жүзінде халықтың игілігі үшін жаратылуы.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы









