Мемлекетті бұл қадамға не итермеледі? Стоматологтардың дауы, лицензияны қаптатып алып, емдеумен айналыспайтын клиникалардың көбеюі, біліксіз косметологтардың кесірінен сұлулығын ойлаған жандардың мүгедек болып қалуы, салада кадр тапшылығының ары қарай ушығуы – тере берсе, түрткі болған себебі көп екен. Жаңа шара саланы түйткілден тазарта ала ма?
Сенім сынға түсті
Денсаулық сақтау жүйесіндегі бақылау және жауапкершілік мәселесі қайтадан күн тәртібіне шығып, қоғам дабылына негіз болды. Маңғыстау облыстық полиция департаментінің дерегінше, Ақтауда бала өлімінен кейін балалар хирургі қамауға алынды. Оған кәсіби міндетін тиісінше орындамады деген күдік келтіріліп отыр. Полиция дерегінше, облыстық аурухананың дәрігерлері балаға диагноз қою және емдеу кезінде қателіктер жіберген. Науқастың жағдайы кенеттен нашарлаған соң, ол санавиациямен шұғыл түрде Алматыға жеткізілді. Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, жасөспірімді аман алып қалу мүмкін болмады: ол ауруханада көз жұмды.
– Комиссиялық сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған балаға медициналық көмек көрсету барысында кемшіліктерге жол берілгені анықталды. Ол асқынулардың туындауына әсер етуі мүмкін, – деп хабарлады полиция өкілдері.
Құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатқанын, барлық мән-жайды анықтау үшін кешенді шаралар жүргізілетінін жеткізді. Хирург 1 қазанда Қылмыстық кодекстің 128-бабына сәйкес ұсталыпты: тергеу изоляторында отыр. Бұл қайғылы оқиға биылғы көктемде болған еді. Ақтау тұрғыны Жұлдыз Азанова 13 жастағы ұлының өліміне дәрігерлерді кінәлі деп айыптады. Ананың сөзінше, медицина қызметкерлерінің қателігі салдарынан жасөспірімнің халі нашарлап, артынша қайтыс болды. Анасы айыптыларды жазалауды талап еткен соң, Денсаулық сақ-тау министрлігі балалар облыстық ауруханасында ауқымды тексеру жүргізді. Енді соның нәтижесінде прокуратура қылмыстық іс қозғады. Бұл – әзірге күдік пен тергеу деректері: түпкілікті құқықтық бағаны тек сот береді.
Осындай оқиғалар аясында Денсаулық сақтау министрлігі «Кейбір заңнамалық актілерге медициналық қызметті лицензиялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Негізгі өзгеріс – медициналық қызметке берілетін лицензияның мерзімін 5 жылмен ғана шектеу.
Министрліктің Медициналық бақылау комитеті басқармасының басшысы Әсем Мергенбаеваның мәліметіне сәйкес, қолданыстағы талаптар бойынша лицензия мен оған қосымшалардың мерзімі еш шектелмейді, «мәңгілікке» беріледі. Ұсынылған жаңа бастама бойынша медицина ұйымдары белгіленген талаптарға сәйкестігін әр бес жыл сайын қайта растауға тиіс болады.
Маманның түсіндіруінше, бұл өзгеріс лицензиялар тізілімін нақтылауға, шын мәнінде медициналық қызмет көрсетпейтін ұйымдарды есептен шығаруға және біліктілік талаптарына сай келмейтін субъектілерді анықтауға бағытталған. Демек, құжаттың болуы ғана емес, сол құжатқа лайықты қызмет атқару да міндетке айналмақ. Лицензия бір рет алынған тұрақты рұқсат емес, тұрақты жауапкершіліктің өлшемі болуға тиіс.
Тәртіп түзелсе, ем түзелер
Заң жобасы меншік нысанына қарамастан, медициналық көмек көрсететін барлық денсаулық сақтау субъектілерін қамтиды. Мемлекеттік аурухана да, жеке клиника да, жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейтін косметолог те біліктілік талаптарын орындауға міндетті болмақ. Бұған дейін мерзімсіз лицензияны иеленіп алған ұйымдар да назардан тыс қалмайды: жаңа талап күшіне енген жағдайда олардың лицензиялары мен барлық қосымшалары тиісті заңнамалық актіге қол қойылған күннен бастап 6 ай ішінде қайта рәсімделуге тиіс.
«Жаңа 5 жылдық мерзімді есептеу дәл осы қайта рәсімдеу сәтінен басталады. Яғни қолданыстағы лицензияның бұрын қашан алынғаны бес жылдық жаңа кезеңді есептеуге әсер етпейді. Заңнамалық өзгерістер күшіне енген күннен бастап 1 жыл өтпелі кезең белгіленеді. Мұндағы мақ-сат – медициналық ұйымдарды бір сәтте жұмыссыз қалдыру емес, бәріне ортақ тәртіпке кезең-кезеңімен көшу», – деп хабарлады ведомство.
Министрліктің пайымдауынша, қолданыстағы бақылау тетіктері медициналық қызмет көрсетушілердің нақты жағдайын, жай-күйін толық анықтауға жеткіліксіз. Қағаз жүзінде тіркелген субъектілердің бәрі бірдей іс жүзінде науқас қабылдамайды. Кейбір ұйымдардың лицензиясы бар болғанымен, тиісті үй-жайы, бейінді мамандары немесе медициналық жабдықтары болмай шығыпты. Осындай олқылықтар айналып келгенде, халықтың мемлекеттік бақылаудың тиімділігіне деген күмәнін өршітеді. Ақ халаттыларға қатысты әр дау-жанжал өршіген сайын қазақстандықтар әлеуметтік желіде бұл саланы былық жайлағанын, тәртіптің жоқтығын жазып жатады. Бұл сын әділетті.
Денсауминнің тұжырымдауынша, қазіргі қолданыстағы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңы бойынша лицензияны мемлекет тек 2 жағдайда ғана кері қайтара алады: лицензиаттың өз еркімен өтініш беруі арқылы немесе тексеру нәтижесінде сот шешімімен. Басқаша айтқанда, ДСМ денсаулық сақтау жүйесінің үстінен қарайтын басты орган ретінде заң бұзушылардың лицензиясын жедел түрде әрі өз бетінше тоқтата алмайды, тосқауыл қою қиындатылған.
Бұл адал емес медициналық ұйымдардың және дәрігерлердің бетімен кетуіне соқтырған. Мысалы, қоғам белсенділерінің шағымдануынша, кейбірі «медициналық кітапша» сатады: содан үміткерлерді дәрігерлері тексермейді, барлық мөрді тек ресепшндегі қыз қойып береді.
Министрлік мәліметіне сәйкес, соңғы 3 жылда лицензиялардың небәрі 3%-ы ерікті түрде қайтарылған. Жауапкершілігін сезінгені, айыбын мойындағаны тым мардымсыз екенін осыдан байқауға болады. Бұл көрсеткіш жүйедегі тағы бір олқылықты паш етті: қызметін тоқтатқан ұйым құжатынан өздігінен бас тартпаса, ол тізілімде қала береді екен.
Министрлік реформаның тағы бір себебі ретінде мемлекеттік тапсырыс алу кезіндегі заңсыздық қаупін атады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде қызмет көрсететін медұйымдар лицензиялық талаптарға сай болуға тиіс. Бірақ ведомствоның мәліметінше, кейбір жеткізушілер мемлекеттік тапсырыс алғаннан кейін мекенжайын өзгертіп, бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына хабарламайтын көрінеді.
Салдарынан, жаңа ғимараты медициналық қызмет көрсетуге жарамсыз болуы, қажетті жабдықтар мен бейінді дәрігерлердің болмауы мүмкін. Мәселен, сырқаттар мекенжайына сай тіркелген емхананың басқа шағынауданға, қала шетіне көшіп кеткеніне немесе бейімделмеген өзге ғимаратқа, тіпті жертөлеге ауысып алғанына шағымданады екен. Болмаса, лицензия алу үшін барлық дәрігер тобын жалдаған ұйымдар аты судан өтіп алған соң оның көбісін жұмысынан шығарады.
Лайықты жағдай жасалмаған жерде ұсынылатын медкөмектің сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беру қиын. Сондықтан министрлік лицензия мерзімін шектеуді 3 міндетпен байланыстырады: тізілімде тұрған медұйымдардың мәліметін өзектілендіру, лицензия арқылы заңсыз пайда табуға жол бермеу және азаматтардың сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек алу құқығын қорғау. Реформа көркем есептегі мәлімет пен шынайы ахуал арасындағы алшақтықты қысқартуға тиіс.
Жаза емес, нәтиже маңызды
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері 2025 жылы лицензиялау немесе рұқсат беру тәртібін бұзғаны үшін 232 жеке және заңды тұлғаға жалпы сомасы 41 миллион 81 мың теңге айыппұл салды. Салыстырғанда, 2024 жылы 143 айыппұлдың сомасы 29 миллион 187 мың теңгені, 2023 жылы 81 айыппұлдың сомасы 17 миллион 922 мың теңгені құраған еді. Ендеше айыппұл саны да, оның жалпы сомасы да өскен.
Бұл мемлекеттік бақылау әшкерелей алған бұзушылықтардың аз емесін көрсетеді. Әйткенмен, көрсеткіштердің өсуі құқықбұзушылықтың дәл осынша артқанын білдірмейді: тексерудің ауқымы мен анықтаудың тиімділігі де нәтижеге әсер етеді. Сондықтан мәселенің шынайы ауқымын бағалау үшін жазалау статистикасымен қатар, бұзушылықтардың себептері мен қайталану жиілігі де маңызды.
Министрліктің дерегінше, нысанға бармай жүргізілген профилактикалық бақылау 2025 жылы 199 субъектіге қатысты ұйымдастырылды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 90 ғана болған. Тексерілген 199 субъектінің 137-сінде 384 бұзушылық анықталып, 248 ұсыным берілді. Оның 142-сі ғана орындалған. Бұл сандар талапты белгілеумен іс бітпейтінін аңғартады: бұзушылық анықталған соң оның түзетілуі де қатаң қадағалануы қажет.
Қалай болғанда, бақылау әділ жүргізіліп, талаптар барлық меншік нысанындағы ұйымдарға бірдей қолданылғанда ғана жаңа тәртіптің қоғамдық пайдасы айқындалады.
5 жылдық лицензиялауды енгізу тек 2028 жылдан басталады деп жоспарланған. Алдағы реформаның нәтижесі екі өлшеммен бағаланбақ: бір жағында – лицензияны қалқан еткен заңсыз схемалардың жолын кесу, екінші жағында – адал медициналық ұйымдардың жұмысын негізсіз қиындатпау. Тұтынушы мен мемлекет сапаға қатаң талап қоюға қақылы, ал медицина ұйымдары мен қызметкерлері сол талаптың әділ, айқын әрі орындалатын болуын күтуге құқылы.
Ақ халатты маманның лицензиясы бес жыл сайын жаңаруы мүмкін. Бірақ пациенттің сенімі әр бес жылда бір рет емес, әр қабылдауда, әр диагнозда, әр емдік шешімде нығая түссе құп! Лицензиялау мерзімі өзгергенімен, медицинаның басты өлшемі өзгермеуге тиіс: адам өмірі, кәсіби адалдық және қауіпсіз көмек басты орында болса игі. Реформа осы үш құндылықты қорғауға қызмет еткенде ғана ел игілігіне айналады.
Айхан ШӘРІП









