Ол мемлекеттің басты байлығы ретінде – адамды, ал ең жоғары құндылық ретінде – адам баласының қадір-қасиетін айқындады. Бағзы заманнан бері сөз қадірін түсініп, ар ісін жанынан артық балаған қазақтың бабалар жолы бүгінгі Ата заңымыздың рухымен үндесіп жатыр. Қазақстанның қазіргі даму белесінде ұлттық заңнамадағы ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау тетіктері қоғамдағы өзара сыйластықтың діңгегі, ұлттық бірліктің алтын тіні қызметін атқарады.
Ата заңдағы адами өлшем
Тәуелсіздік тұғырына қонған елімізде «Адам және оның қадір-қасиеті» ұғымы мемлекеттің басты бағдарына, мызғымас темірқазығына айналды. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп өмір сүрген текті халықтың ұрпағы үшін бұл қағида тіпті жат емес. Бүгінгі Конституция сол бағзы бабалар арманы мен заманауи әлемнің талабын ұштастырып, әрбір азаматтың ар-намысына кір келтірмеудің іргелі құқықтық қорғанын қалады.
Қоғамның көркеюі заңының қатаңдығымен емес, сол елдегі әрбір жеке тұлғаның ар-намысының құрметтелуімен өлшенеді. Адам баласының ар-ұжданын таптауды ең ауыр айып санаған қазақ дүниетанымы бүгінгі негізгі заңның басты баптарында толыққанды көрініс тапты. Заң мен ардың таразысы тең түскен жерде ғана тұлғаның ардақты есімі мен абыройы толық қорғалып, қоғамда құқықтық мәдениет қалыптасады.
Кез келген елде былайғы жұрт Конституцияны көбіне мемлекеттің құрылысын, билік тармақтарының аражігін, өкілеттік шекарасын белгілейтін құқықтық құжат ретінде қабылдап жатады. Сырттай қарағанда, оның тілі де «салқын»: бап, тармақ, өкілеттік, міндет, кепілдік… Бірақ сол ресми сөздердің ар жағында тірі адамның тағдыры тұр. 2026 жылғы 15 наурыздағы референдумда қабылданып, 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституциямыз – осының айқын айғағы. Оның 1-бабы Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырып, мемлекеттің ең жоғары құндылығы деп адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын бекітті. Ал 3-бапта адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мемлекеттің қызметін айқындайтын негізгі қағидаттардың бірі ретінде нықталды.
Мұнда мемлекет пен азамат арасындағы қатынастың бүкіл табиғатын әдіптейтін ой жатыр: халық мемлекет үшін жаралмаған, қайта мемлекет әрбір адам үшін құрылған. Мемлекет өзін халықтың үстінен қарайтын алып күш емес, әр азаматының құқығын қамтамасыз ететін бірегей институт ретінде таниды. Тиісінше Ата заңның шынайы өлшемі – бірінші кезекте мемлекеттік аппараттың қаншалықты пәрменді екенінде емес, оның әрбір адамның құқығы мен қадірін қаншалықты қорғай алатынында.
Әр бабында ар тұнған
Кез келген қоғамның өркениеттік деңгейі ең алдымен сол елдегі адамның құқығымен, оның ар-намысының және қадір-қасиетінің қорғалу деңгейімен өлшенеді. Қорғалмаған адам құл болады, жәндік құрлы құны болмайды. Мұны ата-бабамыз ежелден жақсы түсінген. Қазақ халқы үшін «ар» мен «ұят» ұғымдары еріккенде әңгімеге ермек ететін жай ғана моральдық категория емес, бүкіл бір ұлттың дүниетанымының, әділдік пен ар-ожданның темірқазығы болған. Есім ханның «Ескі жолында», Қасым ханның «Қасқа жолында», Әз-Тәуке ханның «Жеті жарғысында» ұлыс пен рудан бастап, қарапайым кісінің ар-намысына тиюді, қорлауды ауыр қылмыс санап, оның да өзіндік өтеуін талап еткені – осының айқын дәлелі. Бүгінде осы тереңнен тамыр тартқан қасиетті ұғымдар еліміздің Ата заңында жаңа заман талабына сай қатаң құқықтық кепілдікке айналды.
Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға арналған тікелей әрі толыққанды норма – Конституцияның 20-бабы. Оның бірінші тармағында: «Адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне қол сұғуға болмайды және олар заңмен қорғалады», – деп қадап айтылған. Екінші тармағында: «Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқа да қатыгездiк көрсетіп немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлап жәбiрлеуге не жазалауға болмайды», – деп анық жазылған.
Осы бір баптың астарында адамзаттың мыңжылдық арманы жатыр. Адамды қорлауға, ұруға, азаптауға, оның адамдық қасиетін таптауға ешкімнің, тіпті биліктің де құқығы жоқ. Бұл жерде Конституция адамға «сенің қадірің – сенің күшіңе, байлығыңа, қызметіңе, мәртебеңе байланысты емес» деп тұрғандай. Өйткені «Заң мен сот алдында бәрi тең» (16-бап). Әрбір адамның қадірі – оның адам болып дүниеге келгеннен-ақ туындайтын құндылық пен артықшылық.
Сарапшылардың түсіндіруінше, мұнда ар-намыс пен қадір-қасиет ұғымдары да бекер қатар қолданылмаған. Ар-намыс көбіне адамның қоғам алдындағы жақсы атымен, беделімен сабақтас болса, қадір-қасиет оның тұлға ретіндегі ішкі құндылығын білдіреді. Заңның ала жібінен аттағандар әлдебір адамға тіл тигізіп, абыройын ел алдында аяққа таптауы мүмкін. Немесе тағы бір адамға зорлық-зомбылық көрсетіп, жұрт көзінше қорлап, адами қасиетін төмендетуге тырысуы ықтимал. Конституция екеуін де қорғайды. Өйткені адамның жарақаты кейде денеде емес, жүректе қалады. Көрінбейтін жараның да ауыр салмағы бар.
Сондықтан 20-шы бап – құқықтық мемлекеттің мығым іргетасы, кез келген мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлға бұлжытпай орындауға тиіс басты конституциялық талап. Ол ар-намысты, қадір-қасиетті қорғауды басты мақсат етіп, азаматтардың қоғамдағы еркін әрі қауіпсіз тыныс-тіршілігіне кепілдік береді. Жалпы, жаңа Ата заңда өзге тілдерге дәл аударуға келе бермейтін терең мағыналы «ар-намыс» сөзі 4 рет, қадiр-қасиет ұғымы 6 рет кездеседі.
Тек бір баптың еншісі емес
Адамның қадірін қорғау 20-баппен басталып, сонымен аяқталмайды. Жаңа Конституцияның 15-бабы Қазақстанда адам құқықтары мен бостандықтары танылатыны және оларға кепiлдiк берiлетіні атап өтілген. Бұл құқықтардың әркімге тумысынан тиесілі екені, ажыратуға және айыруға болмайтын құқықтар екені де арнайы бекітілген. «Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының мазмұны мен қолданылуы осыған қарай айқындалады», – делінген Ата заңда.
Мұның мәні терең. Мемлекет әр адамға шақтап құқығын таратпайды, өйткені адамның негізгі құқықтары тумысынан бар. Мемлекет сол құқықтарды мойындайды әрі қалтқысыз қорғауға өз мойнына міндеттеме алды. Басқаша айтқанда, азаматтың қадір-қасиеті Президенттің, әкімнің, министрдің, полицейдің, соттың немесе кез келген лауазымды тұлғаның көңіл-күйіне тәуелді болмауға тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда 16-баптағы теңдік қағидасының да маңызы зор. «Қазақстан Республикасының азаматын, Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе уақытша жүрген шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсiтуге болмайды», – делінген ол бапта.
Заң алдындағы теңдік – қадір-қасиетті қорғаудың күнделікті, ең басты көрінісі. Біреуінің бай, біреуінің кедей болуы, бірінің – билікті шенеунік, екіншісінің – қарапайым еңбеккер екені олардың адами құқығының көлемін өзгертпеуге тиіс. Құзыры – әрбасқа болуы мүмкін, бірақ азамат ретіндегі құқығы бірдей.
Сөз бен ар арасындағы көпір
Қадір-қасиет сот төрелігіне келгенде, тіпті маңызды бола түседі. 18-бап жеке басқа қол сұқпауды және жеке бас бостандығын қамтамасыз етеді. «2. Сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды. Күзетпен ұстауға сот шешімімен ғана рұқсат етіледі және оған шағым жасау құқығы беріледі. 3. Әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негіздері және оның құқықтары түсіндіріледі. 4. Ұсталған адамның, күдіктінің, айыпталушының тиісінше ұсталған, күдікті ретінде танылған немесе айып тағылған сәттен бастап адвокат (қорғаушы) көмегiн пайдалануға құқығы бар», – дейді бұл бап.
Заңды күшіне енген сот үкімімен адам айыпты деп танылмайынша, ол кінәлі емес деп саналады. Бұл туралы 19-бапта айтылған. Ендеше, Конституцияның кінәсіздік презумпциясына қатысты нормалары адамның абыройын сот үкімі шыққанша қорғаудың маңызды тетігін түзеді. Бұл қағида бүгінгі арқыраған өзендей ағындаған ақпарат дәуірінде маңызды.
Себебі бір адам ерігіп не өшігіп ушықтырған күдік әлеуметтік желіде сот үкімінен бұрын-ақ тез тарап кетуі мүмкін. Бұрын қаралауға ұшыраған адамның «жаман аты» ауыл арасында қаңқу сөзбен кеулесе, енді бүкіл әлемге жайылып, миллиондаған адамға лезде жете алады. Сондықтан Конституцияның 23-бабы «Цензураға тыйым салынады» деп қатаң бекітеді. Сонымен бірге 4-ші тармағында: «Сөз еркіндігі және ақпарат тарату еркіндігі басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс», – деп белгілейді.
Олай болса, құқықтық өркениеттің, тегеурінді мемлекеттің міндеті – журналистерді жаппай қудалау немесе елдің «екі елі аузына төрт елі қақпақ қою» емес, адамның абыройын аяқ астында таптатпау. Үкімді сот шығаруы керек, көпшілікке тараған қауесет үкімді алмастырмауы керек.
«Сөздің де жаны бар» дейді қазақ даналығы. Шынында да, қасиетті қара сөз – жай ғана отыз екі тістің арасынан шыққан дыбыс немесе қағаздағы қара қаріп емес, ол – өзіндік тынысы, рухы мен құдіреті бар «жаратылыс». Жақсы сөз жанға шуақ құйып қанаттандырса, орынсыз айтылған ауыр сөз өткір қылыштан да терең жара салады. Кейде сұлатып түсірер сом жұдырықтан, теріні көгертер тоқпақтан гөрі, беймәлім біреудің әлеуметтік желідегі жалалы пікірі немесе жақыныңның жаралы сөзі адамды ішінен мүжіп, рухани күйзеліске ұшыратады.
Сондықтан да адамның ар-намысы мен абыройын қорғауды басты орынға қойған Ата заң сөз бостандығын қорғаумен қатар, қаңқу-қауесет пен бос сөздің жауапкершілігін де қатаң қадағалайды. Әйтпесе, әрбір айтылған ойдың артында нақты тағдыр, тірі адам тұр. Сөз қадірін түсінген қоғам ғана арды ардақтай алады. Тіліне ие бола алмаған жұрт түбінде жаны да жабырқау күйде қалары даусыз.
Жеке өмір – құпия мекен
Жаңа Конституцияның 21-бабы адамның жеке өміріне, отбасы құпиясына қол сұқпауға кепілдік береді. «Жеке өмірге қол сұғылмау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі», – деген норма тұңғыш рет енгізіліп отыр. Осы баппен әрбір қазақстандықтың банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтарының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, пошта хабарламаларының құпиясы заңмен қорғалады.
Бір кезде адамның жеке кеңістігі шаңырағының табалдырығымен шектелетін. Бүгінде оның шекарасы әлдеқайда кең: телефонында – фотосы, компьютерінде – жұмысы, электронды жүйелерде – жеке деректері сақтаулы. Демек, адамның қадір-қасиетін қорғау енді оның денесіне ғана емес, цифрлық болмысына да қол сұқпауды білдіреді. Адамның ешкімге көрсеткісі, естірткісі келмейтін сырларының жасырын мекені болады. Оның «кілті» өзінде. Конституция сол әлемнің есігін рұқсатсыз ашуға мемлекетке де, өзгеге де жол бермейтін құқықтық құлып орнатты.
Ар-намыс пен қадір-қасиет туралы сөз – түптеп келгенде, мемлекеттің өз абыройы туралы сөз. Себебі өз азаматын қорлаған мемлекет өркениетті мемлекет бола алмайды. Өзгенің қадір-қасиетін аяққа таптауға жол берген қоғамның Конституциясы қанша қалың болғанымен, құқықтық мәдениеті жұқа болып қалады. Қазақтың «ар сақтаған – ел сақтайды» деген түсінігі бүгінде жаңаша түледі. Адамның ар-ұжданы, абыройы қорғалған жерде ғана заңның салмағы бар. Адамның қадірі биік тұрған жерде ғана мемлекет мәртебелі, әлемдегі беделі биік болмақ.
Айхан ШӘРІП









