2023 жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру аясында еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен еңбек күші тапшы өңірлеріне 8 903 адам өз еркімен қоныс аударды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, қоныс аударушылардың 6 492 тұрғылықты халық болса, 2337 қандастар. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді.
Еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аудару мүмкіндігін пайдаланған қазақстандықтар өз өмірлеріндегі оң өзгерістерді атап өтті. Солардың бірі Құралай Масатбаева. Ол отбасымен 2021 жылы Астанадан Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласына көшіп келді.
Көшкеннен кейін отбасымызға 612 570 теңге сомасында көшуге материалдық көмек берілді, сондай-ақ бізге қаладан мемлекеттік жалға берілетін тұрғын үй берілді, – деді қоныс аударушы.
Құралай Масатбаеваның «Бастапқы әскери дайындық» мамандығы бойынша жоғары білімі бар. Өткен жылы 1 млн 380 мың теңге сомасына мемлекеттік грант алып, шағын кондитерлік дүкенін ашты.
Мен декреттік демалыста болған кезімде үйде өз ісімді ашуды, балалардың қасында болуды армандайтынмын. Тайынша ауданының жұмыспен қамту орталығына барып, қайтарымсыз грант туралы білдім. Қоныс аударушы болғандықтан қайтарымсыз грант берілетіндер санатына кіретінім туралы айтып, барлық сұрақтар бойынша кеңес берілді. Осындай мүмкіндікті бос жібермей, өзімнің бизнес-жоспарымды қорғап, мемлекеттен грант алдым, – деп бөлісті кәсіпкер келіншек.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық жоба аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:
Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.
Өткен жылы барлық қоныс аударғандардың ішінде 4 158 адам еңбекке жарамды, оның 3 079-ы тұрақты жұмысқа орналастырылған, 164 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысса, 35 адам бизнес ашу үшін гранттар алды.