Шымкентте 15 қазаннан бастап қоғамдық көліктердегі қолма-қол төлем түрі тоқтатылды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Тұрғындар төлемді тек электронды жолмен, атап айтқанда көлік картасы, СМС, банк карталары немесе QR код, Apple pay, Google Samsung pay арқылы жүзеге асыратын болады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасымен арнайы қаулы қабылданды.
Осыған дейін қолма-қол төлемді жүргізуші өзі іске асыратын болғандықтан, көлікті басқару кезінде келеңсіз жағдайлардың орын алу ықтималдығы жоғары болатын. Сәйкесінше, бұл жолаушылар мен жол қозғалысына қатысушы азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Қала берді екі жақтама бірқатар түсініспеушіліктер орын алатын. Мәселен, жыл басынан бері тап осы қоғамдық көліктерге қатысты түскен 6 мыңға жуық талап-арыздың үш мыңнан астамы жүргізушілерге қатысты орын алған. Сондай-ақ, жолаушыларды қолма-қол ақшамен төлеуге мәжбүрлеу, қасақана есіктерді ашпау сынды жайттар тіркелген.
Ендігі жүзеге асатын жүйе – көлеңкелі ақша айналымы, қоғамдық көлікердің бекітілген уақыттан кешігуі мен жол көлік оқиғалар көрсеткіші айтарлықтай төмендейді деп күтілуде. Айтқандай, Шымкентте жол ақысы қымбаттамайды. Халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартып, мегаполисті қарқынды дамыту бағытында кешенді жобалар әзірленуде. Бұл туралы қалалық мәслихат сессиясында айтылды. Сессияда 8 мәселе қаралды. Бәрі халық игілігі үшін жұмыс істейтін бастамалар. Мәслихат ең алдымен жол ақысын тұрақтандыру мәселесін бірауыздан қолдады. Сондай-ақ бюджет көлемін ұлғайту бойынша жұмыстарды мақұлдады. Мәслихат отырысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық даму үдерісі Президент Жолдауында айтылған бастамаларға сәйкес жүзеге асатынын ерекше атап өтті.