«Таза Қазақстан» акциясы аясында Астанадан 5 тоннадан аса қоқыс шығарылды

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Астанадан 5 тоннадан аса қоқыс шығарылды. Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы жалғасып жатыр. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында су қоймасын қоқыс пен қалдықтардан тазарту бойынша сенбілік өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Экологиялық акция Байқоңыр ауданында, Қоянды су қоймасының аумағында өтті, оған 100-ден астам адам қатысты.

Акция қоқысты жинаумен шектелмейді, сондай-ақ халықтың экомәдениеті мен мінез-құлқын қалыптастыруға, жаңа экологиялық әдеттерді сіңіруге мүмкіндік береді.Экоакция нәтижесінде аудан аумағынан 5 тонна қоқыс шығарылды. Тазалауға тиегіштер мен самосвалдар сынды 5 түрлі арнайы техника жұмылдырылды.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда.Ауқымды экоакция шеңберінде қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріздерін тазарту, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізілуде.Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп ұстау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды орнату жұмыстары жүргізілуде.