Соның бірі – кейінгі кездері егістіктен шығатын қашыртқы суын қайта пайдалану жайы да жиі сөз бола бастады. Бұл тәсіл Қызылордаға қаншалықты тиімді? Тың әдіс өңір үшін жаңа мүмкіндікке айнала ала ма?
Ежелден Сыр бойының тіршілігі суға тікелей тәуелді. Яғни Қызылорда облысының экономикасы мен әлеуметтік жағдайында суармалы егіншіліктің орны бөлек болса, егін шаруашылығының тұрақтылығы Сырдария суына байланысты болып келеді.
Кейінгі жылдары елімізде болған су тапшылығына байланысты күрделі жағдай күрішті өңірді де айналып өтпеді. Қуаңшылық кейбір аймақтардың егістік алқабын қуратып, шаруалардың ісін алға бастырмай қойды. Сыр диқандары талай сын сағатты бастап өткерді. Қиындықты еңсеру мақсатында көптеген тың тәсілді қолданысқа енгізуге бет бұра бастады. Суарудың бірнеше әдісін қолдануға көшті.
Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2026 жылғы вегетациялық кезеңде облысқа тұрақты суаруға 3,2 млрд текше метр су лимиті белгіленіпті. Бұл көлем 185,8 мың гектар алқаптағы ауыл шаруашылығы дақылдарын сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Оның ішінде аймақтың басты дақылы – күріштің биылғы көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға қысқарып, 70 мың гектармен шектелді. Оның орнына суды аз қажет ететін дақылдардың үлесін арттыру көзделіп отырғанын мәлімдеді. Бір сөзбен айтқанда, су тапшылығына жауап ретінде облыс егіс құрылымын өзгертуге мәжбүр болды. Мұның өзі жағдайдың қаншалықты күрделі екенін аңғартады.
Өйткені биыл облыс Сырдариядан былтырғыдан шамамен 700 млн текше метрге кем су алады. Демек, егістік көлемі аса қысқармағанымен, оған қажетті судың мөлшері қатаң бақылауда болуға тиіс екені өздігінен байқалып тұр.
Қиын кезеңді бастан кешкен сала мамандары су шаруашылығындағы бұрынғы қағиданы өзгертуге мән бере бастады. Осы тұрғыдан алғанда қашыртқы суға жаңа көзқарас қалыптасты.
«Биыл вегетациялық кезең басталғаннан бері Сырдария өзенінен каналдар арқылы 2,9 млрд текше метр су алынып, оның 2,4 млрд текше метрі егістікке жеткізілді. Су тапшылығы жағдайында суды көп қажет ететін күріш көлемі қысқартылып, оның орнына дәндік жүгері алқабы 5 есеге ұлғайып, 10 мың гектарға жеткізілді. Бұл – егін шаруашылығын әртараптандырумен қатар су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған маңызды қадам.
Су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Былтыр мұндай технологиялар 8,1 мың гектарда қолданылса, биыл көрсеткіш 14,2 мың гектарға дейін артты. Сонымен бірге лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізілетін күріш алқабы 60 мың гектардан 65 мың гектарға ұлғайтылды. Ал қашыртқы суларын қайта пайдалану мақсатында облыста 398 насос қондырғысы дайындалды.
Алдағы үш жылға егін шаруашылығын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізуге 34 млрд теңгеден астам мемлекеттік қолдау қарастырылған. Бұл қаражат шаруалардың заманауи технологияларға көшуіне және су ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Біздің негізгі мақсатымыз – әрбір текше метр судың тиімділігін арттырып, ауыл шаруашылығын су тапшылығы мен климаттық өзгерістер жағдайына бейімдеу», – дейді бұл жайында Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметінен.
Негізінен, су тапшылығын тек күріш көлемін қысқарту арқылы шешу жеткіліксіз. Оны уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Ал қашыртқы суын қайта пайдалану мәселесіне келсек, оны қалдық су ретінде емес, есесіне қайта пайдалану арқылы қуаңшылыққа аз да болса сеп болатын жолдарын қарау қажеттігі өздігінен сұранып тұр.
Жалпы, егістікке жіберілген су түгел өсімдікке жұмсалмайтыны белгілі. Оның бір бөлігі топыраққа сіңеді, қалған бөлігі буланып, артығы қашыртқы және коллекторлық жүйелер арқылы алқаптан шығарылады. Алайда қашыртқы суды ешқандай тексерусіз қайта егістікке жіберуге болмайды. Себебі оның құрамында топырақтан шайылған тұздар мен минералдар жиналу мүмкіндігі жоғары екені әлдеқашан дәлелденген.
Сондықтан су мамандары қашыртқы суды қайта пайдалану әдісін үш негізгі талап бойынша жүргізу қажеттігін алға тартады. Атап айтқанда, судың химиялық құрамын тұрақты зерттеу, топырақтың тұздану деңгейін бақылау және қашыртқы суды таза сумен араластыру немесе тиісті тазарту технологиясын қолдану арқылы кәдеге жарату қажет деген пікір бар.
Осы ретте Қызылорда облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрбек Дәуренбеков қазіргідей қуаңшылық жайлаған кезеңде қашыртқы суын қайта пайдалану әдісін тәжірибе жүзінде жүзеге асыру мақсатында облыста пилоттық жобаны іске қосу қажет деп есептейді. Яғни бірнеше ауданнан суармалы егіншілігі жақсы жолға қойылған шаруашылықтар таңдалып, олардың қашыртқы су жүйесіне зерттеу жүргізу қажет. Сол арқылы жоғарыда айтып өткен бірінші және екінші санат бойынша алдымен қашыртқы судың химиялық құрамын анықтау тиіс. Осыдан кейін тазартылған суды тәжірибелік алқаптарға беру арқылы нәтижесі бақылауға болады деген пікірде.
«Қазір су тапшылығы – Сыр өңірі үшін аса өзекті мәселенің бірі. Сондықтан қолда бар судың әр текше метрін тиімді пайдалануымыз қажет. Қашыртқы суды қайта пайдалану осы бағыттағы маңызды тетіктердің бірі деп ойлаймын. Әсіресе күріш алқаптарынан шығатын суды ысырап етпей, оның сапасын ғылыми тұрғыда зерттеп, тазарту және қайта айналымға қосу мәселесіне баса мән берген жөн.
Әрине, қашыртқы суды ешқандай тексерусіз егістікке қайта жіберуге болмайды. Оның құрамындағы тұз, минералдық және химиялық көрсеткіштері арнайы зертханалық сараптамадан өтуі керек. Егер судың сапасы талапқа сай болса, таза сумен араластыру, сүзгілеу немесе табиғи жолмен тазарту арқылы қайта пайдалануға болады. Бұл бір жағынан Сырдариядан алынатын судың көлемін азайтса, екінші жағынан шаруаларға су тапшылығы кезеңінде қосымша мүмкіндік береді.
Сондықтан бұл бағытта Қызылорда облысында арнайы пилоттық жобалар іске қосылып, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілгені дұрыс. Мемлекет тарапынан су тазарту қондырғыларын алуға субсидия немесе жеңілдетілген лизинг қарастырылса, шаруалардың да қызығушылығы артар еді. Су үнемдеу технологияларын енгізу – бүгінгі күннің ғана емес, болашақ ұрпақтың қамы ретінде қарастырылуы керек. «Судың да сұрауы бар» деген сөзді нақты іспен дәлелдейтін кезең келді», – дейді Қызылорда облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрбек Сағатұлы.
Әлемдік тәжірибеде суды қайта пайдалану тың жаңалық емес. Яғни су тапшылығы күшейген кезде қашыртқы суды қайта пайдалану әлемнің бірқатар суармалы егіншілігі дамыған елдерінде әлдеқашан қосымша су көзі ретінде қарастырылып келеді. Соның ішінде Мысырдың Ніл атырабы қашыртқы суды егістік алқапқа қайта пайдалану арқылы жоғары жетістіктерге жетіп отыр. Бұл тұрғыда ауыл шаруашылығы алқаптарынан шыққан қашыртқы су арнайы сорғы стансалары арқылы қайтадан суару арналарына көтеріліп, тұщы сумен араластырылады. Мысыр елі 1980 жылдардан бастап осы тәсілді мемлекеттік су саясатының бір бөлігіне айналдырған.
Ал еліміздің оңтүстігіндегі зерттеулер бұл әдістің әлеуеті зор екенін байқатады. Нақты айтқанда, Қызылорда облысына іргелес қоныстанған Түркістан облысының суармалы жүйелерінде жылына шамамен 1,2-1,5 текше шақырым коллекторлық-дренаждық су қалыптасатыны және оны суару мақсатында қайта пайдалануға болатыны зерттелген.
Өз кезегінде қашыртқы суды қайта пайдаланудың су тапшылығына үлкен сеп болатынын Сыр диқандары да жоққа шығармайды. Мұны су үнемдеудің бір тетігі ретінде қарастыруға болатынын алға тартады.
«Жалпы, су тапшылығы жағдайында қиындықтан шығудың бір ғана жолына байланып қалмай, қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың барлық тәсілін қарастыру қажет. Қазір шаруалар үшін әрбір текше метр судың өзі маңызды. Сондықтан қашыртқы суды қайта айналымға енгізу де – су үнемдеудің бір тетігі.
Әрине, қашыртқы суының құрамында тұз мөлшері мен қышқылдығы жоғары болуы мүмкін. Сол себепті оны тікелей пайдаланбай, таза сумен араластырып, қажетті деңгейге жеткізгеннен кейін егістікке қайта беруге болады. Бұл әдіс арқылы суды бірнеше мәрте пайдалануға мүмкіндік туады. Тіпті кей жағдайда қашыртқы суды арнайы алқаптарға жұқалап ұстап, кептіріп, құрамындағы тұздың мөлшерін төмендетіп, кейін қайта айналымға жіберу арқылы да дақылдарды сақтап қалуға болады. Яғни қазіргі жағдайда ысырап болып жатқан судың өзін қосымша ресурс ретінде қарастыруымыз керек.
Су тапшылығы тек биылғы жылдың мәселесі емес. Климаттың өзгеруі, ауа температурасының жоғарылауы, өзен суының азаюы алдағы уақытта да шаруаларға салмақ салуы мүмкін. Сондықтан бүгіннен бастап суды үнемдеу, қайта пайдалану және балама су көздерін іздеу бағытында нақты тәжірибелер жүргізу маңызды. Біз де осы мақсатта түрлі тәсілді қарастырып, шаруашылық жағдайында тиімді болатын жолдарын іздестіріп жатырмыз.
Осы орайда алдағы аптада Қытайға барып, жер астындағы тұзды суды жер бетіне шығару, оны арнайы жолмен буландыру және кәдеге жарату тәжірибесімен танысуды жоспарлап отырмын. Көрші ел мамандарының тәжірибесін зерделеп, қажет болса, осы бағытта жұмыс істейтін сарапшыларды тарту мәселесін де қарастырамыз. Егер бұл технология біздің өңірдің табиғи жағдайына бейімделетін болса, қуаңшылық кезеңінде қосымша су көзін қалыптастырумен қатар, жер астындағы тұзды судың құрамындағы пайдалы ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік берер еді.
Сондықтан су тапшылығынан қысылмай шығудың жолы – суды үнемдеумен ғана шектелмей, қолда бар судың әр түрін тиімді пайдалану, қайта айналымға жіберу және жаңа технологияларды тәжірибеге батыл енгізу керек. Қуаңшылық жағдайында осындай ізденістердің маңызы жоғары деп есептеймін», – дейді «Абай-Дәулет» ЖШС директорының орынбасары Марат Сәрсенбаев.
Қалай дегенде де Сыр өңірі күріштен бірден бас тарта алмайды. Өйткені ол Қызылорда облысының ауыл шаруашылығындағы негізгі экономикалық дақылдардың бірі саналады. Сондықтан мәселе күрішті азайтумен емес, оның әр гектарына жұмсалатын суды тиімді пайдалану әдісімен өлшенуге тиіс.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы










