Олжас Бектенов мүгедектігі бар жандарды қолдау бойынша оң тәжірибені кеңінен таратуды тапсырды

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мүгедектігі бар жандарды әлеуметтік қорғау шаралары қаралды. Тиісті министрлер мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру, медициналық көмек, оқыту және олар үшін кедергісіз орта құру мәселелері туралы баяндады. Сондай-ақ қоғамдық ұйымдар өкілдері, бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда барлығы 732 мың мүгедектігі бар адам тіркелген. Үкімет азаматтардың осы санатын қолдау және жайлы кедергісіз ортаны қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыруда. Мәселен, Әлеуметтік кодекс қабылданды, қазақстандық отбасылардың әл-ауқатына тұрақты мониторинг пен талдау жүргізуге мүмкіндік беретін Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Бұдан басқа, мүгедектікті ресімдеу тәртібі оңайлатылып, проактивті форматқа ауыстырылды, оны сырттай белгілеу енгізілді. Әлеуметтік қызметтер порталының жұмысы шеңберінде оңалту үшін қажетті техникалық құралдар мен рәсімдерді таңдау мүмкіндігі қолжетімді.

Премьер-министр мүгедектігі бар адамдарды мемлекеттің қолдау жүйесі үнемі жетілдіріліп отыратынын атап өтті. Өңірлерде оңалту орталықтары ашылуда. Өткен жылы Абай, Жамбыл және Түркістан облыстарында оңалту орталықтары ашылды. Батыс Қазақстан облысындағы орталық  жыл соңына дейін  пайдалануға беріледі. Ақтөбе облысының әкімдігіне оңалту орталығының құрылысын аяқтау үшін жұмыс қарқынын күшейту тапсырылды. Осындай орталықтарды Ақмола, Атырау, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында салу жоспарланып отыр.  

Инклюзивті қалалық ортаны қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктеріне инфрақұрылымның 45%-ы бейімделген. Олжас Бектенов нақты нәтижеге жету үшін көзбояушылықсыз осы бағытта сапалы жұмыс жүргізу маңызды екенін атап өтті. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мүгедектігі бар жандарға қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыру бағытында жоспарлы жұмыс жүріп жатыр. Объектілерді мүгедектігі бар адамдардың, қарттардың ыңғайына қарай бейімдеу жұмысын күшейту қажет. Бұл, әсіресе әлеуметтік объектілерге, дәріханаларға, азық-түлік дүкендері мен сауда орталықтарына қатысты. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне құрылыстың сапасы мен жауапкершілікті арттыру үшін қолданыстағы стандарттарды қайта қарауды тапсырамын. Нормалардың сақталуын бақылау қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы сондай-ақ инватакси енгізу арқылы мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау мәселесін шешуге баса назар аударды. Қазіргі уақытта республикада осындай 150-ге жуық қызмет жұмыс істейді. Әкімдіктердің алдына автомобильдер паркін ұлғайтуға жәрдемдесу міндеті қойылды.

Премьер-министр Еңбек министрлігіне әкімдіктермен және бизнеспен бірлесіп мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру мәселесіне ерекше назар аударуды тапсырды. Қолайлы бос жұмыс орындарын іздеудің ыңғайлылығы үшін арнайы электрондық еңбек биржасы құрылды – мемлекет жұмыс орындарын субсидиялайды. Бұл ретте мүгедектігі бар еңбекке қабілетті адамдардың жалпы санының шамамен 39%-ы жұмыс табады.

Денсаулық сақтау министрлігі мүгедектіктің алдын алу үшін ауруды ерте диагностикалау және ерте араласу жөніндегі жұмысты сапалы жақсартуы қажет. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін педагогтарды даярлауды күшейту маңызды – тиісті міндет оқу-ағарту және ғылым министрліктерінің алдына қойылды.

Үкімет басшысы үйде мүгедектігі бар балаларды үздіксіз оңалту үшін инновациялық техникалық құралдарды іріктеу бойынша бірқатар өңірдің тәжірибесін кеңейтуді тапсырды. Қазіргі уақытта мұндай қызмет Павлодар, Қызылорда, Абай облыстарында және Шымкент қаласында қолжетімді. Сонымен қатар еліміздің 14 университетінде әлеуметтік қызметкерлерді даярлау жұмысы жүргізілуде.

Медициналық-әлеуметтік сараптаманың сапасын одан әрі арттыру мақсатында денсаулық сақтау мен еңбектің ақпараттық жүйелерін толық интеграциялау қажеттілігі атап өтілді. Осыған байланысты бейінді министрліктерге осы жылдың соңына дейін жұмысты аяқтау тапсырылды.

Жалпы, 2024 жылдың басынан бастап мемлекеттік органдарға мүгедектігі бар адамдардан 16 мыңнан астам өтініш түсті.  Олжас Бектенов түйткілді мәселелерді шешуде жеке көзқарас қажет екенін, әлеуметтік қызметтердің өз жұмысын жандандыруы маңызды екенін атап өтті.

«Әлеуметтік саясаттың жаңа стандарттарын жасау мен ілгерілету жұмысын жалғастыру қажет. Инновациялық технологияларды әзірлеу және оларды әлеуметтік қамсыздандыру мен қорғау жүйесіне енгізу – өте өзекті мәселе.  Оның барлығы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан Инклюзивті саясат жөніндегі тұжырымдамада көрініс табуға тиіс. Бұл құжат желтоқсан айында қабылдануы керек. Сондықтан Еңбек министрлігі тұжырымдама жобасын Үкіметке 15 қарашаға қарай енгізуі қажет. Жалпы, мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының тұрақты бақылауында болуы тиіс», —  деп атап өтті Олжас Бектенов.