Олжас Бектенов жедел желі жұмысын тоқтатпай, жергілікті халықтың қалпына келтіруге қатысты сұрақтарына ден қоюды тапсырды

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су тасқыны салдарын жою жұмыстарын аяқтау мәселесі қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс, төтенше жағдайлар, көлік, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, оқу-ағарту министрліктерінің басшылары халықты қолдау шаралары мен қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы баяндады. Сонымен қатар Атырау, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет отырысында Олжас Бектенов еліміздің 12 өңірі зардап шеккен биылғы су тасқынының ауқымын атап өтті. 

«Жағдайды Мемлекет басшысы өзінің жеке бақылауында ұстап отыр. Апатпен күресуге қолдағы барлық ресурстар мен күштер жұмылдырылды. Мемлекеттік органдардың, ірі бизнес өкілдерінің, белсенді азаматтар мен еріктілердің бірлескен күш-жігерінің арқасында ауқымды жұмыс жүргізілді. Зардап шеккендерге қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Адамдар уақытша баспанамен, тамақпен және күнделікті өмірге қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Бүкіл халық болып Мемлекет басшысының үндеуіне құлақ асып, су басқан өңірлерге қол ұшын созды. Зардап шеккен отбысылар біржолғы төлем алды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Келтірілген залалды бағалау жұмыстарынан соң қираған немесе бүлінген мүлік үшін өтемақы төленді.

Сонымен қатар отбасыларға 9 мыңнан астам үйді жөндеуге қаражат төленіп, нарықтан 6 мыңға жуық пәтер мен үй сатып алынды. Бүгінгі таңда 2 576 үй салынды, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарындағы 104 нысанда жұмыстар бітуге жақын. Премьер-Министр жаңа тұрғын үйлерді тез арада аяқтап, баспаналарды тұрғындарға тапсыру қажеттігіне назар аударды.

«Қиын-қыстау кездегі адамдардың эмоцияларын түсінеміз. Кейбір тұрғындар тарапынан өтемақы сомасына, шығынды анықтау, баспана таңдау және жөндеу жұмыстарына қатысты сұрақтар туындады. Әр проблеманы жеке алып қарауға тырыстық. Қабылданып жатқан шаралар зардап шеккен әр отбасының пікірін барынша ескере отырып, іске асырылуда. Бүгінде, кейбір азаматтарда сұрақтар мен проблемалар болуы мүмкін. Сондықтан әкімдіктерге жедел желі жұмысын тоқтатпай, жергілікті халықтың сұрақтарын шұғыл қарап, шешуді тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет отырысында Премьер-Министр су тасқыны салдарын жоюда көмек көрсеткен белсенді азаматтардың барлығына алғысын білдірді. Гидротехникалық құрылыстар мен инфрақұрылымды уақтылы дайындауды қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді, бұл – өңір әкімдіктері мен мүдделі министрліктердің аса маңызды міндеті. 

«Жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, гидротехникалық құрылыстар мен инфрақұрылымды алдағы көктемге уақтылы дайындауды қамтамасыз ету маңызды. Бөгеттер, бөгеттер мен тоғандар және басқа да нысандар қазіргі талаптарға сай болуы тиіс. Бұл – өңір әкімдіктері мен мүдделі министрліктердің аса маңызды міндеті. Жалпы, су тасқыны салдарын жою кезінде барлық негізгі міндеттер орындалғанын атап өткім келеді. Бұл ешкімге де оңай тиген жоқ. Тиісті қорытынды шығарып, алдағы уақытқа алдын алу шараларын айқындадық. Біздің мақсатымыз – табиғи апаттар мен катаклизмдерден келетін шығынды барынша азайтып, оған қарсы тұрудың тиімді жүйесін құру», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Мәселені қарау нәтижесінде Премьер-Министр министрлер кабинетіне бірқатар тапсырма берді

Өңір әкімдіктері мен мүдделі мемлекеттік органдар инженерлік және көлік инфрақұрылымын, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын толығымен аяқтауға тиіс.

Су ресурстары министрлігі облыс әкімдерімен бірлесіп, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мен салуды белгіленген мерзімде аяқтасын.

Цифрлық даму министрлігі 2025 жылғы ақпан айының соңына дейін министрліктер мен әкімдіктердегі мамандарды оқыта отырып, «Су тасқындарын болжау және модельдеу» ақпараттық жүйесін ендіруді қамтамасыз етуге тиіс.

Төтенше жағдайлар және Экология министрліктері 2025 жылғы 20 қаңтарға дейін осы жүйені қажетті деректермен толықтыруды қамтамасыз етсін.

Өңір әкімдері биыл күздің соңына дейін елді мекендер айналасында топырақ үю, құбырлар мен арықтарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды тексеру және су жіберу каналдарын дайындау жұмыстарын жүргізу қажет.