ЖИ қолдану жиіледі: Цифрландырудан – ақылды өңірге дейін

Өңірде цифрлық трансформацияның нақты картасы жасалып, «Ақылды қалаларды» дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған стратегиясы әзірленді. Ендігі міндет – цифрлық шешімдерді жекелеген жобалар деңгейінен өңірдің экономикасы, қауіпсіздігі, білімі мен мемлекеттік басқаруына кеңінен енгізу.

Технологиялық өзгеріс ең алдымен адамның күнделікті өміріне әсер ететін салалардан басталады. Жол қауіпсіздігі, туристік аймақтардағы тәртіп, мемлекеттік қызмет көрсету, білім беру, қалалық инфра­құрылым – осы бағыттардың әрқайсысында цифрлық шешімдер қолданысқа еніп жатыр.

Абай облысы Цифрландыру жылын GovTech саласындағы жобаларға қолдау көрсетуден бастады. Семей қаласы әкімінің грантын ұйымдастыру аясында инновация­лық жобаларға жалпы жүлде қоры 30 млн теңгені құрады. Бұл бастама мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың нақты мәселелерін цифрлық технологиялар арқылы шешуге бағытталған жобаларға жаңа мүмкіндік берді. Ал жергілікті атқарушы органдарда жасанды интеллектіні жүйелі түрде қолдануды жеделдету үшін ведом­ствоаралық жұмыс тобы қалыптастырылуда. Оның негізгі міндеті – ЖИ шешімдерін әкімдіктер мен басқармалардың күнделікті қызметіне енгізу.

Өңірдің цифрлық болашағы екі негізгі құжатта айқындалған. Оның бірі – Абай облысы әкімдігінің цифрлық трансформация картасы болса, екіншісі – Абай облысының ақылды қалаларын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған стратегиясы. Бұл құжат­тар цифрлық инфрақұрылымды дамытудан бастап, жасанды интеллектіні басқару жүйелеріне енгізуге дейінгі ауқымды мін­деттерді қамтиды.

Цифрлық технологиялардың ең маңызды бағыттарының бірі – қоғамдық қауіпсіздік. Биылғы шомылу маусымында Алакөл жағалауында оның нақты мысалы көрінді. Мақаншы ауданындағы көл жағалауына 224 интеллектуалды бейнекамера орна­тылып, пайдалануға берілді. Жағажай секторлары, серуендеу орындары, авто­тұрақтар мен адам көп шоғырланатын аумақтар тәулік бойы бақылауға алынды. Жүйенің ерекше­ліг­і – камералардың жай ғана бейне түсіріп қоймай, белгілі бір жағдайларды автоматты түрде анықтай алуында. Мәселен, азамат қауіпсіз аймақтан шығып, рұқсат етілмеген акваторияға өткен жағдайда жасанды интеллект негі­зіндегі дауыс зорайтқыштар арқылы авто­матты ескерту беріледі.

Облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы­н­ың айтуынша, жүйенің мүмкіндігі мұны­мен шектелмейді.

«Тепловизионный камералар дейміз ғой, адамның температурасымен барлығын анықтайтын. Сол жердегі қауіпсіздікті бізге қадағалауға зор мүмкіндік берді. Адамның бет-әлпеті арқылы тану функциясы қосылған. Ол жерде жасанды инттелект. Біз әлі де оқытып жатырмыз», – дейді Абзал Серікұлы.

Бұл – «Қауіпсіз қала» жобасының өңір­дегі нақты бағыттарының бірі. 2025 жылғы 23 маусымдағы Президенттің жедел басқару орталықтарын құру және оларды кезең-кезеңімен іске қосу жөніндегі хаттамалық тапсырмасына сәйкес, облыс аудандарында орталықтарды қосу және бейнебақылау жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Келесі кезеңде оларды талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамтамасыз ету көзделген.

Семей қаласының өзінде 1 931 бейне­камера орнатылған. Сонымен қатар қаланың архитектуралық жоспарына цифрлық және байланыс инфрақұрылымының схемаларын енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Яғни бейнебақылау енді тек оқиғаны тіркейтін құрал емес, қауіптің алдын алуға мүмкіндік беретін цифрлық жүйеге айналып келеді.

Жасанды интеллектінің мүмкіндігі жол саласында да сыналып жатыр. Бұған дейін жолдың сапасын бағалау, ақауды анықтау, зертханалық сараптама жасау көп жағдайда адамның еңбегіне тәуелді болса, қазір бұл процестердің бір бөлігі цифрлық жүйелерге көшуде. Өңірде енгізіліп жатқан E-joldar платформасында жолдардың жағдайы, құрылыс пен жөндеу жұмыстары, пай­даланылатын материалдар, зертханалық тексерістер және мердігерлер туралы ақпарат бір жерге жинақталған.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» зертханаларында облыс жолда­рында қолданылатын материалдарға сарап­тама жасауға да жасанды интеллект эле­мент­тері енгізілуде. Бұл жұмыстың тиімділігін «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалының директоры Мейіржан Бауыр­жанұлы нақты мысалмен түсіндіреді.

«Камеральный контроль, өңдеу жұмысы 4 күнді бұрын алатын болса, қазір ол 4 са­ғатқа дейін қысқарған. Яғни сегіз есе арты­­ғымен жұмыс істейді. Жөндеу түрлерін жасанды интеллект көмегімен таңдай аламыз. Жылжымалы жол зертханамыз артындағы камералары арқылы жолдың ақауларын өзі таниды», – дейді Мейіржан Бауыржанұлы.

Бұл жерде технологияның басты артық­шылығы – адамның орнын толық басу емес, маманның уақытын үнемдеп, шешім қабылдау сапасын арттыру. Жолдың ақауын ертерек анықтау, жөндеу түрін таңдау, зертханалық мәліметтерді өңдеу секілді жұмыстардың жылдамдауы бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына да әсер етуі мүмкін.

Цифрландырудың келесі бағыты – цифрлық кәсіпкерлік.

Облыстық басқарма Astana Innovations тәжірибесін үлгі етіп, өңірлік стартаптар­ды мемлекеттік және квазимемлекеттік секторға жүйелі түрде енгізуге кірісті. Қазір облыста алты стартап жоба іске асырылуда. Олар – eNote, Jidek.kz, Erikti, SanEduPortal, Fcelimai.kz және Abai Travel.

Олардың қатарындағы Erikti стартапы биыл тамыз айында Абай облысы әкімдігінен 1 млн теңге көлемінде грант иеленді. Сонымен бірге бірқатар пилоттық жоба бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Олардың арасында Семейдің цифрлық егізін құруға бағытталған iKingtec, өрт қаупін автономды бақылауға арналған SpaceLab, жасанды интеллект негізіндегі болжамды аналитика ұсынатын Yessen & Company, Семейдің бас жоспарына байланыс схемасын енгізуге бағытталған Smart City жобасы және қалалық бағдаршамдарды смарт-жүйеге көшіруді көздейтін «Yandex бағдаршамдар» жобасы бар. Бұл бастамалардың ортақ мақсаты – технологияны сырттан дайын күйінде күт­пей, өңірдің өзінде пайда болған идея­ларды нақты мәселелерді шешуге пайдалану.

Технология дамыған сайын оған бейім­делетін маман да қажет. Осы себепті Абай облысында цифрлық дағдылар мен жасанды интеллект саласындағы адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

edu.astanahub.com платформасында 3 341 мемлекеттік қызметші оқу мен қо­рытынды тестілеуді сәтті аяқтаған. 2026 жылы Astana Hub автономды кластерлік қорының өңірлік филиалы – Semey Hub құрылды. Бүгінде облыста адам капиталын дамыту бағытында Abai IT-Valley және Semey Hub атты екі технологиялық кластер жұмыс істейді. Ал Семейде өңірдегі алғашқы жасанды интеллект мектебі – Tomorrow School Semey ашылды. Жобаның 2026 жылға арналған бюджеті 146 млн теңгені құрайды. Мектепке 230 өтінім түсіп, оның 85-і бірінші лекке қабылданды. Үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар 18 айлық негізгі бағдарламада тегін білім алып, 50-ден астам практикалық жоба әзірлейді. Оқу ағылшын тілінде, peer-to-peer әдістемесімен жүргізіледі. Мектептің тәулік бойы жұмыс істеуі де цифрлық білім алудың жаңа форматын қалыптастыруға бағытталған. ЖИ мектебінің оқытушысы Мақсат Жетенбаевтың ай­туынша, мұнда тек IT мамандары емес, түрлі кәсіп иелері білім алады.

«Ең бастысы, бұл жерде жасанды интел­лектіні қолдауды үйретеміз. Мұғалімдер, дә­рігер, музыкант, кәсіпкер. Әр саланың ма­мандары келіп жатыр. Қазір 50 адам ірік­теліп алынған. Қызығушылық өте жо­ғары. Кәсібін дамытуға, білімін тиімді пай­далану­ға, уақыт үнемдеп, табысын арт­тыруға бағыттаймыз», – дейді Мақсат Жетенбаев.

Бұл сөздің астарында цифрлық транс­формацияның негізгі қағидаларының бірі жатыр. Жасанды интеллектіні енгізу үшін тек технологияның өзі жеткіліксіз. Оны пайдалана алатын адам керек.

Цифрлық қызметтердің қолжетімді болуы үшін ең алдымен инфрақұрылым қажет. Осы бағытта облыстағы 178 шалғай елді мекенге жоғары жылдамдықтағы байланыс желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде.

Бұл әсіресе ауыл тұрғындары үшін ма­ңызды. Өйткені электронды мемлекеттік қызметтерден бастап, қашықтан білім алуға, кәсіп жүргізуге және цифрлық медицина мүмкіндіктерін пайдалануға дейінгі көптеген қызмет тұрақты интернет­ке тәуелді. Демек, цифрлық теңсіздікті қысқарту – өңірдегі цифрлық трансформа­цияның негізгі шарттарының бірі.

Алдағы жылдары цифрлық өзгерістің ең ірі алаңы Семей қаласы болмақ. Қала орталығынан 70 мың тұрғынға арналған заманауи қалашықтың құрылысы басталды. Жоба аясында Семей-Smart City цифрландыру мен жасанды интеллект жан-жақты енгізілген әкімшілік-іскерлік орталыққа айналуды көздейді. Бұл – «ақылды қала» ұғымын камералар мен датчиктер жиынтығынан әлдеқайда кең түсінуге мүмкіндік береді. Мұнда көлік қозғалысы, инженерлік инфрақұрылым, қауіпсіздік, байланыс, мемлекеттік басқару және тұрғындарға көрсетілетін қызметтің барлығы өзара байланысқан цифрлық ортаға бірігуі тиіс. Семейдің цифрлық егізін құру, смарт-бағдаршамдар енгізу, қаланың бас жоспарына цифрлық және байланыс инфрақұрылымын кіріктіру секілді жобалар да осы үлкен мақсаттың құрамдас бөлігі.

Абай облысындағы цифрландыру жұмыстарына көз салсақ, бір нәрсе анық байқалады: жасанды интеллект бір ғана саламен шектеліп отырған жоқ.

Ол Алакөлдегі туристің қауіпсіздігін бақылауға, жолдың ақауын анықтауға, мемлекеттік қызметшінің жұмысын жеңілдетуге, кәсіпкердің жобасын дамытуға, мұғалім мен дәрігердің уақытын үнемдеуге, қаланың болашақ инфрақұрылымын жоспарлауға қолданылып жатыр. Өңірде цифрландыру жылын өткізу, GovTech жобаларына 30 млн теңге бөлу, ведомствоаралық жұмыс тобын құру, цифрлық трансформация картасы мен «Ақылды қалаларды дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған стратегиясын» әзірлеу – осы өзгерістерді жүйеге келтіруге бағытталған қадамдар.

Бірақ цифрлық трансформацияның нәтижесі технологияның санына емес, оның нақты мәселелерді қаншалықты тиімді шешетініне байланысты.

Абай облысы үшін алдағы міндет – жекелеген цифрлық жобаларды біртұтас экожүйеге біріктіру. Қауіпсіз қала, ақылды жол, цифрлық мемлекеттік басқару, тех­нологиялық кәсіпкерлік, заманауи білім және қолжетімді интернет өзара сабақтас­қанда ғана цифрлық трансформация өңір тұрғындарының күнделікті өміріндегі нақты өзгеріске айналады.

Бүгін Алакөлде қауіпсіздікке жауап беретін камера ертең ақылды қаланың бір элементі болуы мүмкін. Бүгін жолдың ақауын таныған алгоритм ертең инфра­құ­рылымды жоспарлауға көмектеседі. Ал бүгін ЖИ-ді үйреніп жүрген мұғалім, дәрігер немесе кәсіпкер ертең осы технологияны өз саласының қалыпты құралына айнал­дырады. Абай облысының цифрлық жаң­ғыруының мәні де осында: технологияны енгізу емес, технология арқылы өңірдің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыру.

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,

Абай облысы