Өңір әлеуетін арттырған бағдарлама

Өңірдің электр желісі шаруа­шы­лығы – ауқымды жүйе. «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ның балан­сында шамамен 21 мың шақырым электр желісі мен 158 қосалқы стан­са бар. Нысандардың бір бөлігі ондаған жыл бойы пайдаланы­лып келеді, сондықтан жаңарту жұ­мыстары кезең-кезеңімен жүр­гізілуге тиіс. Осы мақсаттарға ком­панияның инвестициялық бағ­дар­­ламасы жасақталған. Оның бес­жыл­дық кезеңге арналған жалпы көлемі 3,7 млрд теңгеден асады. 2026 жылға 640,6 млн теңге қарас­тырылса, қазірге дейін шамамен 338,4 млн теңгесі игерілді.

– Қаражаттың негізгі бөлігі әуе және кабель желілерін реконструк­циялауға, қосалқы стансаларды жаң­ғыртуға, тіректер мен жаб­дық­тарды ауыстыруға бағытталды. Инвестициялық бағдарламаның бекітілген іс-шаралары электр беру желілерін жаңғыртуға және олар­дың тозу деңгейін төмендетуге ба­ғытталған, – деді Табиғи монопо­лия­ларды реттеу комитетінің Ба­тыс Қазақстан облысы бойынша де­партаменті басшысының мін­детін атқарушы Сержан Жаман­құлов.

Биыл жұмыстардың ең үлкен көлемі 10-0,4 кВ кернеулі желілерге тиесілі. 49 шақырымға жуық желіні реконструкциялау жоспарланған, оған 437,7 млн теңге бағытталады. Тағы шамамен 39 млн теңге қо­салқы стансаларды жаңғыртуға қарастырылған. Кернеуі 35 және 110 кВ желілерде құны 89 млн теңгеге жуық 116 аралық және анкерлік тірек ауыстырылады. Өлшеу жабдықтары да жаңарты­лып, электр энергиясын коммер­ция­лық есепке алудың автомат­тан­дырылған жүйесі енгізілген.

– Бағдарламаның негізгі міндетінің бірі – тозған жабдықтар­ды жаңарту және электр желілерін­дегі апаттарды азайту. Сондай-ақ электр энергиясының техникалық шығындары мен жөндеу және пайдалану шығындарын қысқар­ту, – деп түсіндірді «Батыс Қа­зақстан АЭК» ЖШС өндірістік-техникалық қызметінің бастығы Алтынбек Кенжеғалиев.

Тағы бір бағыт – технологиялық байланыс. Радиорелейлік станса орнатуға 49,24 млн теңге қарасты­рылған. Жабдық қазірдің өзінде орнатылып үлгеріпті. Мысалы, Үл­кен Шаған ауылында жергілікті электр желілері 1976 жылы пайда­лануға берілген, ал тозу деңгейі 92 пайызға жеткен. Инвестициялық бағ­дарлама аясында мұнда әуе же­лі­лерінің тіректері ауысты­рылды. Ескі конструкциялардың орнына 621 жаңа темірбетон тірек орнатылды.

Шағын елді мекендер үшін желілердің жай-күйі аса маңызды. Бір аумақтың зақымдануы бірнеше көшен мен әлеуметтік нысандарды жарықсыз қалдырады. Үлкен Ша­ғандағы жұмыстар – ауқымды бағдарламаның бір бөлігі.

Әйтсе де, электр желілерін жаңғырту ескірген жабдықтарды ауыстыра салу емес. Бүкіл жүйені тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін техникалық база қалып­тастыру керек. Ол жүйелі жұмыс пен инвестицияны талап етеді. Ал желісі өте ұзын өңір үшін бұл – кезең-кезеңімен атқарылатын іс.

Нәтижесінде, өңірде заманауи әрі тұрақты электрмен жабдықтау жүйесі қалыптасады. Жаңғыртыл­ған әрбір шақырым желі, орнатыл­ған әрбір тіректің артында нақты тұтынушы, яғни халық тұр. Олар үшін электр энергиясының тұрақ­ты жеткізілуі маңызды бола бермек.

Аида ҒАЛИЕВА,

Батыс Қазақстан облысы